Қобыз – адам жанының терең қатпарларын сөйлететін киелі аспап. Халқымыздың төл мұрасын өмірінің мәйегіне айналдырған өнер иелерінің бірі – Айғаным Махамбетова. Ол өнер жолын тек мамандық қана емес, рухани миссия деп қабылдайды.
Кейіпкеріміз 1993 жылы Тимирязев ауданына қарасты Жарқын ауылында дүниеге келген. Музыкаға деген қызығушылығы ерте оянған ол 8 жасынан бастап өнер жолына бет бұрады. Бірде дастарқан басында туған әпкесі Алмира сіңлісіне облыс орталығындағы өнер мектебінің жетістіктері туралы айтқан екен. Осыдан соң Айғаным аталмыш білім ошағында оқуды армандаған. Оның бұл ойын атасы Қайыржан Жүсіпұлы да қолдайды. Демек қобызшы болу – Айғанымның өміріндегі кездейсоқ таңдау емес, жүрек қалауынан туған шешім.
– Алғашында мен домбыра тартуды армандадым, қобыздың қасиетін терең тани қойған жоқпын. Алайда тағдыр мені қобызға алып келді. Оның үні адамның жан дүниесіне тікелей әсер етеді. Бұл таңдауды мен санамен емес, жүрекпен жасадым, – дейді ол.
Айғанымның музыкадағы алғашқы баспалдағы Петропавл қаласындағы балалар музыка мектебінен бастау алды. Кейін ол Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, кәсіби музыкант-орындаушы ретінде қалыптасты. Ол бұл аспапты өмірінің негізіне балайды.
– Қобыздың үнін алғаш естігенде орнымнан қозғалмай ұйып тыңдадым. Оның мұңлы кейде асқақтап шығатын дыбысы мені бірден баурады. Қобызбен орындалатын шығармалардың астарында ұлтымыздың қилы тағдыры мен арман-мұраты жасырынып жатыр. Тартқан сайын оның сырына терең үңілгің келеді, – дейді ол.
Айғаным қобыз тартуды кәсіби ұстаздарынан үйренгенімен, бұл аспаптың қыр-сырын жүрек көзімен сезіну арқылы танығанын айтады. Бүгінде ол республикалық және халықаралық деңгейдегі концерттерде, фестивальдерде, мәдени-рухани іс- шараларда, оркестр және ансамбль құрамында өнер көрсетіп жүр. Кипр, Франция, Ресей, Қытай, Германия, Армения секілді өзге де мемлекеттер мен алып шаһарлардың сахналарына шығып, төл аспабымыздың әлемдік деңгейде танылуына үлес қосуда.
Негізгі бағыты – орындаушылық болғанымен, жас музыканттарға бағыт-бағдар беру, тәжірибе бөлісу оның шығармашылық өміріндегі маңызды қырларының бірі.
– Техника – құрал ғана. Ал сезім – негізгі өзек. Егер сезім болмаса, ең мінсіз техника да тыңдаушыға жетпейді, – дейді қобызшы.
Айғанымның репертуарында дәстүрлі күйлермен қатар, халықтық шығармалар мен заманауи композиторлардың туындылары да бар. Ол мазмұны терең, философиялық астары бар шығармаларға ерекше мән береді. Сонымен қатар авторлық ізденістер де оның шығармашылық жолының бір бөлігіне айналған. Өзінің ішкі күйін қобыз үні арқылы жеткізуге талпынып жүр.
Қобыз өнерінің бүгінгі жай-күйіне қатысты Айғанымның пікірі салмақты. Оның айтуынша, бұл өнер дамып келе жатқанымен, әлі де терең түсіндіруді, жүйелі насихатты қажет етеді. Өнер иесі қобыз аспабын жастар арасында кеңінен насихаттау үшін заманауи өңдеулер мен эксперименттер жасауға қарсы емес, тек қобыздың табиғи болмысы сақталуы тиіс деп есептейді.
– Қобызға жасалатын кез келген жаңашыл қадам оймен өлшеніп, талғаммен таразылануы тиіс. Егер ол аспаптың табиғи үнін бұзбай, жаңа кеңістікке жол ашса, мұндай ізденісті құптаймын. Бұл жерде қатаң шектеулер болмауы керек, басты мақсат – қобызды кең аудиторияға таныту. Тыңдармандардың көбі қобызды скрипкамен шатастырып жатады. Бұл аспап құрылымы жағынан скрипкаға ұқсас болғанымен, оның өзіне тән бояуы мен үні бар, – дейді Айғаным.
Кейіпкеріміздің сөзінше, жастар арасында қобызға қызығушылық артып келе жатыр. Әсіресе өзін, тамырын іздейтін өрендер қобызға жақындай түсуде. Ол әлемдік өнер кеңістігінде әр алуан жанрмен үндескен қобызды келешекте ұлттың болмыс-бітімін сақтаған аспап ретінде көреді.
Қобыздың қоңыр үні арқылы адам жанына жол табуды мақсат еткен Айғаным Махамбетова үшін бұл өнер – сахнадағы сырлы сәт қана емес, өмір бойғы рухани сапар.