«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЕҢСЕРУ ЖОЛЫНДА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында: “Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды”, – деп жазған болатын. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің биыл кең көлемде атап өтілетін 30 жылдық биік белесінен қарайтын болсақ, қазақ мемлекетін құру, іргетасын нығайту жолында атқан оқтай, шапқан аттай жүйрік уақыт атты ұлы құдіреттің көтерген жүгін, атқарған миссиясын санамалап шығу мүмкін емес.

Еліміз экономикалық дағдарыс қыспағына түскен кезде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жаңа экономикаға көшу стратегиялық тұрғыдан дұрыс жоспарланып, сәтімен жүзеге асқанын шаң басқан архив құжаттары да айғақтайды. Стратегиялық тұрғыдан ойлау, қарышты қадам жасап, кең ауқымда әрекет ету 1997 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауда басты ұстаным ретінде белгіленіп, саяси жоспарлаудың бірыңғай жүйесі түзілді. Парламент мінберінен сөз алған Нұрсұлтан Әбішұлы республика жұртшылығына қарата айтқан тарихи құжатта мемлекеттік саясаттың асқаралы міндеттерін аса өзекті мәселелермен байланыстыра отырып, мемлекетіміз бен қоғамымыздың алдағы жылдардағы даму стратегиясын айқындап берді. “Біз қысқа мерзім ішінде орасан зор тарихи маңызы бар іс атқардық – еліміздің ұлан-ғайыр шекара белдеуінде қауіпсіздік орнап, көрші елдермен арадағы татулықты, бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен халықаралық-құқықтық іргетасы берік қаланды. Мемлекеттік құрылыстағы басты жетістік – Конституция мен айқын да анық мемлекеттік билік жүйесі. Экономикалық жағдайдың шынайы ахуалын сараптап, реформалар барысында жіберілген жекелеген ағаттықтарды мойындай отырып, мен сол уақытта ұлттық экономиканы сауықтырудың маңызды мәселелерін атап көрсеттім. Елде инфляцияны ауыздықтауға, алтын-валюта қорын құруға, оң сауда теңгеріміне, қаржы тапшылығын төмендетуге, нақты секторда жалақыны көтеруге қол жеткізілді. Әзірге айтарлықтай ауқымды болмаса да, өндірістің ұлғаюы, халықтың банктік салымдарының өсуі байқалды, тұтыну нарығы тауарлармен толтырылды”, – дей келіп, жылдың өзекті міндеттеріне, оның ішінде, сыртқы саясатқа кеңінен тоқталды. Бұл бағытта өмірге икемділік, салмақтылық, теңгерімділік пен көпвекторлылық өзгермейтінін атап көрсетті. Бірінші кезектегі экономикалық міндеттердің қатарына жылдық инфляцияны 4-6 пайызға азайту, экономиканы 3-5 пайызға көтеру, сонымен қатар шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдай туғызу басты талаптардың бірі ретінде күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар кейінге ысыруды көтермейтін мәселелерді шешу, атап айтқанда, жалақы мен зейнетақыны кешіктіруге жол бермеу, жұмыссыздық деңгейін төмендету міндеттелді.

Облыстық әлеуметтік қорғау органдарының зейнетақы бойынша берешегі 1 млрд. 188 млн. теңгеден асып жығылды. Ақшалай қаражаттың жетімсіздігіне байланысты заттай есеп айырысу, зейнетақы төлемінің чектік жүйесі енгізілді. Алайда халыққа тиесілі өтемдерді шамалап болса да төлеуге, сөйтіп жүдеген жұрттың жағдайын сәл де жеңілдетуге бағытталған шаралардың бірі – бюджеттік мекеме қызметкерлері мен зейнеткерлердің тиісті алашақтарының бір бөлігін чек арқылы өтеу тәжірибесі өзін-өзі ақтаған жоқ. Мысалы, 250 грамдық қорабы 55-65 теңге тұратын шайдың құны чекпен есеп айырысатын дүкенде 85 теңгеге жетсе, 95-100 теңгелік өсімдік майының бір құтысы 135-150 теңгеден айналып шыға келді. Іздеген “жоғыңды” тапқан күннің өзінде базардағыдан 25-50 теңгеге қымбат. Аудандардың зейнетақы қорына сақтандыру жарналары бойынша берешектерін өтеу мақсатында 45,2 мың тонна астық тапсыруы, қарыздарды ықтиярсыз өндіріп алу әдісінің қолданылуы қазір ақылға сыймастай көрінгенімен, сол кезде айтарлықтай рөл атқарды. Реформаны тереңдету жөніндегі жергілікті іс-қимыл бағдарламасына орай өнеркәсіп өндірісінің деңгейін 93,7 пайыздан төмендетпеу жоспарланғанымен, көрсеткіш 85,5 пайызға дейін құлдырап кетті. Бюджет қаражатын үнемдеу деген желеумен емдеу мекемелерінде 537 төсек және 269 штаттағы қызметкер қысқартылды. 8 фельдшерлік-акушерлік пункт, 31 ауылдық клуб, 26 кітапхананың есігіне қара құлып ілінді. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері ақылы негізге көшіріле бастады. Осы жылдың есте қалатын бір ерекшелігі – жекешелендірудің екінші кезеңінің басталуы. Бірінші тоқсанда әлеуметтік-мәдени саланың 593 объектісі: 150 медицина ұйымы, 45 мектеп, 52 балабақша, 2 колледж, 87 кітапхана, 179 клуб, Мәдениет үйі аукцион арқылы сатылымға қойылды. Өкінішке қарай, жекешелендірудің нарықтық қатынастар талаптары ескерілмей үстірт жүргізілуі салдарынан мемлекеттің дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қолында билігі барлар оны “майшелпек” санап, барынша қарпып қалуға тырысты.

Десек те капиталистік формация дендеп еніп, бір жағынан, оған адамдардың да еті үйреніп, қарсы амалын тауып, тіршілік етудің әртүрлі қарекетіне көше бастады. Қиындық тұсауы қанша жерден шідерлесе де, жергілікті билік орындары әлеуметтік-экономикалық, мәдени салаларды реформалаудың ұтымды жолдарын іздестіріп, Үкіметтің тапсырмаларын орындауға бел шешіп кірісіп кеткен. Алға жылжудың негізгі алғышарттары жасалғанын, ендігі жерде қол қусырып қарап отырмай, батыл бастамаларға қоса білім, ерік-жігер, шыдамдылық пен табандылық, біліктілік пен жауапкершілік бұрынғыдан да қажет екенін, сонда ғана күрделі де жауапты міндеттерді еңсере алатындарын түсінген. Оған “Қазақстан – 2030” Стратегиясы ерекше қозғау салғаны анық. Елімізді заманауи, тұрақты, өркениетті мемлекет ретінде құрудың ұзақ мерзімді экономикалық және саяси тұжырымдамасын орындау арнайы құрылған Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттікке жүктелді. Дағдарыстан шыға бастаған шақта тұрақты экономикалық даму белгілері де, ұзақмерзімге жоспарлаудың нақты негіздері де әлі байқала қоймаған болатын. Мемлекет кірістері мардымсыз еді. Қазақстан мұнайының жыл сайынғы экспорты небәрі 3,5 миллион тоннаны құрады, оның бір баррелі 19-20 доллар-тұғын. Қалай болғанда да, “Қазақстан – 2030” Стратегиясы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ынтымағы мықты, саяси тұрақты мемлекет құруға бағытталып, қоғамға, бизнеске ерекше дем берді. Мемлекеттік сектордың аяқтан тік тұрып, өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесті.

Мемлекеттік маңыздағы шара ретінде 18 наурызда Петропавл қаласында әскери училищенің ашылуын айтуға болады. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғанына алты жылдан асқан Қазақстанның саяси құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды. Біртұтас мемлекетімізді сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекарамызды қорғау, әскери-қоғаныс саласын нығайту жоғары білікті әскери мамандар әзірлеу қажеттілігін тудырды. Алғашқы жылы 220 талапкер қабылданып, төрт жылдың ішінде курсанттар санын 880-ге жеткізу жоспарланды. Жеті түрлі мамандық бойынша жоғары білімді офицер кадрларын даярлау міндеті қойылып, училище бастығы болып полковник Аманкелді Дүйкенов тағайындалды. Еңселі оқу орнының салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Осы жылғы елеулі жаңалықтардың бірі – Президенттің “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығы. Солтүстік Қазақстан облысына қосу арқылы Көкшетау облысы таратылды. Көкшеліктер әуре-сарсаңға түскені анық. Түп негізінде қаражат үнемдеу саясатын ұстанған оңтайландыру өз жемісін бермеді. Көп құзамай арқаның кербез сұлу өңірі өз алдына облыс ретінде қайта отау тікті.

Қоғамдағы кейбір теке-тірестер де отта тұрған қазандағы су сияқты бұрқ-сарқ қайнап жатты. Қалалық мәслихат сессиясының солақай, сыңаржақ шешімі жергілікті тұрғындардың орынды ашу-ызасын тудырды. Ленин көшесіне бұрынғы Вознесенский проспект атауын қайтару туралы ономастика комиссиясының ұсынысын сессияның қанағаттандыруы мұң екен, бұған келіспеген облыстық “Қазақ тілі” қоғамы сотқа талап-арыз түсірді. Сот бірнеше айға созылып, талап қанағаттандырылды. “Көше аттарының өзгеруіне ешкім қарсы емес. Тек бәрі заңды түрде болғанын қалаймыз”, – деді тіл жанашырлары. “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Заңның қабылдануы тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілеп берді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені, мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екені, мемлекеттік тілді меңгеру қазақстандық әрбір азаматтың парызы екені тайға таңба басқандай айқын жазылды.

Осы жылы шілдеде қызылжарлықтар жұмыс бабымен өңірге келген Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен қошеметпен қарсы алып, емен-жарқын кездесулерде өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. Елбасы журналистерге берген сұхбатында былай деді: “Биылғы жылы Қазақстан тұңғыш рет дүниежүзіндегі ең таңдаулы “Джон Дир” комбайндарын жақсы жеңілдікті несиемен алды. Солтүстік Қазақстан облысына келетін 405 осындай техника біз сатып алып жүрген “Енисейдің” екі мыңына тең келеді. Бұл комбайндарда астықтың 0,5 проценті ғана ысырап болады, ал біз бұрын 10 процентін жоғалтатынбыз. Бұлар жанармайды екі есе аз жұмсайды, өнімді жұмыс істейді”.

8 қазанға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына облыстан депутат сайлау жөніндегі таңдаушылардың – облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттарының біріккен мәжілісі өтіп, дауыс берудің қорытындысы бойынша Қайролла Ескендіров Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Комиссия облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы А. Польшаков пен “Ермак” шағын кәсіпорнының бас директоры Ю.Захаровтың ұсынған құжаттарын тексере келіп, қол жинау Президент Жарлығының 72-бабының 1,2-тармақтары бұзылып жүргізілгендіктен оларды тіркеуден бас тартты.

1997 жылы астықты алқаптардың гектар берекелігі 13 центнерден айналып, 4,2 млн. тонна алтын дәннің жиналуы – сол кезең үшін үлкен жетістік еді. Мұның өзі елді мекендер әлеуетін нығайтуға, қаржылық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндіктер берді. Тағдыркешті кезеңде ел жылнамасына жаңа дәуірдің арайлы таңдарын жақындатқан бұл жыл дәмі балдай, мәртебесі таудай Тәуелсіздік деген тәтті ұғымды жұртшылық санасына сіңдіріп, ұлы мақсаттар көшіне жол ашты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp