«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қозыбаев оқулары халықаралық маңызға ие

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Қозыбаев оқулары–2020: заманауи қазақстандық ғылым дамуының басым бағыттары, жетістіктері мен инновациялары» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция zoom платформасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Алқалы басқосу Қазақстанның білімі мен ғылымына теңдессіз үлес қосқан тарлан тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шара шеңберінде университеттің үшінші корпусында орналасқан «Абай» ғылыми-әдістемелік орталығының тұсаукесері өтіп, жиналғандар ойшыл ақын жайлы топтастырылған мазмұнды материалдармен танысты. Кабинет заманауи талапқа сай етіп безендірілген. 2D, 3D формат үлгілері бойынша ақпарат алуға, аудиожазба тыңдауға, «Look Ap» бағдарламасының көмегіне жүгінуге болады. Орталықты жарақтандыруға екі айдай уақыт жұмсалыпты. Оны «Kim kompfny»: IC ЖШС-і болашақ ғалымдар мен студенттердің ғылым жолына деген құлшынысын оятатын үлкен ғылыми алаңға айналдырыпты.


  Конференцияға еңселі оқу орнының ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева модераторлық етті. Ол өз сөзінде бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдардамасы аясында студенттердің, магистранттардың, докторанттардың ғылыми әлеуетін дамыту мақсатымен «М. Қозыбаев атындағы Ұлы Дала тарихи-мәдени» және «Этномәдени» зерттеу орталықтары құрылғанын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың алқалы басқосуға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып беріп, академиктің жұбайы Сара Пішенбайқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Университет басқармасының төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Ербол Исақаев жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін «Қозыбаев оқуларының» маңызы мен танымдық рөліне тоқталды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, университет оқытушысы, академик Зарқын Тайшыбай өз сөздерінде Абай орталығының ашылуы елеулі оқиға ретінде есте қалатынын айта келіп, мұнда өңір өміріне, ұлт зиялыларына қатысты сүбелі зерттеулердің жинақталып, жарық көретініне сенім білдірісті.
Әлемнің әр қиырынан ғалымдар мен студенттерден онлайн-байланыс арқылы үш жүзге жуық баяндама келіп түсті. Олардың арасында дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың ұрпағы, Франциядағы қазақ мәдени орталығының өкілі Абдулсамет Алтай, Түркиядағы Минар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Қырғыз Республикасы сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, Зайдин Құрманов, Қытай Орталық ұлттар университетінің профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы, Миколас Ромерис университетінің профессоры Саулюс Нефас /Литва/, Самара мемлекеттік басқару университеті герман тілдері кафедрасының доценті Андрей Кириллов /Ресей/, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, тағы басқалары болды. «Қазақ тарихына қатысты кейбір мәселелер», «IT өндірістік төңкеріс кезеңінде оқу-ағарту және тарихи зерттеу тәсілдерінің жаңа бағыттары», «ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы Қырғызстан қазақтары арасындағы саяси қуғын-сүргіннің ерекшеліктері», «Тарих сабақтарының өзектілігі. Олар не үйретті?», «Қазақ тарихын зерттеудегі инновацияның мәні», «Алтын Орда мен қазақтардың тарихи сабақтастығы: еске алу және репрезентация мәселелері», «Академиктің аманаты», «Академик Манаш Қозыбаевтың хакім Абай туралы зерттеулері хақында» тақырыптары бойынша баяндамалар қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде оқылып, құнды ой-пікірлер айтылды. Қазіргі замандағы білім мен ғылымның өзекті проблемалары да қозғалып, әлеуметтік мәні жоғары жобаларды жүзеге асыру жолдары сараланды. Ғылымның түрлі салалары қамтылған секцияларда өзара іс-тәжірибе алмасылып, «Қозыбаев оқуларының халықаралық маңызға ие болғаны атап көрсетілді.
Студенттердің қатысуымен өткен «Жастарға Манаш сенетін!» әдеби кеші, «Тәуелсіздік жаршысы» кітап көрмесі де тағылымға толы болды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp