Биылғы орақ науқаны ауа райының өте күрделі жағдайында жүргізіліп жатыр. Соның өзінде де облыс диқандары қолайлы сәтті қалт жібермей, маңдай термен өсірілген астықты қамбаға құйып алу үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің 10 қазандағы жедел ақпаратына қарағанда, 3274,2 мың гектар егін алқабының 2842,1 мың гектары шабылды, ол жоспарлы алқаптың 86,8 пайызы. Орақ науқаны басталғаннан бері 2675,2 мың гектар жердің астығы бастырылып, жоспар 81,7 пайызға орындалды. Өнімділік 15,4 центнерден айналуда. Бүгінгі күнге дейін жиналған астық 4112,3 мың тоннаны құрайды.
Ақжар (92,7%), Уәлиханов (91,6%), Жамбыл (91,4%) аудандары бұрынғысынша дәнді дақылдарды дестеге түсіруде көш басында келе жатса, Шал ақын (79,3%) мен Тимирязев (80%) аудандарында әлі бұл орайда атқарылатын істер аз емес. Астық бастыруда Уәлиханов (91,6%) пен Айыртау (84,8%) аудандарының басқаларға қарағанда қарқыны жоғары. Шал ақын (70,2%), Тимирязев (75,7%) аудандары астық бастыруда да көш соңында келеді.
Кешегі күнге дейін 361,1 мың гектардың (60,5%) майлы дақылдары шабылып, 154 мың гектары (25,8%) бастырылды. Майлы дақылдардың шығымдылығы гектар басына 11,7 центнерден айналуда. Облыс бойынша 27,2 мың гектардың картобы мен 5,0 гектардың көкөнісі жиналып, олардан тиісінше 188 және 272 центнерден өнім алынуда.
Облыстық
ауыл шаруашылығы басқармасы.