Тәуелсіз ел болғаннан бергі уақытта ұлттық сана-сезімді жаңғыртуға, бұрынғы өткен асылдарымызды ардақтап, ұлыларымызды ұлықтауға мән бере бастадық. Осыдан 300-350 жыл бұрын өмір сүрген, сол заманда керемет ерліктерімен халық құрметіне бөленген қасиетті Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Қожаберген есімінің қайта жаңғырып, еліне сіңірген еңбегінің әділ бағаланып жатқаны да қуанарлық құбылыс. Қожабергеннің ұлы тұлға болғанын, бүкіл қазақ халқына ортақ екенін баса айтқым келеді.
Ол халқының бостандығы мен бірлігі, елінің тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Кезінде ол туралы Ермұхан Бекмаханов, Манаш Қозыбаев сияқты атақты тарихшығалымдарымыз, Бұқар жырау, Бауыржан Момышұлы сынды көптеген ақын-жазушыларымыз жазды. Сіздер де Бекет Тұрғараевтың басшылығымен қайырымдылық қорын құрып, оның есімін халқына қайтаруға, ерлігі мен өрлігіне әділ бағасын беруге талпынып жатыр екенсіздер. Бұл өте дұрыс. Оның еліне сіңірген еңбегі осындай құрметке лайық.
Оның өмірі мен шығармаларын іздестіруге арналған ғылыми зерттеулердің тұрақты сипат алғаны жөн. Қытай мен Ресейдің, басқа да елдердің мұрағаттарында Қожабергенді мемлекет және саяси қайраткер ретінде сипаттайтын материалдар аз емес. Тек оларда оның есімі бір жерде “Хочи Береген”, енді бір жерде “Ходжа Мергень” деп қате жазылған. Басқаларды былай қойғанда, Қазақстанның өзінде оны білмейтіндер аз емес. Болашақ ұрпақ үшін осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек.
Қожабергеннің басты қасиеттерінің бірі – ол ұзақ уақыт қазақ халқының қалмақтарға қарсы соғысын ұйымдастырушы басшылардың бірі, қазақ халқы мемлекеттігінің негізі мен дамуының стратегиясын белгілеген екі ұлы хан – Әз Тәуке мен Абылайдың оң қолы болды.
Оның жалынды жырлары ұлтты ұйыстырып, басқыншыларға қарсы жұмылған жұдырықтай күресуге шақырды. Қожаберген өз заманының өте білімді адамы ретінде көрші мемлекеттердің стратегиясы мен тактикасын дұрыс түсініп, шағын халықтарды бір-біріне айдап салуға бағытталған зымияндық саясатын батыл әшкерелеп отырды. Қожаберген қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына басшылық жасап қана қойған жоқ, өзін шебер дипломат ретінде танытты, бірқатар мемлекеттерде Қазақ хандығының елшісі міндетін атқарды.
Дауылпаз жырау “Елім-ай” дастанын жазды, “Жеті Жарғыны” дайындауға атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, бір ғасырға жуық өмір сүрген Қожаберген Толыбайұлы туған халқының мүддесін қорғауға бағытталған көптеген даңқты істерге ұйытқы болды. Осындай қызметті ғана шынайы ерлік деп бағалаймыз. Біз оның теориялық мұралары мен нақты қызметін жан-жақты зерттегеннен кейін оның саяси қызметіне мемлекеттік деңгейде баға беруге тиіспіз.
Қожаберген, сөз жоқ, Қазақ елі тарихындағы тұтас бір құбылыс. Ол – қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресін басқарған ірі де жарқын тұлғалардың бірі. Қожаберген – ұлт ерлігінің символы. Сондықтан да біз оның есімін халқына қайтару, оның ерлігіне лайықты баға беру арқылы бүгінгі және келешек ұрпақты халқымыздың ұлы патриотының рухында тәрбиелейтін боламыз. Осындай адамдардың өмірімен халықтың тағдыры қалыптасады, елдің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Салық ЗИМАНОВ,
академик.
(“Солтүстік Қазақстандағы тәуелсіздік үшін күрестің тарихы” деп аталатын ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінен).
