«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫН МАМАНДЫҚТЫ ҚАЛАҒАН

Өзбекстанда туып, балалық шағын сонда өткізген Айнагүл Сәрсембаева 2006 жылы Ташкент мемлекеттік университетін химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Сол жылы тарихи Отанына оралған Сәрсембаевтар отбасы Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылына қоныстанады. Ұстаздық жолын сол ауылда бастаған Айнагүл Оразбайқызы бүгінде Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте еңбек етіп жүр.

– Оқушыларыммен күнделікті сабақ шеңберінде қалып қоймай, олардың өздерінің ізденуіне баса назар аударамын. Шәкірттерімді ғылыми жобаларға, халықаралық қашықтық олимпиадасына, басқа да сайыстарға тартып, пәнге деген қызығушылықтарын оятуға күш саламын, – дейді жас ұстаз.  

Айнагүл Оразбайқызы олимпиадаға оқушыларды өзі таңдап, олармен қосымша сабақтар өткізіп, жеке жұмыс жүргізеді. Шәкірттермен жеке жұмыс барысында есеп шығару үлгілеріне ерекше мән береді. Әсіресе, химия пәнінен олимпиада барысында оқушылар органикалық химияның тотығу-тотықсыздану, электрондық баланс әдістерінен өте қиналады. Дегенмен, “Еңбек бәрін жеңбек” дегендей, олимпиадаларға даярлаған оқушылары 2-3-орындарды иеленіп жүр.

Оқушыларының алған білімдерін өмірде қолдану дағдыларын қалыптастырып, олардың өз беттерімен ізденулеріне, тапқан жаңалықтарына жан-жақты талдау жасап, қорытынды шығаруларына баулиды. Шәкірттері: 11-сынып оқушысы Ақнәзік Қайролова металдардың тозуына қатысты, 5-сынып оқушысы Темірлан Баймаш алоэ өсімдігінің ерекшеліктері мен емдік қасиеттеріне байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізген. “Темірлан – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын ауруды дәрісіз-ақ үй жағдайында айналада өсетін дәрілік өсімдіктермен-ақ емдеп жазуға болатынын зерттеп, табиғат байлығын қорғауға атсалысып жүрген белсенді оқушы. Ол мектептің оқу озаты, халықаралық “Пони”, республикалық “Ақбота” сайыстарына да үзбей қатысып, өзінің білімін шыңдаудан жалықпайды. Темірланның ғылыми жобасы республикалық “Зерде” сайысының қорытынды кезеңінде де жоғары бағаланып, 1-орынға ие болды. Оқушымның арманы асқақ, ол болашақтағы мамандығын медицина саласымен байланыстыруды мақсат етіп отыр”, – дейді Айнагүл Оразбайқызы.

Әр шәкірттің жан дүниесінің кілтін тауып, жас ұрпақтың болашағының жарқын болуына өз септігін тигізіп жүрген ұстаздың оқушыларының арасында технолог, химия пәнінің мұғалімі, тамақ өнеркәсібі факультеттеріне тегін оқуға түсіп, бүгінде сол саланың қыр-сырын меңгеріп жүргендері де бар.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сурет автордікі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp