«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАҺАРМАНДАР” ҚОРЫ ИГІ ІСТЕРГЕ БАСТАМАШЫ БОЛМАҚ

Үстіміздегі жылы Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтауға үлес қосу мен олардың есімдерін мәңгі есте сақтау мақсатын көздейтін «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры құрылып, оның тұсаукесері мамыр айында Астана қаласында өткен болатын. Бұл қоғамдық қордың президенті – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты, белгілі заңгер, қоғам қайраткері, жерлесіміз Сабыр Қасымов. Оның мүшелері қатарында еліміздің белгілі тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар бар. Бүгіндері осы қордың өңірлерде жергілікті филиалдары ашылып жатыр.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің конференц-залында «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов жергілікті зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, жоғары оқу орны оқытушыларының қатысуымен өткен «дөңгелек үстелге» қатысты. Іс-шараны ашқан СҚМУ-дің тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сабыр Ыбыраев жиналғандарға астаналық мейманның біздің өңірімізге сапарының мақсатын айтып берді.

– Өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізген барлық мемлекеттер халқының азаттығы мен бостандығы жолында қан мен терін төккен, бірақ ұзақ жылдар отарлық саясат есімдерін атауға тыйым салған ерлерінің тағдыры, жасаған ерлігі туралы арнайы шешім қабылдап, олардың лайықтыларын, тіпті, ұлттық батыр деңгейіне көтеріп жатыр. Бұл – ұлттық сананың, патриоттық сезімнің, жасампаз үлгінің өрістеуіне кең жол ашатын маңызды міндет. Осының өзі тарихи ақиқат пен әділдікті қалпына келтіру болып саналады. Ал отарлаушылар жазған тарихтың бәрі әрқашан да әділетсіз, өздерінің зорлық-зомбылықтарын ақтаған, шынайы тарихты өз ыңғайына бұрмалап жазылғандығы бел­гілі. Соның ішінде азат­тық үшін күрескендерді қыл­мыскерлер қатарына жат­қызып, ал олардың күресін талқандаған қанды жорық­тарын ерлікке балап жазған жайлар жиі кездеседі. Сон­дықтан тәуелсіздік алған жас мемлекеттер өздерінің ұлттық азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ерлерін ақтауды өздерінің борышы мен міндеті санайды. Мен бұл мәселемен отыз бес жылдан бері айналысып жүрмін, осы кезеңде біраз тәжірибе жинадым. Парламентте депутаттық комиссияны басқардым, – деді Сабыр Ахметжанұлы.

Содан кейін қордың президенті бұл қоғамдық құрылымның дүниеге келуіне себеп болған бірнеше факторға тоқталды. Соның бірі – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, атына қара күйе жағылған, жазықсыз атылған халқымыздың аяулы тұлғаларына қатысты бірде-бір мемлекеттік актінің қабылданбауы. Елінің еркіндігі үшін қан төккен батырлар мен қайраткерлерге арналып өткізіліп жатқан сирек іс-шаралармен, көшелерге олардың есімдерін берумен, ескерткіш орнатумен іс бітпейді. Тіпті, бірлі-жарым жазылған кітаптар мен аздаған деректі, көркем фильмдер де осындай ардақты азаматтарды насихаттаудың міңдетін өтей алмайды. Қор президентінің айтуынша, бұлардың барлығы көбінесе бірреттік сипатқа ие, жалпылама тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ, атаулы даталарға арналған және салтанатты іс-шаралар, мерейтойлар форматында болады. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, қандай да бір тұлғаның ұрпақтарының табандылық танытқан бастамасымен өткізіледі.

Арнайы мемлекеттік акт қабылданбағандықтан, жергілікті билік органдары атаусыз қалып жатқан батырлар мен ерлердің есімін жаңғыртуға сирек келісім береді немесе одан, тіпті, бас тартады. Ал есімдері ақталмай, халыққа танылмай жатқан ерлер аз емес. Бұл – өте үлкен проблема. «Қаһармандар» қорының міндеті солардың еңбектерін таныту, есімдерін халыққа жеткізу және қолданыстағы заңнамаларға олардың жарқын есімдері мен істерін жаңғырту туралы толықтырулар мен өзгерістер енгізуге бастамашы болу. Сондай-ақ, жарқын есім­дермен үйлестірілген па­триотизмді де заңнамаға ен­гізген жөн. «Өз мақсатымызға қол жеткізу үшін бізге ұлан­ғайыр істер атқаруға тура ке­леді. Барлық облыстардың орта­­лықтарында қордың филиал­дарын ашып, елдің түкпір-түкпірінде азаттық жолында құрбан болған, жазықсыз жапа шеккен, қуғынға ұшы­раған ерлер мен олардың ұр­пақтарын халыққа таныс­тыру, тарихқа енгізу керек. Са­наны жаңғыртудың жарқын жолының бірі осы», – деді Сабыр Ахметжанұлы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын”, – деп атап көрсеткен болатын. Егер алдағы өркендеудің, рухани жаңғырудың берік діңі – біздің тарихымыз бен салт-дәстүріміз болса, онда рухани жаңғырудың өзін дәл осы тарихи сананы жаңғыртудан бастауға тиіспіз. “Дөңгелек үстелде” сөз сөйлеген азаматтардың барлығы күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, қалың көпшілік біле бермейтін кейбір деректерді алға тартты.

– Еліміздің жарқын болашағы үшін күрескен, сол жолда қуғын-сүргінге ұшыраған, тіпті, өмірін сарп еткен халқымыздың сан мыңдаған аяулы азаматтарының жарқын есімдерін тарихтың қалың қойнауынан ақтап алу жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, мұндай іс-шараларда белгілі бір жүйелілік, тереңдік сезілмейді. Көптеген өркениетті елдерде қаһармандарының есімдерін ақтап алып, сол арқылы жастарын отансүйгіштік рухта тәрбиелейді. Мәселен, Балтық жағалауы елдерінде осы мәселеге қатысты бірнеше заң да қабылданған. Сондықтан «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының құрылуы қазіргі заман талабынан туындап отыр деуге болады. Оның филиалы біздің өңірде де ашылуы тиіс,– деді «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов.

Алқалы жиында облысымыздың құрметті азаматы, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықов, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Андрей Плешаков, облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова, «Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев пен басқалар өз сөздерінде күн тәртібіндегі мәселеге қатысты маңызды деректер мен ұтымды ойлар айтып, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының мақсаты зор екендігін атап көрсетті.

Жиынға қатысушылар «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалын құру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Оның төрағасы болып «Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев сайланды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp