Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірімізді 378 омыртқалы жануар түрі мекен етеді. Олардың 57-сі – сүтқоректі. Құстың – 283, бауырмен жорғалаушылардың – 5, қосмекенділердің – 6, балықтың 30-ға жуық түрі бар.
Омыртқасыз жануарлардың ішінде жәндіктердің алуан түрі кездеседі. Өңіріміздің су экожүйесінде маңызды рөл атқаратын қалқыма су организмдері есекаяқты шаяндар, бұтақмұртшалар және коловраткалар болып негізгі үш топқа бөлінеді. Қосмекенділерден сұр және жасыл құрбақа, сібір көлбақасын атап өтуге болады. Ал жорғалаушыларға секіргіш және жасыл кесіртке, кәдімгі сарыбас жылан мен дала жыланы жатады.
Аққайыңдар өлкесіндегі құстар әлемі де сан алуан – омыртқалы қанаттылардың 20 түрі бар. Өңірдегі барлық құстардың үштен бірі торғай тәрізділер. Олардың ішінде кең тарағаны – жау торғай, ұзақ, сұр қарға және шетенді торғай.
Өлкемізде қаздың – 5, ал үйректің 18 түрі бар. Оларды аулауға рұқсат етілген болса, 20-ға жуық жыртқыш құстың 5-еуі еліміздің Қызыл кітабына енгізілгенін айта кеткен абзал.
Кеміргіштерден бәрімізге таныс тышқан, тиін, саршұнақ сияқты жа-нуарлардың 12 түрі кездессе, жыртқыштардың да осынша түрі бар. Дала тағысына түлкі, қарсақ, сасық-күзен, сарыкүзен, борсық жатады. Сусар, құндыз, қаракүзеннен басқаларын аулауға болады.