«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОБЫЗ АДАМНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІН ЕМДЕЙДІ

Қобыз – адам жанының терең қатпарларын сөйлететін киелі аспап. Халқымыздың төл мұрасын өмірінің мәйегіне айналдырған өнер иелерінің бірі – Айғаным Махамбетова. Ол өнер жолын тек мамандық қана емес, рухани миссия деп қабылдайды.

Кейіпкеріміз 1993 жылы Ти­мирязев ауданына қарасты Жар­қын ауылында дүниеге келген. Музыкаға деген қызығушылығы ерте оянған ол 8 жасынан бастап өнер жолына бет бұрады. Бірде дастарқан басында туған әпкесі Алмира сіңлісіне облыс орталы­ғындағы өнер мектебінің жетістіктері туралы айтқан екен. Осыдан соң Айғаным аталмыш білім ошағында оқуды арманда­ған. Оның бұл ойын атасы Қа­йыржан Жүсіпұлы да қолдайды. Демек қобызшы болу – Айға­нымның өміріндегі кездейсоқ таңдау емес, жүрек қалауынан туған шешім.

– Алғашында мен домбыра тартуды армандадым, қобыздың қасиетін терең тани қойған жоқпын. Алайда тағдыр мені қобызға алып келді. Оның үні адамның жан дүниесіне тікелей әсер етеді. Бұл таңдауды мен са­намен емес, жүрекпен жасадым, – дейді ол.

Айғанымның музыкадағы алғашқы баспалдағы Петропавл қаласындағы балалар музыка мектебінен бастау алды. Кейін ол Алматы қаласындағы Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, кәсі­би музыкант-орындаушы ретін­де қалыптасты. Ол бұл аспапты өмірінің негізіне балайды.

– Қобыздың үнін алғаш естігенде орнымнан қозғалмай ұйып тыңдадым. Оның мұңлы кейде асқақтап шығатын дыбы­сы мені бірден баурады. Қобыз­бен орындалатын шығармалар­дың астарында ұлтымыздың қилы тағдыры мен арман-мұра­ты жасырынып жатыр. Тартқан сайын оның сырына терең үңілгің келеді, – дейді ол.

Айғаным қобыз тартуды кәсіби ұстаздарынан үйренгені­мен, бұл аспаптың қыр-сырын жүрек көзімен сезіну арқылы та­нығанын айтады. Бүгінде ол республикалық және халықаралық деңгейдегі концерттерде, фести­вальдерде, мәдени-рухани іс- шараларда, оркестр және ан­самбль құрамында өнер көрсетіп жүр. Кипр, Франция, Ресей, Қытай, Германия, Армения секілді өзге де мемлекеттер мен алып шаһарлардың сахналарына шығып, төл аспабымыздың әлемдік деңгейде танылуына үлес қосуда.

Негізгі бағыты – орындау­шылық болғанымен, жас музы­канттарға бағыт-бағдар беру, тәжірибе бөлісу оның шығарма­шылық өміріндегі маңызды қырларының бірі.

– Техника – құрал ғана. Ал сезім – негізгі өзек. Егер сезім болмаса, ең мінсіз техника да тыңдаушыға жетпейді, – дейді қобызшы.

Айғанымның репертуарында дәстүрлі күйлермен қатар, ха­лықтық шығармалар мен зама­науи композиторлардың туын­дылары да бар. Ол мазмұны те­рең, философиялық астары бар шығармаларға ерекше мән бе­реді. Сонымен қатар авторлық ізденістер де оның шығармашы­лық жолының бір бөлігіне ай­налған. Өзінің ішкі күйін қобыз үні арқылы жеткізуге талпынып жүр.

Қобыз өнерінің бүгінгі жай-күйіне қатысты Айғанымның пікірі салмақты. Оның айтуын­ша, бұл өнер дамып келе жатқанымен, әлі де терең түсіндіруді, жүйелі насихатты қажет етеді. Өнер иесі қобыз аспабын жастар арасында кеңінен насихаттау үшін заманауи өңдеулер мен экс­перименттер жасауға қарсы емес, тек қобыздың табиғи болмысы сақталуы тиіс деп есептейді.

– Қобызға жасалатын кез келген жаңашыл қадам оймен өлшеніп, талғаммен таразыла­нуы тиіс. Егер ол аспаптың та­биғи үнін бұзбай, жаңа кеңістік­ке жол ашса, мұндай ізденісті құптаймын. Бұл жерде қатаң шектеулер болмауы керек, бас­ты мақсат – қобызды кең ауди­торияға таныту. Тыңдармандар­дың көбі қобызды скрипкамен шатастырып жатады. Бұл аспап құрылымы жағынан скрипкаға ұқсас болғанымен, оның өзіне тән бояуы мен үні бар, – дейді Айғаным.

Кейіпкеріміздің сөзінше, жастар арасында қобызға қызы­ғушылық артып келе жатыр. Әсіресе өзін, тамырын іздейтін өрендер қобызға жақындай тү­суде. Ол әлемдік өнер кеңістігін­де әр алуан жанрмен үндескен қобызды келешекте ұлттың болмыс-бітімін сақтаған аспап ретінде көреді.

Қобыздың қоңыр үні арқы­лы адам жанына жол табуды мақсат еткен Айғаным Ма­хамбетова үшін бұл өнер – сах­надағы сырлы сәт қана емес, өмір бойғы рухани сапар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp