«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҒАЗСЫЗ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Биыл елімізде Ұлттық халық санағы жүргізіледі. Техникалық жағдайларға байланысты бір жыл кешігіп атқарылғалы отырған ауқымды іс-шара 2009 жылғы кемшіліктерді қайталамайды. Сондай-ақ, санақты қағазсыз жүргізу қарастырылған.

Халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында өтетін дайындық кезеңінде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ, ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында əрбір елді мекенді аралап шығады. Яғни, бұл кезде санақтық аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Ал санақтық аудандастыру дегеніміз – өңірдегі əрбір елді мекеннің аумағын санақтан өткізу үшін нұсқаушылық жəне есептік учаскелерге бөлу.
Санақтың негізгі кезеңі қазан айының 1-і мен 30-ы аралығына жоспарланған. Алғашқы 15 күнде интернет-сауалнама жүргізіледі. 2009 жылы Ұлттық халық санағы кезінде болған қателіктер ескерілмек. Биылғы санақ барлық талаптарға сай өтпек. Бірінші ерекшелік, қағазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Екінші ерекшелік, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам “sanaq.gov.kz” арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра алады. Бұл өте ыңғайлы. Қазір интервьюерлердің қауіпсіздігі үшін тиісті билік органдарымен жұмыс жүргізілуде. Кейбір аудандарды интервьюерлер учаскелік полициялармен бірге аралайды.
Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сəйкестендіру үшін адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Тікелей халық санағын өткізу кезеңінде уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адам жұмысқа тартылатын болады. Санақ жүргізетін азаматтарға қойылатын талаптар: бастамашыл, жауапты, тез тіл табысқыш 18 жастан асқан Қазақстан азаматы болуы керек. Жұмыс өтілі мен кəсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек. 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне 75743 теңге, негізгі кезең интервьюерлеріне 94678 теңге төлеу жоспарланған. Ал 45 күн қызмет еткен дайындық жəне негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына 113 614 теңге ақы төленбек. 2018 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық халық санағына дайындық жəне өткізу үшін бюджеттен 8 млрд. 211 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бюджеттің негізгі бөлігі – 3 млрд. 7 млн. теңге интервьюерлердің еңбегіне төленеді. Онлайн ресурс пен ақпараттық жүйеге де қаржы жұмсалған. Одан кейін əрбір облыс орталықтарында санақ жүргізу бөлімдері ашылған. Ауданда, ауылдарда санақ жүргізу үшін көлік жалданатын болады. Шамамен, 1 млрд. теңгеге планшеттер, сумкалар, шарфтар сатып алуға жұмсалмақ. Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куəлік, сөмке, шарф болады.

Майгүл СҰЛТАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp