
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген төрт түліктің бірі – Шопаната төлі – қазақ халқының бір ырысы. Ата-бабамыз отар-отар қой өсіріп, оның етін азық қылып, тері мен жүнінен киім-кешек тігіп, жауырындары – сызға, табандары жерге тимеген. Сондағы тұяғы мен қиына дейін пайдаланылған үй жануарларының терісі мен жүні бүгін керексіз сияқты…
Өткен жылдың көктемінде іссапармен Уәлиханов ауданына барған кезімде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің қырықтық науқанының үстінен түстім. Жүнді қоқысқа тигізбей, жұлмаламай қайшы салу қажеттігін бала күннен білгендіктен бе, сол жолғы бақташылар қойды қалай болса солай қырқып жатқанын көрген кезде таңырқағаным рас. Ал қырқылған жүнді олар бір төмпешік етіп үйіп, оған от салған кезде, тіптен ішім ашыды. Шаруашылық басшысы бұл күндері қойдың жүнін ешкім қабылдамайтынын, осынша затты қоқыс қылып сақтай алмайтынын айтып, ағынан жарылды. Осылайша көз алдымда 100 бастан артық қойдың жүні түтіндеп, күйіп жатты.
Елімізде жүнді сатып алу және қайта өңдеу кәсіпорындарының басын біріктіретін кластер құру керек деген ой айтылып жүргелі қай заман?! Алайда, оның нәтижесі біздің өңірде тіптен байқалмайды. Ел экономикасын көтеру мақсатында Үкіметіміз ауыл шаруашылығын кешенді дамытуға аса мән беріп, түрлі бағдарламалар жасап, мал өнімдерін ұқсатуға шындап бетбұрыс жасады. Соңғы жылдары ірі қара, жылқы, қой мен шоқша өсіру бойынша іргелі агроқұрылымдар мен шағын шаруашылықтар қалыптасты. Соның ішінде қой шаруашылығының даму үдерісін назарға алар болсақ, бүгінде облыс аумағында 305,5 мың бас қой бар. Оның 1500 басы биыл мал тұқымын асылдандыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сырттан әкелінген. Яғни, өңірде мал басын көбейту қарқыны бар. Қой етінің қалыптасқан нарықтық бағасы да белгілі. Тірі мал 15-40 мың теңге аралығында сатылады. Ал бірақ, қойдың жүніне деген сұраныс жоқтың қасы. Бір қой 2-2,5 килограмм жүн береді десек, қырықтық көктем және күз айларында жылына екі рет жүргізілетінін ескерсек, оны сатып алатын қосындар болса, иелері бұл бағыттан да өз несібесін көрер еді. Алайда, малдың бейнетін көріп өсірген малшылар табыстың жан-жақты болуының ретін таппай отыр.
Елімізде, әсіресе, өңірімізде қой жүнін сатып алу және қайта өңдеу өндірісінің жоқтығы, жеңіл өнеркәсіптің дамымауы, қолөнердің кенже қалуы, осы бағыттағы кәсіпкерлікке деген немқұрайдылық қолымызда бар шикізатты ысырап етуге жол беріп отыр. Бірақ, біз өз шикізатымызды шетел кәсіпкерлеріне сатып, олардың тауарларын қымбатқа алғанға разымыз. Мәселен, Ресей мен Қытай нарығынан үздіксіз жеткізіліп жатқан пиманы, киіз аяқкиімдерді, әскери шинельдерді тігетін шеберлер өз елімізден табылмай ма?
Солтүстіктің қытымыр қысы адамды пима мен тон, қалың тымақ киюге мәжбүрлейді. Бұл малдың жүні мен терісінен жасалған заттарға сұраныстың болатындығын білдіреді. Ендеше солтүстікқазақстандықтарға малдың несібесін көріп, табыс табуына не кедергі?
– Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды өңірлерінде жүн жинау жағы ойластырылған. Олардың шикізатын Ресейдің жақын облыстары келіп әкетеді. Сондай-ақ Семей мен Алматы облыстарындағы қайта өңдеу кәсіпорындары сатып алады. Бұған, әрине, олардың қойларының тұқымы мен жүнінің сапасының оң әсері бар. Жүннің бір килограмы 100 теңгеге бағаланады. Біздің қойлардың жүндері қылшықты саналады, яғни жеңіл өнеркәсіп бұйымдарына жарамсыздау. Бұрын біздің жақтың жүндеріне қытайлықтар ынталы еді, олар да тоқтатқан. Біздегі қойлардың жүні – ресейліктердің пима, киіз, солдат шинелін жасауларына таптырмайтын шикізат. Жүндегі ең бір ауыр технология – оның шуашын кетіру. Ал бізде оны жуып, өңдейтін жер жоқ. Жүнді жинау үшін оны қайда жіберетінімізді білуіміз керек. Өзімізде қой жүні мен терісін өңдейтін шағын цех немесе кәсіпорын ашып, өндіріс саласын дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осы бағытта бизнесті қолға алған кәсіпкерге орта және шағын кәсіпкерлікке жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың көмегі болары сөзсіз, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.
Біздің өңірдің сықырлаған қытымыр суығында жұрттың пима іздейтінін білгендіктен, облыс орталығындағы базарға әдейі барып, ондағы тауарлардың жайын білген едім. Сұрастыра келе, сатылатын пималардың басым бөлігі жергілікті кәсіпкерлердің тауарлары екендігін, бұл тауардың ресейліктердің тауарларына қарағанда, сапа жағынан жоғары бағаланатынын естіп, қуанып қалдым. Әсіресе, Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылындағы пима цехының өнімдерін тұтынушылар жапырлап сатып алады екен. Бұл жердегі айтпағым: өзіміздің өнім өндіретіндей мүмкіндігіміз бар екендігін еске салу. Біздің базарлардан ресейліктердің киізден тігілетін тауарларының түрлерін көбейтіп, кәсіпкерліктерін дамытып отырғандығы да байқалады. Олардың әйелдерге арналған киіз аяқкиімдері көз тартады. Ондай тауарлар жасау біздің шеберлердің де қолынан келетін іс деп ойлаймын. Біздің қойлардың жүнінен жасалатын сарбаз шинельдері мен аяқкиімдерін біз сырттан сатып аламыз. Ал қолымызда бар шикізатты кәдеге жаратып, одан шыққан тауармен өзімізді қамтамасыз етіп, қалғанын шетелдерге сатсақ ше? Әлде біз басқаның қымбатқа түсетін тауарларын сатып алғанға мәз болып жүре береміз бе?
Былтыр облысқа 1500 бас “Еділбай” тұқымы Орал, Жезқазған жағынан әкелініпті. Қазақстанның табиғатына төзімді, етті, ірі, асылтұқымды малды өсірген шаруа өз ырысын көрері сөзсіз. Ал бұл қойдың терісінен жақсы тон шығатынын, киіз басуға да таптырмас шикізат екенін ескерудің орнына, тығырықтан шығудың жолын іздеместен, оның жүнін тағы отқа жағуға мәжбүр боламыз ба?
Еліміздің Жамбыл облысында жүн өңдеу кәсіпорны, Семейде тері өңдеу зауыты ашылған. Ал біздің облыста жалғыз ғана кәсіпкер жүн қабылдау қосынын ұстайды. Ол “Петропавл қой жүнін өңдеу” деп аталатын кәсіпорында пима және киіз жасаумен айналысады. Бұл мал шаруашылығын дамытуды мақсат етіп отырған өңір үшін жеткілікті ме? “Шетелдіктердің жүн мен тері сатып алу қарқыны нашар”, “инвесторлық қолдау көрсететіндер шықпай отыр”, “өндіріс ашсақ, оның тауарын өткізудің мүмкіншілігі төмен”, “ел ішінде жүннен жасалған бұйымдарға сұраныс жоқ” деген сияқты қырық сылтау айтып, қол қусырып отыра береміз бе?
Осыдан 20-25 жыл бұрын қойдың жүнінен жасалған бұйымдар сұраныста болатын. Қойдың жүнін жуғанда айырылған шуаш майынан хош иісті сабын мен далап жасайтын. Біздің қылшық жүнді шикізат Алматыға кілем тоқуға жіберілетін. Арғы тарихты айтсақ, біздегі Былғары зауыты Ресей Императоры ІІ Николайға тон да тігіп берген. Яғни, малдың терісі мен жүнінен бұйымдар жасау – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр. Әрине, кез келген өнімге немесе тауарға деген сұраныс болмайынша, кәсіп ашу мүмкін емес. Өткен жылдары облыс орталығында қой терісін өңдейтін шағын цех ашылып, онда теріні илеп, өңдейтін бұйымдар тігетін шебер қолдар қалыптасқан. Бірақ нарық қыспағына шыдай алмаған өндіріс жабылып қалса керек. Алайда, бүгінгі базар, дүкендерде қой жүні мен терісінен жасалған бұйымдарға сұраныстың бар екеніне қарап, бұл өндіріс керексіз дегенге күмән келтіруге болады. Мүмкін, бұл бағытта жұмысты жаңаша ұйымдастыру қажет шығар? Қолы епті адам осы салада өз кәсіпкерлігін жандандырса, еңбегі еш кетпейді деп ойлаймын. Сондай-ақ ол мал бағып отырған көптеген жерлесіне табыс табудың ретін тудырады.
– 2014 жылдан бастап қолға алынатын “Агробизнес – 2020” бағдарламасының бір бағыты осы қой шаруашылығы мен оның өнімін іске асыруға арналып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау күтілуде. Малды жайлауға шығарудан бастап, оның инфрақұрылымдарын қосуға дейін көмек көрсету жоспарланған. Тіпті, қойшыларға үй де салынып беріледі. Ендеше қой шаруашылығы жақсы қарқынмен дамыса, оның өнімін өткізу үшін мемлекеттің қолдауы болары сөзсіз. Сондықтан жүн, тері өңдеу және өнім жасауды көздеген адамдар жайбарақат қалмасын деген тілегім бар, – дейді Алтынбек Абдуллаев.