Емтиханға қалай дайындалу керек? Бұл сұрақ мектеп бітірушілерді, олардың ата-аналарын, мұғалімдерді қатты толғандырады. Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушылар үшін өте жақсы дайындықты талап ететін маңызды сынақ. Осы орайда өз тәжірибеммен бөліспекпін.
Бұл сынаққа түрлі әдістермен дайындалуға болады. Әрине, мектептегі жақсы үлгерім – тестілеуден өту кезінде сәттіліктің кепілі. Егер оқушы орта мектептің барлық курсы барысында жақсы білім деңгейін көрсетсе, тестілеуден кейінгі нәтиже күткендегідей болары сөзсіз. Мен бірнеше жылдан бері оқушыларды қазақ тілі пәні бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жүрмін. Осы орайда айтарым, бала сынақ тестілерді толтырғанда басқалардан көмек сұрамай, өз-өзіне сенімді болуы керек. Тестіге дайындалған кезде тапсырманы оқып, түсініп, оның жауабын ҰБТ-ға арналған жеке дәптерге жазып отырғаны абзал. Өйткені, арнайы дәптерге түртіп отырған мәлімет есте сақталады және бұл уақытты бірінші күннен бастап тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Ал тестілеу кезінде білетін сұрақтардың жауабын бірден белгілеу парағына толтырған жөн. Осы арқылы тағы да уақытыңды үнемдейсің. Әріптестеріме айтарым, дайындық барысында диалогтық оқыту модулін қолдану пайдалы. Мысалы, балалар бір-біріне сұрақ қойып, оның жауабын дәлелдеуі тиіс. Сондай-ақ, оқушы өзі тест құрастырып, оның жауабын іздегені жөн. Құрастырған тестті сыныптастарымен жиі алмастырып, жауабын іздеуге талпынса, танымдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да дайындалады.
Бүгінде оқушылардың психологиялық дайындығы арнайы тоқталарлықтай маңызға ие. Ұлттық бірыңғай тестілеу әдісі енгізілген он жылдан астам уақыт ішінде балалардың психологиялық дайындығының әлсіздігінің салдарын естіп жүрміз. Бұған дайындық барысында күйгелектік танытатын біздер – білім саласының мамандары мен ата-аналар кінәлі шығармыз деп те ойлаймын. Осы орайда ата-аналарға айтар кеңесім, дайындық кезінде баланың аздаған үзіліс жасап отыруын бақылауға алыңыз. Шаршамай тұрып, демалу қатты шаршамаудың ең тиімді емі екенін түсіндіріңіз. Ата-аналар тарапынан ең басты көмек – олардың қолдауы мен өз балаларына деген сенімі. Осыны естен шығармасақ екен.
Гүлнұр ҚАПЕЗОВА,
Озерное орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.