Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатында көліктік бақылау инспекциясында көрсетілетін мемлекеттік қызмет рәсімдерін жетілдіру мен оларды электронды жүйеге көшіру мәселелері ортаға салынды. Инспекция басшысы Руслан Мақсатұлы көліктік бақылау органдары қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
Аталмыш ұйымда мемлекеттік қызметтің 19 түрі көрсетіледі. Соның ішінде 7-еуі – автомобиль, 3-еуі – темір жол, қалғаны су көлігіне қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің 12-сі ақылы, 7-еуі тегін көрсетілетінін айтқан жөн. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметтер “Электронды үкімет” порталы арқылы көрсетіледі. Ал шетел азаматтары қағаз түрінде өтініш бере алады.
Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап автомобиль көлігі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтің үш түрі электронды жүйеге көшірілді. Жыл басынан бері заңды және жеке тұлғалар тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша ешқандай шағым түспеген. Ал үстіміздегі жылдың алты айында мемлекеттік қызмет алу үшін көліктік бақылау инспекциясына 1797 тұрғын өтініш берген. Бюджетке 43 миллион теңге түсті. Өтініштердің жалпы саны бойынша қызметтердің 96 пайызы электронды түрде көрсетілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.