«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаһарман — халық арасында

Өз басын тәуекелге тігіп, қиындыққа тап болған адам өмірін арашалап қалуда ерлік көрсеткен бейбіт күннің батырлары қашанда халық құрметіне ие болмақ. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрындағы “Халық қаһарманы” Қайрат Үмбетовке құрмет көрсетуге орай өткен салтанатты шара осының айғағындай. Оған жиналған облыс және қала басшылығының өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, әскерилер мен қала тұрғындары полковник Қайрат Үмбетовтің ерлік ісіне тәнті екендіктерін жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.

Үстіміздегі жылдың 7 сәуірінде Қарабас кентіндегі №5451 әскери бөлімінің оқу орталығында шеберлігін шыңдап жүрген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын сенімсіз лақтыруы салдарынан ол қайта жертасаға түсіп, жарылған. Осы сәтте оқу-жаттығу жетекшісі, полковник Қайрат Үмбетов санаулы секундтар ішінде өз өмірін тәуекелге тігіп, жауынгерді денесімен тасалап, оны өлім аузынан сақтап қалған болатын. Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар тапсыра отырып, Қайрат Үмбетовтің ерлігіне жеке тоқталған еді. Батылдық пен нағыз қаһармандықтың ерен үлгісін көрсеткен батырларды құрмет тұту – тек мықты мемлекетке тән іс екендігін атап өткен болатын. Халық қаһарманын солтүстікқазақстандықтар да зор қошеметпен қарсы алды. “Сіздің бұл ерлігіңіз көпшілікке үлгі. Сіздей қаһарманның арқасында Отан игілігіне қызмет ету – әр қазақстандық үшін үлкен абырой”, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Бейбіт күннің батырына ақ тілегін арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері Степан Башкиров өзі сынды жандардың ізін алмастырушы ұрпақтың барын мақтаныш етті: “Қайрат Жарылқасынұлы, Сіз бейбіт күнде нағыз қаһармандық әрекет жасадыңыз, патриотизм мен батырлық үлгісін көрсеттіңіз”, – деді.

Полковниктің ерлігіне Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанттары ризашылықпен әрі оған бой түзей қарайды. Олар да осындай ерлік жасауға даяр екендіктерін жеткізді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp