«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУҒА ДӘН РИЗА

Қызылжар өңірі – алмағайып заманда сан түрлі этносты бауырына басқан, бүгінде берекеге кенелген бірлік пен ынтымақтың мекені. Жергілікті халықтың дарқан пейілінің арқасында Есіл өзенін жағалай қонған қаншама ұлт пен ұлыс бір-бірімен жарасып, тату-тәтті күй кешуде. Қазіргі таңда оларға тарихын танып, тілі мен мәдениетін өркендетуге бар жағдай жасалып отырғанын еврей халқының өкілі, кәсіпкер әрі меценат Шуми Исаков бір адамдай біледі.

Бірлік бар жерде – тірлік бар. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстағандай. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам этнос өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тіршілік кешіп келеді. Олардың жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік. Барлығы да қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды.
Қазақстан халқы бірлігі күнінің Шуми Исаков үшін мән-маңызы жоғары. Жерлесіміздің айтуынша, мерекені туысқандармен бір дастарқан басында атап өту игі дәстүрге айналған. Тың игеру жылдары ата-әжесі балаларымен бірге Ресейден қоныс аударған. Қызылжар өңіріне қоныс тепкен еврей отбасы үшін бұл жер екінші Отанына айналғандай. Өйткені, қазақ халқы оларға қолынан келгенше көмектесіп, қолдауын аямаған. Бүгіндері ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткен, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
– Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіре білген мемлекеттер көп емес. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде көпке үлгі болып отыр. Еліміз – ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың мекені. Бұл елде өсіп-өніп, ержеткендіктен Қазақстанды Отаным деп білемін. Біз қазақ еліне әрқашан қарыздармыз. Қандай қиындықты бастан кешірсек те, қазақ жерін мекендеген түрлі этностардың берік достығы үзілмейтініне сенімдімін, – дейді Шуми Рамбоевич.
Ырыздығын еңбектен тапқан азамат жерлестері арасында іскерлігімен танылған. Жоғары білім алып, Отан алдындағы борышын өтеген соң алғашында бірнеше салада бағын сынап көреді. Іскер жігіт кейін кәсіпкерлікке ден қояды. Бұған бірінші кезекте, елімізде кәсібін ашып, табыс табуға ниет еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау түрткі болған. Алдымен Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында мал мен құс еттерін сатып алып, бөлшектеп, нарыққа шығара бастайды.
Ісі жүре бастаған қызылжарлық кәсіпкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру тапсырмасына сай аталмыш бағытқа білек сыбана кіріседі. “Загот Интер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, мал сою қосынының құрылысын қолға алады. Мақсатына жету үшін екінші деңгейдегі банк филиалы арқылы несие ресімдейді. Кәсіпкер Еуропа елдерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, жөндеуден өткен ғимаратқа орнатады. Қосында малдың бөлшектелген етін салқындатуға арналған 160 тонналық “Bitzer” маркалы тоңазытқыш та бар. Бұл техникалардың арқасында мал сою алаңының қуаттылығы тәулігіне 80 ірі қара, 130 қой мен ешкі, 50 жылқы және 100 шошқаны союға жетеді.
Етті тереңдетіп қайта өңдеу ісіне қызығушылық танытқан жерлесіміз былтыр шұжық және жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын цехты іске қосқан болатын. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Сбербанк” АҚ-ның облыстық филиалынан алған 365 млн. теңгеге Қытайдан “Siemens” маркалы құрал-жабдықтар сатып алады. Аталмыш цехтың жылына 864 тонна шұжық және жартылай дайындалған ет өнімдерін шығаратын мүмкіндігі бар. Бүгіндері ол ет өнімдерін еліміздің шаһарларында сатуда, сондай-ақ, Ресейдің Омбы және Түмен облыстарына экспорттауда.
– Тәулігіне үш тонна шұжық және басқа да ет өнімдерін дайындаудамыз. Қалдықсыз технология қолданудың нәтижесінде малдың еті, сүті, ішек-қарны сияқты қосалқы өнімдерінің бәрі кәдеге асады. Былтыр көршілес елдің үш өңірінің билік өкілдерімен келіссөздер жүргіздік. Жыл басында Түмен қаласында 600 шаршы метрді құрайтын “Нубаев ет өнімдері” атты гастроном аштық. Арнайы брендпен шығарылатын өнімдер Еуразиялық экономикалық одақтың “HASP ISO” талаптарына жауап береді. Бүгінгі қол жеткізіп отырған әр жетістігім қазақ еліндегі бейбітшіліктің, мемлекет тарапынан болып жатқан қолдаудың арқасы. Сол үшін алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер.
Ісі өрге басқан кәсіпкер жұмысшыларына ыңғайлы жағдай жасауды да ұмыт қалдырмайды. Кешенде асхана, киім ауыстыру, душ, кір жуу бөлмелері бар. Кәсіпорын шетелдік инновациялық жылыту станциясының арқасында жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Цехтағы жұмысшылардың арасында түрлі этнос өкілдері бар. Бәрі бір үйдің баласындай тату-тәтті жұмыс істеуде.
Табыс кілтін таба білген Шуми Исаков қайырымдылық шараларына да бір адамдай атсалысады. Серіктестік басшысы аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға және жетім балаларға көмек көрсетуді өзіне міндет санайды. Сонымен қатар ол қарамағындағы жұмысшыларға көмек қолын созудан тартынған емес. Кәсіпкер ержетіп, шаңырақ құрған ұл-қыздарына көпэтносты мемлекеттің басты құндылығы – татулық екенін айтудан жалықпайтынын дәттеді. Халықтың береке-бірлігі тек патриотизм мен ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығаятынына сенімі берік жерлесіміз әр этнос өкілі ортақ мақсат жолында білек сыбана еңбек етуі керек деп санайды.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp