
Ел билігінің көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары біздің болашаққа деген сенімімізді арттыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны төлеу механизмдерін ретке келтіруді, оны әділ әрі еңбекке талпындыратындай етіп түзетуді тапсырған еді.
Одан бөлек аз қамтылған отбасындағы балаларға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсету қажеттігін айтты. Соған орай көпбалалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы көлемі өсті. Бұл қаржы, шамамен, бір балаға шаққанда 10 мың теңгеден болып белгіленді. Осы жылдан бастап біз сияқты отбасылардың балаларына тамақ және оқулықтар тегін берілмек, әрі қоғамдық көліктерде ақысыз жүре алады. Сондай-ақ, басқа да бірқатар кепілдендірілген әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілетіні де көңілімізді өсірді. Ең бастысы, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленетін болды.
Әр бала өзінің несібесімен дүниеге келеді. Ризықты адамға Алла береді. Балалардың санына байланысты біздің табысымыз азайып қалады, не болмаса қатты қиналып қалдық деп айта алмаймын. Қазақта “Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді” деген жақсы сөз бар. Дүниеге келген балаларымыздың Алла берген несібесі өздеріне жетеді деп ойлаймын. Біздің ендігі мақсатымыз – балаларымызға жақсы тәрбие беріп, олардың алаңсыз білім алуына көмектесу.
Көгаршын ШАЯХМЕТОВА, көпбалалы ана.
Петропавл қаласы.