«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫНДЫҚТА ШЫҢДАЛҒАН

Соғыстың зардабынан қаншама шаңырақ шайқалып, әйел жесір, бала жетім қалды. Ер-азаматтармен қатар, қолдағы қаламы мен дәптерін қаруға айырбастап, ел үшін, бейбітшілік үшін майдан даласына аттанған бозбалалардың ерлігі қандай батырлыққа теңесе де, артық етпейді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Жамбыл ауданының Үлгі ауылынан да мылтық көтеруге жараған еркеккіндіктілердің барлығы дерлік аттанды. Сын сағатта ауыл тірлігін өз қолына алып, бар жұмысты бірлесе атқаруға сол кезде әйел адамдар ғана жұмылғаны жадымызда. Ерте есейген балалар, кәрі-құртаң қариялар – барлығы бірігіп, өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысты.

Тұла бойында таудың құдіреті бар, қайсар жандар жайында сөз қозғалса, Рабиға Касенованы қалай айтпай кетемін. Ол жанымыздағы Айтуар колхозының алдыңғы қатарлы сауыншысы болған. Еңбек дегенде ерінбейтін қария үй шаруасы, бала тәрбиесі тізгінін де қолынан бір сәт шығармай, сол сұрапыл соғыс жылдарында Үлгі ауылын басқарды. Содан соғыс аяқталып, ер-азаматтардың алды елге орала бастағанша, көппен бірге қолынан келгенше қызмет атқарып, зейнет демалысына шығып, әдемі қартайып, дүниеден өтті.

Біздің Үлгі колхозында жақсы ұстахана болатын. Оны Аманжол, Жоламан деген ағайындылар ұстаған. Ұстаханада темір-терсектің барлығы жөнделіп, жарамай қалғаны қайта дұрысталатын. Ол кезде ат-шана деген аз, көбіне өгіз жегіп, барлық жұмысты солармен істейді. Кем дегенде екі-үш ана жиналып, киім-кешегін дайындап алып, колхоздың жұмысына аттанады. Сонда не істейді дейсіз ғой? Жаздыгүні сепкен егінді 4 өгізді лабогрейкаға жегіп, шабады. Алдыңғы екі өгіздің басын бір бала жүргізіп отырса, артқы жақтағы екеуіне де осындай бір бозбала ие болады. Сонда шашылған бидайдың масағын жазғытұрым теріп әкеліп, талғажау еткен. Дестені жинап, үлкен шөмеле, не шошақ қылып үйеді. Үйілген дәнді қыстыгүні Жәутіктің Мұқышы деген кісі комбайнмен соғады. Комбайн сөніп қалса, өгізбен тартып, қолмен итеріп, жолды қардан аршып тұрады екен. Анамыз сол соғылған астықтан ішкі қамзолының, сыртқы шапанының төрт қалтасына салып, кішкене ғана бидай әкелсе, оны Алтын Балғараққызы деген әжеміз қол диірменге салып үгіп, пешке собалақ нан қылып бізге жегізетін. Ал кебегінің бір бөлігін төңкерме қылса, қалғанынан жалғыз сиырға пісірген сабанмен ботқа істеп береді. Қолына сұлы, тары, арпа түссе, оны түйіршікке салып, қауызын ақтап, көже істеп, балаларға ыстық тамақ ішкізетін. Анам Бақша Дәуітбайқызының еңбегін айтып отырмын. Осындай жұмысты сол кезде барлық аналар атқарды ғой. Қолдарынан келгенше колхоз жұмысына араласып, бала-шағасының да жағдайын ойластыра білген қайран аналардың күш-жігеріне, шыдамдылығына не дерсің?!

Бірде қыстыгүні мынадай бір оқиға болды. Қазір ойлап отырсам, қаңтар, ақпан айлары-ау деймін. Колхоздың жұмысынан келген соң анам ыстық шайын ішіп алып, өгізді жегіп, бір жаққа кетіп қалды. Содан үйге кеш түсе оралды. Таңертең далаға шықсам, есік алдында бөшкемен су тұр. Сөйтсем, анам Пресновтан түнделетіп келе жатқанда Благовещенка жолындағы үлкен сордан су әкелген екен. Ертесіне оны қапқа құйып, сорғытып, тұз алды. Екі-үш бөшке әкелсе, жазға және келер қысқа дейін жететін. Үлгі мен әлгі сордың арасы кем дегенде 15 шақырым. Барып-келген жолың 30 шақырымды құрайды. Осының барлығын анам байғұс күні бойы жұмыстан қолы босамаған соң түнделетіп істейтін.

Мұндай ауыр жұмыс бір күн емес, бір ай емес, соғыс аяқталғанша жалғасты. Содан кейін де аналардың қатысуымен ауылда істелген шаруа аз болған жоқ. Не деген бейнет, не деген еңбек деп қазір таңғаламын. Осындай қиын кездерде өзін аямай еңбекке салған анам Бақшаның ғұмыры қысқа болды. Ол бар-жоғы 61 жасында дүниеден өтті. Оның бар арманы бізді аман-есен жеткізіп, ел қатарына қосу еді. Шүкір, сол күнге жеттік, тек шешейдің қасымызда жоғы жанымызға батады. Анаға кім жетсін, шіркін! Бүгінде өзіміз де шау тартқан жасқа келсек те, әр үйдің шуағы болып шашылған асыл жанды балаша іздеп, сағынады екенсің. Қиындыққа шыдап, болашақтан үмітін үзбеген қазақтың қарапайым мінезді аналарының Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері зор. Олар жайында жазбауға, айтпауға болмайды. Әрбір ана құрметке лайық. Олай болса, ұрпақ сабақтастығын жалғап, еңбекке де етене араласқан ақ жаулықтыларымыздың амандығын тілейік. Елімізде орнаған тыныштық мәңгілік болсын!

Балтабай МІНАЙДАРОВ,

еңбек ардагері.

Жамбыл ауданы,

Үлгі ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp