Фармацевтика саласында күрделі мәселе көп, соның бірін петропавлдық Зәуре Құрманбаева көтеріп жүр. Дайындалатын дәрі-дәрмектің сапасын сараптауға қатысты туындаған қиындықтар туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы өткізген кезекті брифингте айтылды.
Даудың басы осыдан бір жыл бұрын Денсаулық сақтау министрінің “Дайындалған дәрілік препараттарға дәріханаішілік бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы” қаулысы күшіне енгеннен кейін дәрі-дәрмектерді сараптамадан өткізетін ұлттық орталықтың аумақтық филиалының жабылып қалуынан басталған. Осы өзгертуден кейін кәсіпкер үшін өздері дайындайтын препараттарының сапалық сараптамасын дәлелдеу қиындап кеткен. Медицина саласындағы қатаң талаптарды сақтау қажеттігін ескерсек, қолма-қол дайындалатын сұйық және қоймалжың препараттардың құрамын ұдайы тексеріп отыру кәсіпкерге үлкен міндет жүктейді. Ал аумақтық зертхана жабылған соң препараттардың құрамын айқындайтын химиялық реактивтер мен ерітінді концентрацияларын сатып алу қиындаған. Кәсіпкердің айтуынша, министрліктің қаулысы негізінде кейбір өңірлердегі тиімсіз бөлімшелерді қысқартқаны орынды, бірақ, сол филиалдың жұмысымен сабақтасып жатқан мекемелердің қызметін әрі қарай үйлестіру керек. Өйткені, кәсіпкер қажетті медициналық қоспаларды Қостанай қаласындағы аккредиттелген зертханадан алдырайын десе, ондай сауда жасауға жоғарыдан ешқандай нұсқау алмаған олар сатпай отырған көрінеді.
Біздің облыста дәрілік препараттар дайындайтын бес дәріхана бар. Оның үшеуі мемлекеттік мекеме болса, екеуі жекеменшікте. Зәуре Құрманбаева басшылық ететін №87 дәріхана Петропавл қаласындағы және көптеген аудандағы ауруханалар мен емханалар үшін дәрілік препараттар дайындайтын, яғни қызметі аса қажетті орталық. Кәсіпкер өз мәселесін айтып, облыстағы фармацевтикалық ұйым қауымдастығынан көмек сұраған. Олармен бірге жарты жыл бойы тиісті орындарға шағымданып, табанын тоздырған. Істері алға баспаған соң, екі жақ бірігіп, сәуір айында облыстық кәсіпкерлер палатасына өтініштерін білдірген. Бүгінде аталмыш ұйымның араласуымен мәселе орнынан қозғалған сыңайлы. Олар тиісті ведомстволық органдарға қаулыға толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы ұсыныс жобасын тапсырыпты. Басқа өңірлерден жақтас әріптестер де тапқан. Алдағы уақытта ел бойынша өзекті болып тұрған бұл мәселенің оң шешімі табылады деген сенімде.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.