«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА — ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫ

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына бес әлеуметтік бастамасын ұсынған болатын. Президенттің “Әрбір отбасына жаңа баспана алудың мүмкіндіктерін беру” атты бірінші бастамасы аясында Ұлттық банк пен орталық мемлекеттік органдар бірлесіп, тұрғын үйді ипотекалық несиелендірудің “7-20-25” жаңа бағдарламасын қабылдады. Онда “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы сияқты екінші деңгейлі банктер де тұрғындарға тиімді шарттармен баспана беретіні айтылған болатын. Яғни, бұл бағдарлама арқылы халыққа төмен пайызбен жаңадан салынған тұрғын үйлерден пәтер сатып алу үшін ипотека беріледі. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20 пайыздан аспайтын мөлшердегі бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, жеті пайыздық үстеме ақымен ипотекалық несие рәсімделеді. Ипотека алушыларға міндетті түрдегі жарна мен тұрақты табыс көзінің болуы және меншігінде тұрғын үйдің болмауы сияқты талаптар қойылады.

Президенттің бұл бастамасын жүзеге асыру үшін тұрғын үй құрылысында бірқатар шаралар көзделген. “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасына да өзгерістер енгізілді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылды.

Бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі баспаналы болу үшін ипотекалық несиеге сүйенеді. Сол сияқты облысымызда ипотекалық тұрғын үйлер құрылысы жылдан-жылға қарқын алып келеді. Қазіргі уақытта бізде жалпы саны 1887 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Солардың ішіндегі 1280 пәтер мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына сәйкес келеді. Пайдалануға берілетін пәтерлердің басым бөлігі мемлекетке тиесілі. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында 1132 пәтерлік тоғыз несиелік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр, олардың 978-і биыл тапсырылады. Атап өтсек, олар – Жуков көшесіндегі 235 пәтерлі үш тұрғын үй, “Береке-2” шағынауданындағы 75 пәтерлі бір баспана, “Жас өркендегі” 332 пәтерлі тұрғын үй кешені мен 336 пәтерлі екі тұрғын үй. Құрылысты қаржыландыру “Бәйтерек девелопмент” АҚ-ы арқылы жүруде. 2017-2018 жылдарға арналған қаржыландыру шарасына орталық мемлекеттік орган бағыттаған қаражат көлемі 8,4 млрд. теңгені құрады. Мұнымен қоса, “Бәйтерек девелопмент” АҚ-ы 231 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Бұл баспаналар да ипотекалық бағдарламалар бойынша сатылады. “Солнечный-2” кентінде де осындай қаржыландыру есебімен 211 бір пәтерлі үйлердің құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан баспаналар құрылысының қарқынына назар аударсақ, Петропавлда жеке құрылыс компанияларының тұрғын үй қорын арттыруға қосып жатқан үлесі төмен екенін байқаймыз. Бүгінгі таңда “Казградстрой-НС” пен “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты екі-ақ компания жеке құрылыс жүргізуде. Облыс әкімдігі жеке компанияларға тұрғын үй құрылысына қатысу үшін тиісті жағдайды да жасап отыр. Қала құрылысы кеңесінде “Жас өркен”, “Копай” шағынаудандары мен қаланың солтүстік бөлігінен тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аумақтар белгіленді. Инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту үшін де қаражат қарастырылды. Мәселен, биылғы жылдың өзінде жылу, электр желілері және су торабын тарту үшін республикалық бюджеттен облысымызға 5 млрд. теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

“Жас өркен” шағынауданында өткен жылдан бастап ескі үйлерді сүру жұмыстары басталып, олардың орнына жалпы ауданы 250 мың шаршы метр болатын 15 тұрғын үй кешенін (үш мың пәтер) салу жоспарланып отыр. Бұл шағынаудан болашақта облыс орталығының әкімшілік аймағына айналмақ. Сондықтан бұл жер жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін де қолайлы аудан болады. Біз өз тарапымыздан құрылыс компанияларына “7-20-25” ипотекалық бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып келеміз.

Айта кететін мәселе, “7-20-25” бағдарламасының шартына сәйкес біздің облысымызда несиеге берілетін пәтер құны 15 млн. теңгеден аспауы керек. Қазіргі күні Петропавлда жеке құрылысшылар сататын пәтерлер болғанның өзінде, олардың құны бұл сомадан біршама қымбат. Өңірімізде аталмыш бағдарлама бойынша баспана алуға ниеттілерге бөгет болып отырған да осы жағдай. Сондықтан жеке құрылыс компанияларына көпшілікке қолжетімді боларлықтай аумағы шағын баспаналар салуды ұсынамыз. Бұл алдымен тұрғындар және баспанасын тиімді әрі тез сатуға мүмкіндік алатын құрылыс компаниялары үшін де жақсы мүмкіндік болатыны сөзсіз.

Владислав ЛУКИН,

облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp