
Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына қазақ халқы қомақты үлес қосты. Кеңес әскерінің жауынгерлік туы астында 1 миллионнан астам қазақстандық сапқа тұрды. Бір сөзбен айтқанда, әскерге әрбір бесінші республика тұрғыны аттанды. Қан төккен сол майдангерлер сапында қазақ қыздары мен әйелдері де аз болған жоқ. Біз Әлия мен Мәншүк, Хиуаз есімдерін барлығымыз жатқа білеміз.
Бірақ батыр қыздар тізімі олармен бітпейді. Соңғы мұрағат мәліметтеріне қарағанда, Қазақстаннан майданға 5 мыңнан астам қыз-келіншек аттанған. Олар қай майданда болмасын батырлық пен табандылықты, Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгілерін көрсетті. Аяғына солдат етігін киіп, Москвадан Берлинге дейін тартты. Рейхстагта желбіреген қызыл туда қазақ қыздарының да даңқты жолы, ерлік дастаны бар.
Деректерге жүгінсек, 1941 жылы соғыс басталғанда Қарағанды облысынан ғана мыңнан астам, Орал облысынан 785 қыз-келіншек соғысқа жіберуді өтінген. Оңтүстік Қазақстаннан 690 комсомол қыз өздері сұранып, майданның алғы шебіне аттанған. Алматы қаласында алғашқы бір аптаның ішінде соғысқа жіберуді өтінген екі мыңнан астам қыз болса, оның ішінде Фрунзе ауданы бойынша 385-і майданға сұранған. Майра Мақатова майданға Оралдағы қазақ орта мектебінің оныншы класынан аттанды.
Майра Мәскеу түбіндегі Перловская станциясында бастапқыда байланысшылар курсында, кейін партизандардың орталық мектебінде оқиды. Сол жылдың қою тұманды күзінде бортында он адамы бар әскери ұшақ Мәскеу аэродромынан аспанға көтерілді. Бағыты – Ленинград. Бірақ мұнда да қонған жоқ, Карелия асты. Жолаушылардың бәрі де үн-түнсіз отыр. Ішінде жұқалтаң сары қыз Майра да бар. Бір заматта ұшқыштың “белгілі жерге келдік, парашюттарыңды секіруге ыңғайлаңдар” деген дауысы естілді…
Бұл Карелияның Печенегатерная деген станциясы екен. Жау тылында қалып қойған ірі партизандар бригадасын А.Угаров басқарады. Партизандар бұлардан елдің жалпы жағдайын, соғыстың қай шамада жүріп жатқанын сұрап білді. Себебі, бұлар үш-төрт айдан бері ешқандай хабарсыз екен. Партизандардың бастығы байланысшы Майра Мақатоваға Ленинград партизандарымен байланысу жөнінде бұйрық берді. Хабар дөп және нақты алынды.
Бір ұрыста қарсы жақтың күші нашарлағанын байқап дандайсыған немістер винтовкадан атқан оққа тоқтамай, тіке шабуылдауға көшеді. Аралары жақындай түседі. Жау 100 метрдей қалғанда ер жүрек партизан қыз Майра Мақатова иесі қаза тапқан пулеметке отыра қалып оқ жаудыруға кіріседі. Жауынгерлерге: “Серпіліңдер, немістер қазір-ақ жер жастанады!” деп айқайлап, күш береді. Ақыры, немістердің шабуылы тойтарылып, позиция шебі бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшін М.Мақатова “Ерлігі үшін” медалімен наградталады.
Бірінші Прибалтика майданында болып, Белоруссия мен Литва, Польша жерлеріндегі жойқын соғыстарға қатысып, фашистік Германияға жеткендердің ішінде Баян Балғожина да болды. Гинденбургтің іргесіндегі қыстақтарда өте қатты ұрыс болды. Гитлершілдер үйдің шатыры астынан, жертөлелерден оқ жаудырды, күтпеген тасадан тап берді. Баян үйдің кірпіш қабырғасын тасалап, жапсарлас үйлерге бекінген немістерді жайратып тұрды. Снарядтың жарықшағы бір кезде Баянның бетіне кеп тиді. Командир оған дәрігерлік батальонға баруға бұйырды, бірақ Баян жарасын өзі байлады да, өртенген поселкенің көшелеріндегі шабуылшы солдаттармен бірге алға ұмтылды. Бұл ұрыста Баян он бес немісті өлтірді. Шыңғыстаулық жауынгер Б.Байғожина омырауына “Отан соғысы” орденін қадады.
Сұр шинельді бүйрек бет солдат қыз Алтын Мұхамеджанова 1942 жылы соғыс самолеттерін қамтамасыз етуші – кислородшы мамандығына ие болады. Истребитель және бомбардировщиктерді өмірі көрмеген қырдың қызы Алтын Мұхамеджанова олардың үстінде аспанда ұшып, жауынгерлік міндет атқара бастады. Өз міндетін ойдағыдай орындай жүріп, соғыс өнерінің тағы басқа түрлерін үйренді. Ұшақтың ұрысқа қатысқанда ататын қарулары: пулеметтерді, зеңбіректерді аттанысқа даярлау міндетін меңгерді. Өзінің майдандас құрбыларымен бірдей әскери қызмет атқарып көзге түскен Алтынды қолбасшылық “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалімен наградтады.
Сержант Зура Досбергенова бір саяси бөлімде қызмет атқарып жүрді. Ол бұл орында хатшы әрі машинистка болып істеді. Екі қызметті бірдей мүлтіксіз атқарды. Командованиенің тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін Зура “II дәрежелі Отан соғысы” орденімен және “Ерлігі үшін” медалімен наградталды. Зура атқарып жүрген қызметін місе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне барып, ұрысқа араласқысы келді. Осылайша Зура бір күні өзінің командиріне келіп өтінішін білдірді. Полковник Зураға рұқсат беріп, оны батальон комсоргы етіп тағайындады. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенін, батылдығын көрсетті.
Біздің батырлардың соққысынан шегінген жау маңызды бір елді мекеннің маңында табан тіреп қарсыласты. Үлкен ұрыс болды. Осы ұрыста рота командирі саптан шықты. Осындай сын сағатта Зура батылдықтың үлгісін көрсетіп, ұрыста ротаны басқарды. Батыр қыздың ерлігін көрген полковник: “Жарайсың Зура! Ерлігіңе Отаның риза! Өркенің өссін!” – деді. Осы ұрыстағы ерлігі үшін Зура “Қызыл Жұлдыз” орденімен наградталды.
Ұлы Абайдың немересі Иісжан Мағауияқызы 1942 жылы Семейде интернатта оқып жүрген кезінде (әлі 18-ге тола қоймаған) әскерге алынады. Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласына барып, ондағы кіші әуежайдың (ШМАС – школа младших авиаспециалистов) әскери мектебінде оқиды. Оқуын бітірген соң қару-жарақ шебері болып қызмет етеді. ЯК-7, ЯК-9, ТВ-4 (төрт моторлы, ауыр қаруланған) соғыс ұшақтарында техникалық жабдықтау жұмыстарын атқарады. Сөйтіп, осы жұмыста 1942 жылдың 2 мамырынан 1945 жылдың 4 қарашасына дейін болды.
Он сегіз жастағы өрімдей бойжеткен Шағила Құсанова 1941 жылдың қыркүйегінде Ташкентте радистер даярлайтын қысқамерзімді курста оқып, оны бітірген соң желтоқсанда Қырым майданынан бір-ақ шығады. Сталинград шайқасы. Харьков, Днепр үшін шайқас. …Жарылған бомба, ысқырған снаряд, қаңғыған оқ. Өмір мен өлім белдескен ұрыс даласы. Рация қорабын бір жамбасына қысып алып құлдыраңдай жүгірген құралайдай ғана кішкене қыз. Иә, бұл осы Ян Фабрицус атындағы атқыштар дивизиясының 33-гвардиялық – артиллериялық екпінді полкінің кішкентай Шурасы. (Қатар құрбылары Шағиланы осылай деп атап кетті). Сандомир – Висла плацдармы үшін болған қиянкескі ұрыстар, Молдова, Польша, Румыния, Болгария, Чехославакия жеріндегі азаттық жорықтары – міне, майдангер Құсайынованың жауынгерлік жолы. Ол Жеңіс таңын Берлин түбінде қарсы алды.
Ұлы Отан соғысына Жайық өңірінен бір топ мұғалім әйелдер және медицина қызметкерлері қатысты. Солардың бірі – Эльтон стансасындағы қазақ мектебінің мұғалімі Ағипа Кенжеғалиева. Ағипа байланысшылар курсынан өтті де, Сталинградты қорғауға жолдама алды. Ол кейін тамаша байланысшы болды. Неміс шабуылының бағытын өзгертуде шешуші роль атқарған осы шайқаста ол майдан мен тылды, алдыңғы шеп пен штабты, қанаттас бөлімдерді бір-бірімен байланыстыруда ерекше көзге түсті. Иығында рациясы, қолына автомат ұстаған күннен Сталинградтан Украинаға, одан Германияға дейін талай қиындықты бастан кешіріп, Отанына адал қызмет етті.
Соғыс басталған жылы Мәриям Сырлыбаева Алматыдағы медицина институтын бітіріп шықты. Курстас жолдастарының көбі майданға кетті де, Мәриямды институттың өзіне алып қалды. Бірақ ол бұған риза болған жоқ. Аудандық соғыс комиссариатына қайта-қайта барып жүріп, ақыры тілегін қабыл еткізді. Сол кезде Алматы маңында құрылып, әзірліктен өтіп жатқан қазақтың ұлттық 100 бригадасының медсанротасына ординатор болып барды. Біраз күннен соң бригада майдан шебіне аттанды. Ол Калинин майданына жөнелтілді. Мәриямға әскери-медицина қызметінің капитаны атағы да осы кезде берілген. Бригада бірден-ақ ұрысқа араласып кетті. Соғыстың аты – соғыс. Талай адам жараланып, талай боздақ оққа ұшты. Даңқты жүзінші қазақ атқыштар бригадасының қатарында әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева Невель түбінен бастап Польшаның Цоппот қаласына дейін барды. Белоруссияда Брест қамалын алуға қатысып, Польшаның Торн, Пухель қалаларын жаудан азат етуге қатысты.
Соғыс басталған жылы Рәпия Мақашева Алматы медицина институтының емдеу факультетінде оқитын. Сол жылы Мақашевтер отбасынан екі бірдей азамат – Рәпияның әкесі Кәрім мен ағасы Қапан ел қорғауға аттанды. 1942 жылы Рәпияның өз еркімен майданға баратындығын естіген анасының ағыл-тегіл жылағанын көргенде, өзінің де көңілі босап берген. Бірақ алған бетінен қайтпайтын қайсар қыздың уәдесі берік, шешімі нық еді. Арада ай өтпей жатып, Рәпия Волхов майданына қарасты 1148-далалық госпиталінде ординаторхирург болып қызмет ете бастады. Оның аузынан шыққан әрбір жылы лебізі, жанарынан төгілген мейірім шуағы, аялы алақанынан сезілген ыстық ықыласы жауынгердің дертіне дауа, жанына шипа, көңіліне медеу болып, болашаққа деген сенімін арттырды.
Медицина қызметінің капитаны Рәпия Мақашева Ұлы Отан соғысының от жалынынан аман өтіп, Жеңісті жеңілген жаудың жерінде қарсы алды. Дәрігерлер антына адал қыз 1946 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болып, сол жылдың жазында туған жерге оралды. Арада небәрі он екі жыл өткенде ол медицина ғылымының докторы, ал 1969 жылы профессор атағына ие болды.
Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Д.А.Драгунский басқарған 55-ші полк 2 мамыр күні Одерден өтті де, Берлинге кірді. Осы гвардиялық танкистер полкінде қараторы бір қазақ қызы да бар еді. Төрт жылғы жорық біраз есейтсе де, солқылдаған талшыбықтай аға лейтенантты жауынгерлер “Роза, біздің гүліміз Роза” деп еркелететін. Сол күні-ақ олар Рейхстаг үстіндегі желбіреген Қызыл Туды көрді.
Рәзия Ысқақова соғыстан бұрын Шымкент қаласындағы медицина училищесінің фельдшерлік факультетін бітіріп, майданға өз еркімен аттанған. Рәзия апай алыс қалған сол бір күндерін еске алып:
– …Сталинград майданындағы кескілескен ұрыстар. Бірінші танк батальоны жаудың төрт бірдей шабуылын тойтарды. Жеңіс жеңіл түскен де жоқ. Әсіресе, лаулап жанған танктің ішінен жаралыларды алып шығудың қандай қиын екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оқ түтеп тұр. Аспан айналып жерге түскендей. Айналамыз қызыл жалын. Міне, осы оттың арасында жүгіріп жүріп, жаралы он бес танкисті машинадан шығарыппын. Осы ерлігім үшін кейін “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталдым.
Сұрапыл соғыстың дәл ортасында болып, талай-талай жаралы жауынгерді емдеп шыққан, 13 әскери наградалардың иегері майдангер дәрігер Мархаба Түкібаева өз естелігінде: “Бірде айқас сәтінде жарақат алған жауынгерді жер бауырлап сүйреп келе жатқанмын. Тура жанымызда жарылған снаряд екеумізді 7-8 қадам жерге лақтырып жіберді. Артынша алғы шеп аласапыранында жүріп бетін жерге беріп, қимылсыз жатқан жауынгерге жете бергенім сол еді, басым айналып, көзім қарауытып кеткені. Сөйтсем, жау мергені атқан оқ сол жақ бетімнен тиіп, ауыз ішін тесіп өтіп, сол жақ иегімнің астынан шыққан екен. Тағы бірде бомба жарықшағы көкірегіме тиді. Одан соң да екі рет жараланғаным бар. Мұндайларды әдетте “көйлекпен туған” дейді ғой.
Сол 1945 жылдың мамырында Гитлердің соғыс кезінде бой тасалап өзінің қатыгез жоспарларын жүзеге асырып отырған кабинетінде болудың сәті түсті. “Құзғындар ұясына” жеткендер қолына түскен дүниенің кез келгенімен қабырғаға өз автографтарын қалдырып жатты. Ел қатарлы мен де ағаш күйігімен: “Қазақ қызы Мархаба Түкібаева Берлинге жетті. Талдықорған – Алматы – Москва – Берлин. Май. 1945”, – деп жаздым.
Тілеу КӨЛБАЕВ, профессор, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
(“Түркістан” №14, 13 сәуір 2000 жыл).