“Жазу және қолжазба сот сараптамасының тиімділігі қандай? Не себепті тергеу амалдары кезінде қағаз бетіне қолжазбаны қалдыру қажет?” деген оқырман сауалына СҚО бойынша сот сараптамасы институтының бас сарапшысы Динара Қайруллина жауап береді:
– Жазу және қолжазба сот сараптамасы бүгінде бұзылған құқықты қорғаудың бірден-бір тиімді жолы болып саналады. Мәселен, егер судьяға немесе тергеушіге кеткен іс құжатыңыздың бұрмалануына қатысты күмәніңіз болса, өз құқығыңызды қолтаңбалық сараптама арқылы дәлелдей аласыз.
Аталған сараптама түрінің негізгі мақсаты қолжазба мәтінін жазған немесе қолын қойған адамды сәйкестендіру болып табылады. Сот тәжірибесінде келісімшарттағы, қолхаттағы, өсиетнамадағы, қол қойылған құжаттардағы жазуларды зерттеу ісі жиі кездеседі. Әсіресе, қаржы құжаттарын тексеруге көп уақыт жұмсалады.
Азаматтық істерде, мұрагерлік дауларда, ажырасу істерінде, тұрғын үй дауларында, нотариатпен куәландырылған құжаттарға, борышкерлік міндеттерге қатысты істерде сараптаманың осы тәсілі үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Бірде К. есімді азамат ажырасу және мүлікті бөлуге қатысты сотқа арыз жазады. Жазба дәлелдерінің бірі ретінде ол үйленерден бұрын әкесінен қарызға ақша алғандығы туралы қолхатты көрсетеді. Сол қаражатқа ол кейін пәтер сатып алғанын айтып, құжатқа сәйкес үйді бөлісетін мүліктердің қатарынан шығаруды сұрайды.
Ал жауапкер қолхатты бұрынғы күйеуінің әкесінің жазғанына сенімді еместігін айтып, сотқа қолжазба сот сараптамасын жүргізу туралы арыз жазған. Бұрынғы қайын атасының қайтыс болуына байланысты сараптама оның ертеректе жазған құттықтау хаттары мен сурет сыртына жазған тілектерін негізге алады. Сараптама нәтижесі қолхаттың жасандылығын анықтайды. Осылайша, тұрғын үй бөлініске жататын мүлік санатына кіргізілді.
Алдын ала тергеу органдары мен соттар сот-қолжазбалық сараптаманың көмегі арқылы қылмыстық және азаматтық істер бойынша көптеген фактілерді анықтау ісін жүзеге асырып келеді.
Динара ҚАЙРУЛЛИНА,
облыс бойынша сот сараптамасы институтының бас сарапшысы.