«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫНДЫҚҚА МОЙЫМАҒАН МАЙДАНГЕР

Айбынды білегімен, ыстық жүрегімен, қайрат-күшімен оқ пен оттың ортасында жүріп, Отанымызды жаудан қорғаған он сегіз жастағы әкеміз Мұхамадия Бектеміровтің жауынгерлік жолы мен ерлік істерін біз – ұрпақтары ұмытпаймыз.

Әкеміз 1924 жылы Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Орталық ауылында дүниеге келіпті. Орта мектепті аяқтаған соң 1941 жылы Қарағанды облысындағы Қарсақбай №22 фабрикалық-зауыттық оқытуды темір ұстасы мамандығы бойынша тамамдап, Қарсақбай мыс балқыту зауытында жұмыс істеген екен.

Қатарластарымен бірге 1942 жылы соғысқа аттанған әкеміз майдан даласында 1945 жылдың мамырына дейін болған. Сержант Бектеміров 1-ші Украин майданында 234-ші мото-атқыштар полкі, 2-ші батальон, 4-рота құрамында соғысады.  

Әкеміз де, оның бауырлары да дінге берік болыпты. Соның тілеуі шығар, әкеміз 4 рет жарақаттанса да, қатардан қалмай, майдан шебінде жүреді. Кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түседі. Одан шыққан соң 1944 жылы бұрынғы әскери бөліміне оралады.

Әкеміздің жауынгерлік жолы Ворошиловградтан Берлинге дейін жалғасады. Украинаны, Польшаны, Чехословакияны да азат етуге қатысады.

Қиян-кескі соғыстың бел ортасында жүріп, соғысты аяқтаған соң өзі және туған ағалары Рамазан, Есләм елге аман-есен оралады. Екінші топтағы мүгедек бола жүріп, әкеміз әр жылдары “Орталық” кеңшарының бригадасында есепші, Қараағаш ауылдық кеңесі ақтару комитетінің хатшысы, Ленин аудандық атқару комитетінің мәдени-ағартушылық бөлімінің инспекторы, басқа да қызметтерді абыроймен атқарған.

Соғыстағы ерлігі үшін әкеміз бірінші дәрежелі Отан соғысы, “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “Маршал Жуков”, “Еңбек ардагері” медальдарымен, “Ұлы Отан соғысының ардагері” белгісімен марапатталды.

Сұм соғыстың зардабынан арылып, ел қатарлы өмір сүре бастаған кезде анамыз дүниеден озып, әкеміз шиеттей 6 баламен қалады. Аналарын жоқтатқысы келмеген қамқоршымыз ұл-қыздарын қанатының астына алып, мәпелеп өсіріп, жеткізді. Бәрімізді оқытып, ұлын – ұяға, қызын қияға ұшырып, ата-аналық парызын орындады. Бар өмірін балаларына арнаған ардақтымыз 2008 жылы 85 жасында өмірден озды.

Жыл сайын 9 мамырда бала-шағамызбен қарашаңыраққа жиналып, әкемізді құттықтаушы едік. Немере-шөберелерін иіскеп, мейірі қанған соң бізбен ұзақ уақыт шүйіркелесетін. Бүгінде қадірменді әкеміз ортамызда жоқ. Әйтсе де, Ұлы Жеңіс күні бәріміз қарашаңыраққа жиналып, Құран бағыштап, әкемізді еске алуды перзенттік парыз санаймыз.

Дәмелі МҰХАМАДИЯҚЫЗЫ.

СУРЕТТЕ: М.Бектеміров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp