«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІ КӨП

Қызылжарға жұмыс сапарымен келген Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Мемлекеттік гранттарды қаржыландыру жөніндегі жобалау кеңесінің менеджері Құралай Жақсыбергенова келіп, грант беру тетіктерінің биылғы ерекшеліктері туралы айтты. Бұл орталық үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттарды берумен және олардың жүзеге асуын бақылаумен айналысады.

Аталмыш орталық азаматтық қоғам институттарын жанданды­руды көздеп, адамдардың белсенділіктері мен бастамашылдықтарын қолдау үшін құрылған. Барлық жоғары дамыған демократиялық елдерде мұндай әрекеттер жақсы жолға қойылған.
Үкімет аппаратының халыққа пайдалы көптеген қажеттіліктерді өтеуге жағдайы келе бермейді. Мұндай жұмыстар олардың лауазымдық функциясына да енбейді. Жол тазалығын сақ­тау, гүлзарларды күту сияқты жұмыстарды атқаратын арнайы жаб­дықталған бригадалар да қалтарыс-бұлтарыстардағы үйілген қоқыстан, құрылыс қал­дықтарынан ада қылу, аула­лардың ішін абаттандыру және т.б. жұмыстарды атқарудың мін­детін мойнына алмаған.
Кеңестік кезеңде және одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында жергілікті билік қоғамдық жұмыстарды атқаруға бюджеттен жалақы алатын халықты мәжбүрлейтін. Барлық абаттандыру, ағаш егу, кесу, олардың түбін бояу, гүл отырғызу сынды жұмыстар мұғалімдер мен дәрігерлердің міндеті сияқты көрінетін. Осының өзі олардың құқын бұзу, күштеу және мәжбүрлеу, яғни заңсыз екенін ешкім қаперіне де алмайтын. Қоғамға пайдалы жұ­мыс болған соң халық өз еркімен сенбілікке шығады, ондайға қуана келіседі деп ресми насихат жалаулатып жатқанымен оның да түбінде адамдарға ақы-пұлсыз, еріксіз жұмыс істету, сөйтіп олардың құқын бұзу елес береді.
Ендеше, осындай жұмыстарды кім атқарады, аулаларды абаттандыру, балалар алаңын жасау кімге жүктеледі? Сонымен қатар мәдениет, білім беру, қоғамдық келісім, әлеуметтік және тағы бас­қа салаларда ұсыныстар болса, жобалар жасалса – оны кім атқаруы тиіс?
Бұған үкіметтік емес ұйымдар жауапты. Олар мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар негізінде жұмыс істейді. Дамыған шетелдерде осыған қатты көңіл бөлінеді. Мысалы, Германияда 31 млн. адам бос уақыттарында қоғамға қажетті осындай еңбектер­мен айналысады. Онда қоғамға қажетті жұмыстарды атқаруды ұсынатын бастамашыл топтар 600 мыңнан артық бірлестіктердің басын қосады екен. Азамат­тардың бастамашылдығымен және белсенділігімен әлеуметтік денсаулық, спорт, білім мен ғылым салаларында көптеген жұмыстар атқарылады. Оларды қаржыландыратын 14 мыңға жуық қор ұйымдастырылған. Қаржының негізгі бө­лігі бюджеттен беріледі, сондай-ақ, қалталы азаматтардың қайырымдылық және демеушілік қаражаттарынан құралады. Соңғы жылдары осы қорлардағы қаражат көлемі 68 млрд. еуроға жеткендігі де жарияланды. Аймақтық және жергілікті жобалар осы қорлардың қаржыландыруымен іске асырылады. Сайып келгенде, бұл демократиялық қоғамның іргетасын нығайтып, адамдардың белсенділігін арттыруға жасалған жағдай.
Ал бізде ше? Бізде де қоғамдық белсенділігі жоғары азаматтар көп. Олар түрлі жобалар ұсынып, ҮЕҰ-лар ашып жатыр. Бірақ солардың гранттарды ұтып алуында қиындықтар, түрлі бөгеттер бар. Оның бірқатарын Петропавлға келген Құралай Жақ­сыбергенова да айтып берді. Алдымен грант алуға тапсырыс берудің өзін де тұсамыстап тастапты. Ол еркін түрде емес, арнайы формада жазылуы керек екен. Электронды адреспен жібергенді місе тұтпайды, Нұр-Сұлтанға өз қолыңмен апару қажет. Ол жерде өткізудің де өзіндік қиыншылықтары бар. Осындай бюрократиялық кедергілер ҮЕҰ-ға грант алуға кедергі келтіріп бағады. Ең қызығы сол, бір жоба жасап, соны іске асыруға грант алатын бол­саңыз, ол жұмысты өз облысыңда ғана емес, басқа өңірлерде де атқаруға тура келеді екен. Мысалы, қазақ тілін жандандыру бойынша сайыс өткізуді ұсынып, оған грант жеңіп алсаңыз, жасалған шарт бойынша осы жұмысты Ақтөбе облысында да өткізу қажет. Сөйтіп, бір миллион ұтып алсаңыз, жартысы бір мың шақырымдық жерге шапқылаумен кетеді.
Ал енді мониторинг дегеніңіз, тіпті масқара. Бақылаудың қазіргі атауы осы ғой. Міне, осы мониторингтің өзі бастамашыл адам қандай белсенді болса да қанатын қиюға әзір. Шамамен 200-300 беттік түрлі есептер беру, оның өзін электронды адреспен емес, бәрін де берілген формада толтыру, қолма-қол жеткізу сияқты бюрократтық кедергілерге мықтының мықтысы ғана төтеп беретін шығар…
Біздің үкімет барлық дұрыс бастаманы қолдауға әзір, бірақ бюрократтық кедергілер қолбайлау болуда. Еуропалық озық елдер болса халыққа сенім көрсетеді, соның арқасында олар қарыштап дамуда.

Жақсыбай САМРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp