«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ

Бүгінде әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус індетімен күресте ақ халаттыларға ерекше жауапкершілік жүктелді. Өз өмірімізге қауіп төніп тұрса да, біз тұрғындардың денсаулығы үшін алаңдап, қолымыздан келген көмекті көрсетуге тырысудамыз. Бұл орайда облыстық жедел медициналық көмек орталығының қызметкерлеріне артылған сенім зор.

Мен Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тумасымын. Дәрігер болу бала күнгі арманым еді. 1996 жылы Қызылжар қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны ойдағыдай тамамдадым. Облыстық жедел медициналық көмек орталығында жиырма жылдан бері еңбек етіп келемін. Осынау уақыт көшінде талай жағдай орын алды. Қандай қиындық болса да, бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, бұл мамандыққа жүрек қалауыммен келдім. Бүгінде медицина саласының дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Оған өзім куәмін. “Жедел жәрдем” көліктері жаңартылып, медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Бүгінде мемлекет тарапынан ақ халатты абзал жандардың еңбегі жоғары бағалануда.
Биылдан бастап біздің еңбекақымыз өсті. Бұрын 86 мың теңге алсақ, жаңа жылдан бастап 140 мың теңге төленеді. Ал коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшерлері мен жүргізушілері наурыз айында қосымша қаржылай қолдауға ие болды. Мұндай қамқорлыққа дән ризамын.
Осындай қиын кезде біздің орталыққа қоңырау шалатын тұрғындар аз емес, үйге шақыртулар да жиі түседі. Мәселен, бір бригада тәулігіне отыз шақырту алады. Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, біз өзіміздің жұмысымызға жауапкершілікпен қарап, әр науқастың сауығып кетуіне жағдай жасауымыз керек. Сондықтан әр шақырту біз үшін маңызды. Әсіресе, қауіп-қатерге толы осы кезеңде медициналық қызметкерлерді арнайы құралдармен, қауіпсіздік киімдерімен қамтамасыз еткен жергілікті билікке мың алғыс.

 

Әсел ТОҚҚОЖИНА,
облыстық жедел медициналық көмек
орталығының фельдшері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp