
Қолыма қалам ұстауға Қазақстанның көрікті де қасиетті жерлерінің бірі Баянауыл сапары – ақыл-ойдың кемеңгері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне барып, рухына тәу етуден туған ой себеп болды. Осы орайда қазақтың белгілі қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің “Адамгершілік, имандылық қасиеттер қасиетті мекендерге саяхаттан басталады” деген сөзі ойға оралады.
Қазақтың тәңір сыйлаған көрікті де киелі өңірі, ерлік пен елдіктің, ақыл мен кемеңгерліктің мекені Толыбай сыншы Дәуленұлы, батыр-жыраулар: Қожаберген, Қара би, Жабай батыр, Тоқсан би, Дәстем сал, Жанкісі, Салғара, Жанақ, Баһрам, Сегіз сері, Біржан сал, Шәрке сал, Шағырай шешен, Киікбай шешен сияқты бабаларымыздың, қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғалары: Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің туған жері – Жамбыл ауданы солтүстік өңірдің әдеби-тарихи қақпасы іспеттес.
Туған жерді құрметтеудің бір жолы – сол айтулы тұлғалар шыққан мекенге саяхат жасау, бабалар рухына тағзым ету. Бұл – еліміздегі мәдени туризмнің дамуына оң ықпалын тигізер игі іс. Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау мазары – облыстағы киелі орындардың бірі. Оның қатарына Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов сияқты жазушылардың мұражайларын жатқызуға болады.
Жалпы, ішкі туризм елімізде енді-енді қарқын алып келе жатыр. Саяхат нақты тарихи деректерге негізделіп өткізіледі. Сондықтан саяхатты өлкенің табиғи жағдайларын ескере отырып өткізген абзал. Себебі, біздің өңірдің қысы қытымыр, жазы қоңыржай болып келеді. Туристік саяхатты өткізудің қолайлы мезгілі – жаз.
Алғашқы аялдама Гүлтөбе-Маманай, Толыбай сыншы қорымы, Қожаберген жырау мазары болуы тиіс. Тарихтың тылсым қойнауынан сыр шерткен Гүлтөбе-Маманайда 2001 жылы Толыбай сыншыға, Қожаберген жырауға, Сегіз серіге зәулім кесене орнатылып, ұлы бабаларымыздың аруағына бағышталып ас берілді. Міне, осы Гүлтөбенің басында Қожаберген жырау кесенесінің қасында жыраудың рухымен іштей сырласқандай боласың.
– “Елім-ай” дастанында ұлттың мұраты мен мүддесі, қайғы-қасіреті мен абыройы, арманы мен иманы, тілі мен діні көрініс тапқан. Қожаберген жырау – ұлттық бірліктің жоқтаушысы. Ал жыраудың “Елім-ай” дастаны ұлттық идеяның қайнар бұлағы, – деп ой түйіндейді философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы.
Қожаберген жырау кесенесі туралы айтар ұсынысым бар. Туристерді көптеп тарту үшін бұл жерде атқарылар шаруа аз емес. Қожаберген жырау – бүкіл қазақ жұртына белгілі тарихи тұлға. Келешекте Қожабергеннің туған жерін көру, ұлы бабамыздың аруағына тәу ету үшін Қазақстанның әр аймағынан, тіпті, шетелдерден туристер ат басын бұратыны анық. Сондықтан кесененің айналасын абаттандыру ісін қолға алған жөн. Қыста саяхатшыларды ол жерге апару мүмкін болмас. Бірақ жазда жанына киіз үй тігіліп, баба рухымен тілдесуге келген адамдарға жағдай жасалса, құба-құп. Бабаларымыздың асыл мұрасын құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Бұл жер – ән атасы Сегіз серінің ата жұрты. Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек: “Композитор ретінде Сегіз серіні классикалық қазақ әнінің негізін қалаушы ретінде санаймыз”, – дейді. Гүлтөбеге барған саяхатшы Сегіз серінің ғажайып әндерін тыңдап, жан рақатын табуы тиіс.
Халық әндерін зерттеп, насихаттаған әнші Әмина Нұғман:
– Халық әндері біз үшін азаттық аңсап, өмір бойы күресіп өткен дарынды ата-бабаларымыздың асыл арманы, әсемдік мұраты, бастан кешірген рухани тірлігінің дәйекті шежіресі болумен қатар ол біздің ана тіліміз сияқты ұлттық музыкалық тіліміз, ұлттық үніміз, келбетіміз, рухани өміріміздің заңды жалғасы”, – деген болатын. Сондықтан Сегіз серінің әндері де осы үдеден шығатын, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын ұлттық қазына.
Қойнауы қазыналы Сәбит ауылы да саяхатшылардың қызығушылығын тудырады. Ауылдағы мұражай облыстың қасиетті жерлерінің қартасына енген. Жағалай қайыңды орманның ортасынан орын тепкен шағын ғана Сәбит ауылында жазушы атындағы мектеп пен мұражай және екіқабатты қонақүй бар. Бүгінгі алмағайып кезеңде, жастарымыздың бойында адами қасиеттердің кемшін соғатын тұстарында, үйленбей жатып айырылысатын жас жұбайларға Мәриям апайымыздың мына естелігі адамгершілік әліппесіндей.
“Сәбит маған өмірлік жар, серігім ғана емес еді ғой. Ол маған әке орнына әке әрі тәрбиеші, ұстазым секілді болды. Бірге өткізген жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде Сәбит екеуміз көңіл қаларлықтай ауыр сөз айтып көрмеппіз. Қас-қабақтан ұғысып, нені болса да түсіністікпен қабылдаушы едік. Таңертең ұйқыдан оянғанымызда бір-біріміздің жүзімізге үңілеміз: “Мәке, өңің неге бір түрлі? Қалай ұйықтадың?” – деп бетіме қарап отырушы еді. Өз балаларымыздың алдында болсын, бір-біріміздің қадірімізді түсіріп көрген емеспіз. Алғаш қосылғаннан солай қалыптасып еді, өле-өлгенше солай болып өтті. Кейбір келіншектер жұрттың көзінше күйеулерінің бетінен алып жатады екен. Өмірлік серігіңді былайғы жұрт түгіл, бала-шағаңның алдында да кемсітуге болмайды” деген оның ұлағатты сөздері ұрпаққа үлгі болуы тиіс.
“Туған жер, еш нәрсе жоқ сенен ыстық,
Себебі, сенде туып, сенен ұштық”, – деп өзі айтқандай, Сәбеңнің туған елге сағынышы жүректің қылын шертеді емес пе? Сәбит Мұқанов шығармаларымен мектепте сусындаған әрбір оқушы оның туған ауылын көріп, мұражайында болса, жазушы жайындағы білімі молая түсері сөзсіз.
Саяхатшылар үшін көркемсөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов туып-өскен Жаңажол ауылы да – өзіндік ерекшелігімен адамды баурап алатын қасиетті мекен. Осы орайда журналист Нұрсайын Шәріптің “Солтүстік Қазақстан” газетінде жарияланған “Тарихи тұлғалар туған ауылдар да қасиетті жерлер ретінде қамқорлыққа алынса” деген мақаласында көкейге қонымды мынадай ой айтылған: “Ауыл іргесіндегі “Елтінжал” мен атақты “Қызқарағай” – жергілікті тұрғындардың ғана емес, Қызылжар өңірінің де мақтанышы. Сондықтан кеңшар кезінде академик-жазушының атын иеленген ауыл неге Ғабит аталмайды деген заңды сұрақ туындайды. Жаңажол деген ауыл Шал ақын ауданында да бар. Қимайтын атау емес. Ал сөз зергерін ұлықтаймыз десек, киелі жерге құрмет көрсетуге ниеттенсек, солай еткеніміз абзал”. Өте орынды уәж. Ауыл атын өзгертуге ешкім қарсы болмас деймін. Жаңажол ауылындағы жазушы мұражайы да облыстағы қасиетті жерлер картасына енгенін айтқан жөн.
“Алла тағала о баста осы жерге меруерттен алқа таққан екен. Мен Қазақстанды көп аралаған адаммын. Көп жер тозып кеткен, суы уланған, жері қураған. Ал Қызылжар өңірі аса шұрайлы екен. Қожаберген, Сегіз сері, Мағжан, Сәбит, Ғабиттей ұлылар туса туатын өлке. Олар, тегі, осы өңірдің қасиетінен илһам шабыт алған шығар”, – деп Ғабеңнің ғасырлық мерейтойына келген қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза жазушының туған жерін алғаш көргендегі әсерімен бөлісіп, қасиет қонған өңірдің мерейін одан сайын асқақтатты.
Ғабит ауылының әсем жерлерінің бірі – Елтінжал. Бала кезінен көкірегіне мөр болып басылып қалған Елтінжал жайында Ғабең тебірене сөйлейтін. Сол Елтінжалды көргендегі әсерін ақын Ғафу Қайырбеков былайша суреттейді: “Елтінжал” – осынау өлкеде көк ала бұлттай шөгіп жатқан қалың орманнан далаға шыға қашып тоқтаған бір көк тұлпар секілді елестейді. Ол, бәлкім, “Жал” деген сөзбен байланысты еске келген әсер шығар. Шынында солай. Бұл өлкедегі орман арасында өскен қазақ ауылдары дәл осы судың саласындай болып, жан-жаққа сүйірлене шыққан орман балақтарын “Жал” деп атайды екен. “Сала” емес, “өзек” емес, “тұмсық” емес, “шығанақ” емес, “жал”. Өте дәл. Орманның жалы”. Ғабең ауылына келген саяхатшылар үшін осы Елтінжал нағыз тарихи орын емес пе?
Ғабит ауылына барған саяхатшыларды – “Ұлпан” романының бас кейіпкері Ұлпан тағдыры қызықтырары сөзсіз. Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген. Кедейге пана болған. Өзі Есенейдің ен байлығынан түк қызық көрмей өткен адам. Ел анасы атанған Ұлпанның зираты – саяхатшылар тәу етіп, аруағына бас иетін қасиетті орындардың бірі.
Облыс тұрғындары мен қонақтарына Преснов ауылындағы белгілі жазушы Иван Шуховтың мұражайы да ерекше қызығушылық тудырары анық. Қаламгердің өмірі жайлы сыр шертер мұражай тарих айнасы іспетті. Текті таланттар туған өлкеге сапар шегу әрбір адамға ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
ардагер ұстаз.