Тыныштық бесігінде тербелген егемен еліміз күн санап дамып, қарышты қадаммен алға басып келеді. Қазір қандай саланы алып қарасақ та, заман талабына сай ілгері басушылық байқалады. Жұмыс істеймін деген адам үшін мемлекетіміз барлық жағдайды жасап отыр. Өз ісін бастап, кәсіпкерлікпен айналысамын деген қыз-келіншектер үшін де жақсы жағдай жасалуда. Оның барлығы әйел адамның қоғам жұмысына араласып, қазан-ошақтың басында байланып қалмауына үлкен мүмкіндік береді. Әрине, теңгенің еркін айналымға жіберілгені қоғамда біраз алаңдаушылық туғызды. Ол түсінікті жайт. Бірақ оның барлығы уақытша қиындық екенін ұмытпау керек.
Дана қазағым “Сабыр түбі – сары алтын” деп бекер айтпаған. Барлық нәрсеге шыдамдылықпен қарау керек. Мұндай қиын кезеңдерді бұрын да бастан өткердік. Сыннан сүрінбей өтіп, қаншама қуанышқа кенелдік. Уақыт талабынан туындаған мәселелердің оң шешімін таба отыра биік белестерді бағындырдық. Осының барлығы – Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Қазіргі жағдай да үнемі мемлекет назарында. Қашанда ең бірінші кезекте халқының жағдайын ойлайтын Елбасымыз тиісті орындарға тапсырмалар беріп, сауда орындары мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкендерінде бағаны өсіруге тыйым салды. Бағаны негізсіз көтерудің алдын алу үшін “Қауырт желі” де құрылды. Осындай іс-әрекеттердің барлығы – қоғамда қалыпты жағдайды сақтап қалу үшін жасалып отырған шаралар.
Әр нәрсенің өз жақсылығы болады. Уақытша келеңсіздіктерге мән бермей, әрбір адам қолынан келгенше жұмыс істесе, барлығы ойдағыдай болады. Белді бекем бусақ, бұл кезеңнен де өтеміз.
Сабыр – адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Байбаламға салынбай, байыптылық, ұстамдылық танытсақ, мұратқа жетеміз. Дәл осындай сәтте “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, Елбасына қолдау көрсете білсек, алда әлі талай асуларды бағындыратынымыз сөзсіз.
Сақып ҚҰСАЙЫНОВА,
Қызылжар ауданының
құрметті азаматы.