«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫРШЫҚТАСҚА СҰРАНЫМ МОЛ

Ақжар ауданының жер қойнауы кенге бай. Мұнда қиыршықтас өндірумен айналысатын бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді, солардың бірі – “Ақжар-неруд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2013 жылдың күзінде ашылған кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға мол үлес қосуда. Әсіресе, жол жөндеу жұмыстарына серіктестіктің тонналап тасып жатқан материалдары үлкен көмек. Сондай-ақ, қиыршықтас және басқа құрылыс материалдарының өндірісімен айналысып жатқан серіктестік 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Мемлекеттен 15 жылға жалға алынған өндіріс алаңында қиыршықтастың 6 түрі шығарылады. Карьер қыс бойы жұмыс істеді. Оның басшысы Ғалымжан Ғиззатов құрылыстың нағыз қызатын кезі жаз айы болғандықтан, бүгінде тау болып үйіліп жатқан тастарды тапсырыс берушілер екі-үш аптада әкетеді деп отыр. Тастың сапасын жоғары бағалайтын ресейліктер бұл жаққа жаз бойы ағылады. Ал өңір аумағынан тапсырыс беретіндер жақын аудандар ғана. Басқа жерлерге тастарды тасу үшін жол қатынасы қиындық тудыруда. Алайда, кәсіпкер бизнес ауқымын кеңейту үшін алысқа жөнелтілетін тауардың бағасын түсіруге дайын. Оның мақсаты – сатылым географиясын кеңейту. Сол үшін былтыр өз технологиясын қолданып, тас төсеніштер шығаратын шағын цех ашты.

– Бүгінгі нарық бәсекелестігі үлкен ізденіс пен табандылықты талап етеді. Сондықтан өз шикізатымыздан тас төсеніштер жасауды қолға алған болатынбыз. Аз уақыт болса да, ісіміз көріне бастады. Биыл тапсырыс беріп жатқандар көп. Бұйымның бағасы да арзан. Егер біздің технология мен шикізатқа қызығушылық танытатындар болса, оларға көмек жасауға дайынбыз. Ондай ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі таңда өзіміздің қиыршықтастарымызды қолданып, асфальт жасаудың жаңа технологиясын ойластырып жатырмыз, – дейді Ғалымжан Ғелманұлы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp