«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоламсадан хлорелла құтқара ма?

Қызылжарлықтар қолқаны қапқан қоламсадан қашан құтылады? Бұл қаламыздың әрбір тұрғынын толғандыратын сұрақ. Көктем туысымен жел теріскейге ауысса, қаланы күлімсі иіс кеулеп, тыныс алу қиындап кететіні жасырын емес. Әсіресе 19-шы, 20-шы шағынаудандар мен “Заречный” кентінің тұрғындары ыстық күнде есік-терезесін қымтап жүреді. Борсыған истің көзі – қала сыртындағы биотоған. Яғни, кәріз желісі мен жаңбыр суы құйылатын көл. Аумағы да кішкентай емес, 450 гектарды алып жатыр, сыйымдылығы 12 миллион текше метр. Қаланы тұншықтыратын иіс – осы жерден тарайтын күкіртсутегі газы.

Жуырда ғана Жәлел Қизатов көшесіндегі 3-ші үйде орнатылған №6 бекетте күкіртсутегінің ауадағы құрамының белгіленген нормадан бірнеше есе асып кеткені тіркелген. Норма демекші, егер текше метрдегі газдың үлесі 0,008 миллиграмнан аспаса қалыпты деп есептеледі. Одан артса, адам денсаулығына зиян. Ал бұл “мүңкіменің” зардабы қандай? Алдымен, жүрек айнытатын иіске шыдаудың өзі қиын. Тіпті адам уланып, өліп кетуі де мүмкін. Кейбір, сезімтал адамдардың осы иіс шыққан күндері көзі қызарып, тамағы жыбырлауы мүмкін. Бұл уланудың алғашқы белгілері. Мұндай жағдайда көзді ас содасы қосылған сумен шайып, сүт немесе минералды су ішу пайдалы. Ал жағдайы тіпті нашарласа дәрігер көмегіне жүгінгені абзал. Күкіртқышқыл газын – жаналғыш деп те атайды. Өйткені улы газбен жиі тыныстаған адамдарда созылмалы өкпе аурулары пайда болады дейді мамандар.

Бұл мәселені қалай шешеміз деген сауалды экологтар талай рет көтергенімен, тығырықтан шығар жол табылмай отыр. Осыдан бірер жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жанындағы ғылыми орталықтың ғалымдары бір жолын ұсынған еді. Тәсіл – өте қарапайым. Арзан әрі тексерілген. Көлді биологиялық жолмен тазартпақ. 50 миллион теңгенің көлемінде ақша болса, ғалымдар қыста балдыр жібереді.

Бұл не қылған жоба деген сауал тұратыны заңды. Түсіндіре кетейік. Кәдімгі суда кездесетін жап-жасыл балдыр бар емес пе? Иә, көрер көзге жағымсыз, ұстауға да жиіркенішті жіпше шұбатылған өскіндер. “Удың бетін у қайтарады” демекші, жағымсыз иісті жоятын да осы сүйкімсіз балдырлар. Атауы – хлорелла. Бір жасушалы ағза.

“Ғылыми-технологиялық су орталығының” директоры Александр Рейбандттың айтуынша, бұл балдыр зертханада өсіріледі де, көлге тек қыста жіберіледі. Өйткені хлорелла басқа балдырлардан ерте оянып су бетіне шығады, әрі қарай өзі өсіп, көбейе береді. Басты қызметі – көмірқышқыл газын сіңіріп алып, оттегін бөледі, яғни, қолқаны қабатын күлімсі иісті жояды. Бір литрінің бағасы 950 теңге болса, 5 литрі 1 гектар аумаққа жеткілікті.

Ғалымдардың айтуынша, бұл ұсынысты жүзеге асыруға жергілікті билік құлық танытпай отырған көрінеді. Есесіне, Шымкент, Қостанай, Алматы қалаларының тұрғындары балық өсіретін үй ауласындағы шағын бассейндеріне және көл жалдап отырғандар сатып алатын көрінеді. Біздің облыста тек 1 адам ғана сатып алып, көлге құйған. Онда да көп емес, шағын мөлшерде ғана.

Ал биотоғанның иесі саналатын “Қызылжар су” кәсіпорнының су өткізу кешенінің жетекшісі Ербол Нәбиевтің айтуынша, бар мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Қалалық әкімдік мақсатты түрде ақша бөлетін болса, хлорелланы сатып алып, іске кірісуге әзір. “Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Пенза облысында болғанымызда, хлорелланың тиімділігін көрдік. Бөтен иіс жоқ. Себебін сұрағанымызда, осы әдісті пайдаланып жатқандарын айтты”, – дейді ол.

Қалалық әкімдіктегілер болса бұл мәселенің орталықтандырылған кәріз желісін жаңарту арқылы шешу керек дейді. Жұмыстар сонау 2005 жылдан бері жүргізіліп жатқан көрінеді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айбек Қоржымбаевтың айтуынша, қазіргі күні жұмыстардың 3 кезеңі аяқталып, 2,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржы жұмсалған. Арықтық-тазарту жүйесі толық іске қосылғанда барлық қалдықтар автоматты түрде тазартылып, жағымсыз иіс жойылады. Бүгінде соңғы кезеңін жүзеге асыруға арналған жобаны түзеп, іске асыру ғана қалыпты. Оған да 1,5 миллиард теңге бөлінген. Ал ғалымдар ұсынған жобаны жүзеге асыруға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан қызылжарлықтарға әкімдіктегілердің жоспары жүзеге асқанша “жел терісінен тұрмаса екен” деп тілеуден басқа амал қалмаған сыңайлы. Айтпақшы, жағымсыз иіс – Петропавлға ғана емес, орталық кәріз желісі бар барлық елді-мекендерге тән проблема. Елорданың өзінде әлі күнге дейін шешімі табылған жоқ.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp