Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, Петропавл қаласында орналасқан “Левин” және “Тигран” жеке кәсіпкерліктері мен “Казмясопродукт” ЖШС-нің жұмысымен тереңірек таныстырды.
“Левин” тауарлық белгісімен сатылатын жиһаздар елімізге ғана емес, Ресейдің бірқатар өңіріне танымал. Отыз жылғы маңдай тер бүгінде Левиндер отбасын зор мәртебеге жеткізіп отыр. Бизнесте өзіндік бағыты мен жүйесі бар отбасылық кәсіптің нарықтағы тынысы кең екендігі аңғарылады. Ол туралы журналистерге компания директоры Елена Левина баяндап берді.
“Береке” шағынауданындағы шоурум үлгісіндегі “Левин” фирмалық дүкені 2015 жылы ашылған. Бұл екінші дүкен, біріншісі – Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында. Петропавлда ғимарат сатып алу үшін кәсіпкер несие көзін пайдаланған. Қарызының жылдық үстемеақысына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы беріліп, жеңілдік жасалған. “Біз мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көп қолдау таптық”, – дейді Елена Владимировна.
Кәсіпорынның өндіріс аумағында жүзге тарта адам еңбек етеді. Өндірісте шикізат өңдеуден бастап, дайын тауарға дейінгі барлық жұмыс атқарылады. “Тауар үлгілерін жасайтын тұтынушылардың өздері. Олардың тілегін орындай отырып, кәсіпорынның дизайнерлік мектебі қалыптасты”, – деді кәсіпкер.
Жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі де жақсы. Кәсіпорын өңір аумағында, республика бойынша ұйымдастырылатын байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, 2014 жылы “Қазақстанның үздік тауары” атанып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан “Алтын сапа” жүлдесін алған.
Журналистер ат басын тіреген екінші нысан – “Тигран” жеке кәсіпкерлігі. Петропавлдық кәсіпкер Виктор Петросян бизнес жолындағы үлкен қиындықтарды жеңіп, шағын кәсібін жылдан-жылға дамытып келеді.
Бірақ қаржы тапшылығы кәсіпкердің қолын байлап отыр. “Тигран” жеке кәсіпкерлігінің өндіріс цехындағы құрал-жабдықтардың барлығы ескі. Ескімен жаңа үлгідегі аяқкиімдер тігу етікшілер шеберлігінің арқасы болса керек. “Жақында италиялық бизнесмендермен кездестім. Олар біздің ескі станоктармен жаңа үлгідегі аяқкиімдер тігіп жатқанымызға таңырқай қарады. Өздерінің заманауи құрал-жабдықтарын сатып алуға ұсыныс жасады”, – дейді Виктор Леонович.
Цех жылына 400 жұп аяқкиім тігеді. Ерлер мен әйелдерге арналған өнімнің түр-түрі бар. Жеке тапсырыспен де тігіледі. Табиғи шикізатты пайдаланатындықтан, сапа көпшіліктің көңілінен шығады. Тұрақты тұтынушылар қатары жылдан-жылға көбеюде. Виктор Леоновичтың балаларға арналған аяқкиімдер тігіп, өндірісті кеңейту ойы бар екенін білдік.
Жеңіл өнеркәсіп үшін кадр мәселесі әлі де өзекті. Аяқкиім тігу ісінде білікті мамандардың жетіспеушілігі саланы дамытуға кедергі жасайтынын айтқан Виктор Леонович өңірімізде етікшілер даярлайтын бірліжарымды кәсіптік білім беру мекемелерінің мамандыққа баулу бағдарламасы сын көтермейтінін де жеткізді.
Виктор Петросян “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша – мемлекеттік қолдау көрген кәсіпкерлердің бірі. Оның банктен алған 6,5 миллион теңге несиесінің үстемеақысының 7 пайызы қысқартылған. Бұл қаржыға кәсіпкер өндіріс ғимаратын сатып алған болатын.
– Тауарларымыз өңірімізде көп сатылады. Астанадан, Қарағанды мен Ақтау өңірлерінен сұраныс түседі. Петропавл аяқ-киімдерінде сапа жағынан мін жоқ, үлгісі бойынша біраз жұмыс істеу керек. Ол үшін өндірісті жаңартуымыз қажет, – дейді Виктор Петросян. Жергілікті кәсіпкерлердің таза былғарыдан тігілген, жылы да жайлы аяқкиімдері шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан.
Журналистер бас сұққан үшінші нысан – “Казмясопродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Нарыққа шыққанына он бір жыл болған серіктестік осы аз уақыттың ішінде үлкен жұмыс атқарған. Ең бастысы, кәсіпорын Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосады. Жылқы, сиыр, тауық еттерінен 120 түрлі өнім жасайтын кәсіпорынның қуаты бір тәулікте 6 тоннаға жетеді. Өндіріс басында 80 адам еңбек етеді. Сондай-ақ, өнімдерін сату жүйесінде тағы 35 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жергілікті малдың етін пайдаланып, өнімнің табиғи құнарын жоғалтпай, таза шикізаттан тауар өндіруге тырысады. Ресей нарығын бағындыру ойлары да бар. Әзірге көрші елдің нарығына тауарларын делдал арқылы шығаруда.
– Екі аптадан кейін жаңа цех іске қосылады. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Комбинаттың өнімділік қуаты жеткілікті, сапа көрсеткіші де ойдағыдай. Ең бастысы, заманауи құрал-жабдықтар мен кеңейтілген өндіріс алаңы адам еңбегін жеңілдететін болады, – дейді серіктестік директорының орынбасары Татьяна Куликова.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.