Есіл және Көкшетау топтық су құбырларын салу “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылып, республикалық қазынадан 10 млрд. теңге бөлінген болатын. Жақында Шал ақын ауданы әкімінің, жергілікті атқарушы органдардың жауапты мамандарының қатысуымен өткен жиында екі жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Есіл топтық су құбырының апатты учаскелерін қайта құру 2021 жылы басталып, қайта қалпына келтіруге 4,650 млрд. теңге қарастырылған. Одан 1 млрд. 50 млн. теңге игеріліп, жер қазу, құбыр тарту жұмыстары атқарылуда. Қайта жаңарту 2023 жылы аяқталып, 11600 тұрғыны бар 36 ауыл сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етіледі.
Көкшетау топтық су құбыры іске қосылса, 200 мың адам тұратын 7 елді мекенге таза су жеткізіледі. Жоба құны – 5 млрд. 426 млн. теңге. Топырақты қалпына келтіру, жер қазу, құбыр төсеу жұмыстары аяқталды.
Шал ақын ауданы басшылығымен бірлесіп, елді мекендерді сумен жабдықтаудың қосымша шаралары белгіленді. Жұмыстардың кесте бойынша атқарылуын партиялық бақылау комиссиясы өз қадағалауына алды.
Ерлан АЛПЫСОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.