«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЙНАУЫ ТҰНҒАН ТАРИХ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы жарық көргенде онда көтерілген келелі мәселелерді оқып, төбеміз көкке жеткендей қуанған едік. Рухани жаңғыруымыздың жаңа бағыттарын айқындаған құжаттың жалғасы ретінде жуырда Мемлекет басшысы “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласын жариялады. Президентіміз ХХІ ғасырдағы ғылымға, өркениеттер жылнамасына, отандық тарихқа қатысты жаңа танымның, құндылықтардың көкжиегін ашып беріп отыр.

Халқымыздың тарихы Қазақ хандығының негізі қаланған уақытпен өлшенбейтіні рас, сан жылдық соқпақ жолы бар. Оған дейін біздің ұлан-байтақ даламызда көптеген ру-тайпалар өмір сүрген. Бұл, Елбасымыз атап көрсеткендей, ұлттық тарихымыздың көкжиегі кең екенін, бұ­ған дейін де айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Елбасымыз өз мақаласында ғасырлар көшінде қалыптасқан тарихи мұраларымыздың арқасында бүгінге аман-есен жетіп отырғанымызды айта келе, “Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді”, – деді.

Біздің жеріміз материалдық мә­де­ниет­тің көптеген құндылықтарының пайда бол­ған орны, бастау бұлағы десек, асыра айт­қандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажы­рамас бөлшегіне айналған мыңдаған бұйым­дар кезінде біздің өлкемізде ойлап та­был­ған. Ұлы даланы мекен еткен ежел­гі адамдар талай техникалық жаңалықтар ашып, бұрын-соңды қолданыл­ма­ған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адам­зат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне заманның күмбіріндей заманымызға жеткен жәдігерлердің біразы біздің облыс аумағынан табылғаны шындық. Мәселен, өткен тарихымыздың куәсіндей болған киелі орындардың бірі Айғаным қонысы туралы айтпай кетуге болмас.

Бұл қоныстың салынуы ХІХ ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. Патшаның арнайы бұйрығы бойынша құрылыс жұмыстарына бес мың сом бөлінеді. Патша бұйрығында құрылысты жедел жүргізу жағы көрсетілгенімен, оны салу 1824 жылдан 1834 жылға дейін созылған. Айғанымның өтініші бойынша үйдің жанынан мектеп, медресе, мешіт, монша, қонақүй, тұрмысқа қажетті диірмен, аткерме сияқты ғимараттар бой көтереді. Айғаным қонысының бүгіндегі мекенжайының айнала төңірегін мұқият зерттеп, топырағының құнарлы, егіншілікке де тиімді, яғни отырықшы тұрмысқа ыңғайлы екенін аңғару қиын емес. Осыдан-ақ, Айғаным ханшаның көрегендігін аңғарасыз. Кейін аталмыш жер нағыз сұлу қонысқа айналып, әсіресе, ұрпақтары мен сол жерді мекендеушілердің жүрегінен берік орын алғанын байқаймыз. Бұл қоныстың, әсіресе, аққан жұлдыздай жарқ етіп, қазақ тарихында мәңгілік өшпес ізін қалдырған Шоқанның өміріне ғажайып әсер еткендігін айтсақ та жеткілікті. Сырымбеттің сұлу табиғаты Шоқанға шабыт беріп, “Сырымбеттегі Айғаным мекенжайы”, “Мекенжайдың шығысынан қарағандағы көрінісі”, “Ханшаның ескі үйінің сипаты” деген суреттер салынғаны тарихтан белгілі. Бұларға қосымша “Сырымбет тауы”, “Сырымбет тауы мен оның төңірегінің схемалық картасы” аталатын топографиялық жұмыстарды да ғалым осы жерде жазған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Айғаным ханымның қонысы 1993 жылы қайтадан қалпына келтірілді. 2008-2010 жылдары Айғаным ханша қонысын күрделі жөндеу мақсатында мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 32 миллион теңге қаражат бөлініп, “Казреставрация” мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы жөндеу жұмыстарын жүргізді. 2011 жылы республикалық бюджеттен 18 млн. 400 мың теңге қаржы бөлініп, ол қаржыға қоныс жанына жел диірмен орнатылды. Қазір мыңдаған адам келіп, тамашалайтын, тарихқа саяхат жасайтын қасиетті орынға айналған бұл жерге жерлестерімізбен қатар, Түркия, АҚШ, Ресей, Германия мемлекеттерінен қызықтап келушілер де бар.

Бүгінгі күні Шоқанның барлық қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысында және Сырымбет мұражайында сақтаулы. Мұражайда 8 мыңға тарта жәдігер бар. Олардың қатарында ханымның қолданған самаурындары, ат әбзелдері, ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген аю терісі, сандықтар, Шоқанның үстелі, қаламдары секілді қайталанбас құнды жәдігерлер сақтаулы. Басына құлпытас орнатылған Айғаным ханымның мәңгілік мекені де қоныстың маңында. Ханымның қолданған заттары, Шоқанның қаламдары секілді қайталанбас құнды жәдігерлер ерекше қымбат. Осының бәрі Ұлы дала тарихының тереңде жатқанын аңғартпай ма?

Елбасымыз мақаласында “Ұлы дала” атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүм­кіндігіміз бар екенін айтты. Менің ойымша, оған Мемлекет басшысы айтқан озық өнер, тех­но­логия үлгілерімен қатар Айғаным қонысы сияқты өзге де жәдігерлердің экспозицияларын қоюдың маңызы зор. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің рухани өмірінің өрістеуіне ықпал етсе, екіншіден, еліміздің әрбір тұрғынының қазақ халқының тарихына деген құрметі мен қызығушылығын арттырары сөзсіз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Президент бастамалары еліміздегі тарих ғылымы мен руханияттың дамуының жаңа белесіне жол ашады. Осы арқылы қоғамдық ой мен сана жетіледі, мемлекетшілдік пен отаншылдық идеясы жаңғырады, ұлттық сәйкестік пен береке-бірлік орнығады. Бұл, әсіресе, біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз үшін, оқытушыларымыз үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Біздің міндетіміз мақалада көтерілген бастамалар мен міндеттерді ойдағыдай орындап, халықты, қоғамды осы мақсатқа бір кісідей жұмылдыру болмақ.

Нұргүл ҚҰЛБАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы директорының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp