
Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты көптеген ұйымдар қашықтан жұмыс істеуде. Мәдениет саласы қызметкерлері де қысыл-таяң шақты ұтымды пайдалануда. Бұл орайда, облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры үздік спектакльдерін көрермендерге онлайн ұсынуда.
«Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілері мен «You Tube» арнасы арқылы театрсүйер қауымға жол тартқан алғашқы спектакльдердің бірі Н.Гогольдің «Ревизоры» болды. Режиссері — Барзу Абдуразаков. Төтенше жағдайлар кезінде көрермендер «Шолпанның күнәсі», «Жан дауысы», «Мама» қойылымдарының бейнекөрсетілімін онлайн тамашалай алады.
Сонымен қатар, балаларға да базарлық бар. Кішкентай көрермендер үшін «Сиқырлы дүбір» ертегісі ұсынылмақ. Дарынды режиссерлер «Мәдениет қайраткері» Баатырбек Шамбетов, Фархат Молдағалидің спектакльдерін көпшіліктің тағатсыздана күтетіні сөзсіз. Сондықтан театр ұжымы бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, көрермендерді қойылымдарды онлайн тамашалауға шақырды.