«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИМАСТЫҚ ЖАСЫ

Есіңде ме? Сен мені аппақ ұлпа қармен қарсы алып едің. Ақ көрпесін айқара жамылған Жер-ана дамылдап жатқан кезді көз алдыма елестетсем, сол кездегі тәтті сезімнен айыға алмайтын секілдімін. Табиғаттың қайталанбас көрінісі таңғалдырған сонда. Көпке дейін айналаға сұқтана қарап, бұл келісімді жақсылыққа балағанмын. “Болашағың жарқын болсын!” деген тілегіңдей қабыл алғанмын. Сол үшін саған мың алғыс!

Республикалық “Ұлан” газеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ “Журналист болғың келе ме?” атты байқау жариялаған еді. Мен сол сайыстың жеңімпазы атанып, ой-қиялым ақша бұлттар үстінде қалықтап жүргенде сен мені өзіңе қол бұлғай шақырып, сабама түсірдің. Еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген достар, тілеулестер табуыма бірден-бір себепкер болдың. Сол үшін саған шексіз ризамын!

Саған жол түсу арқылы жұмбақ өмірдің қырлары мен сырларына жауап тапқандай өзгеше күй кештім. Ай мен күннің қосарланғаны секілді жақсылық пен жамандықтың, өтініш пен өкініштің, ақ пен қараның, қуаныш пен қайғының қатар жүретінін, алмасып отыратынын түсіндім. Қиындық атаулыны тек қана алға қойған мақсаттар мен бойдағы жігер, нағыз адал достар арқылы жеңуге болатынын ойға түйдім. Сол үшін рақметтен басқа айтарым жоқ!

Алтын ұя мектебімізбен қоштасар сәт те жақындап келеді. Таңдарды ұйқысыз атырып, сырласқан, мұңдасқан сыныптастарымызбен бірге арман атты арғымаққа мініп, білімнің тұнығынан қанып ішкіміз келеді-ақ. Арман жолы – сан тарау. Журналистикаға құлай берілгенім соншалық, бұл мамандықсыз өмірімді елестете алмаймын. Журналист – азат ойдың адамы, халықтың қамқоршысы деген түсініктің қашан қалыптасқанын білмеймін, тазалықтың, адалдықтың символына ұқсататыным анық. Осының бәрін маған түсіндіргеніне мың алғыс!

Сен арқылы түрлі жиындарға қатысып, талай жайттарға қанықтым. Жоғарыда аталған форумның алғашқы күні жеңімпаздар марапатталып, университет қалашығын араладық. Екінші күні “Ұлан” балалар мен жасөспірімдер газеті редакциясында болып, Асылбек Боранбай, Дулыға Ақмолда секілді танымал актерлермен естен кетпес кездесу ұйымдастырылды. Түстен кейін Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткізілген Қадыр Мырза Әлінің рухына арналған “Өз елім менің” атты ән кешіне қатысып, талантты ақын жайлы ғибратты естеліктер тыңдадық. Форумның үшінші күні университет пен Мұхтар Әуезовтің мұражайын араладық. Жан дүниеміз байып қалды. Осындай қызықты, есте қаларлық мүмкіндіктер сыйлағаның үшін саған мың алғыс!

Бүгін – төртінші күн. Таң атқаннан бері көк аспанның “елшісі” тынымсыз жауып, төңіректі ақ ұлпамен көміп тастады. Аппақ ниетпен қарсы алып, ақ көңілмен шығарып салмақсың. Ауылға жиналып, вокзалға бет алдық. Жүрдек пойыздың үшінші жолға келгені хабарланып, ертерек жайғастық. Осы сәтте тұла бойымды қимастық сезім, қарлығаш қанат сағыныш жаулап алды. Қашан пойыз ұзағанша саған терезеден көз алмастан қарадым. Көзімнен бір тамшы жас домалап түсті. Қимастық жасы! Қамшының сабындай күрмеулі уақыт ішінде саған қалай бауыр басып қалғанымды білмеймін. Қимай кетіп барамын. Алла тағала қош көрсе, дәм жазса, келемін. Әзірге қош!

Қош бол, жаныма шуақ, көңіліме сенім ұялатқан Алматым менің!

Сағынгүл МҰХАМЕДЖАН,

Жаңаауыл орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp