Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы 3-тармағына сәйкес әр адам білікті заң көмегін алуға құқылы. Заңмен көзделген жағдайларда ол тегін көрсетіледі. Заңгерлік көмекті кәсіби заңгердің қызметі ретінде қарастыратын болсақ, біздің мемлекетте бұл салада кешенді құқықтық реттеу жоқ екенін атап өткен жөн.
Қазақстандағы заңгерлік көмек саласы түрлі дәрежелері мен талаптары бар әртүрлі қатысушы топтардан тұрады. Бұл жағдайда құқықтық көмек сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай ең төменгі стандарттар анықталмаған.
Азаматтардың білікті заң көмегін алуы үшін конституциялық құқығын, сондай-ақ, әлеуметтік қорғалмаған халық тобының оған қолжетімділігін іске асыру бөлігінде заңнаманы жетілдіру идеясы Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 жарғысымен бекітілген, 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында, сонымен қатар 2017 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Құқықтық саясат бойынша кеңес отырысының хаттамасында көрініс тапқанын байқауға болады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” заң жобасын әзірледі. Мұнда азаматтарға заң көмегін көрсету жүйесінің негізі ретінде адвокатураның рөлі тайға таңба басқандай нақты жазылған. Тұжырымдамада адвокатура қызметін жетілдірудің басты жетістіктері ретінде қалалық және ауылдық мекендерде адвокаттық қызметтермен қамтамасыз ету мәселесін өз кезегімен шешу, тегін заң көмегін көрсететін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу жүйесін түзету, шетелдік тәжірибені ескере отырып, адвокаттардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру институтын енгізу көрсетілген.
Бүгінгі күні заң көмегі саласына адвокаттардан басқа, нотариустар, жеке тәжірибемен шұғылданушы заңгерлер және басқалар да қатыса алады. Алайда, тек адвокаттар мен нотариустардың қызметі ғана арнайы заңнамалық реттеуге ие. Жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлер заң көмегін көрсетуші субъектілер ретінде заңды түрде белгіленбеген. Олар көрсеткен заң көмегінің біліктілік деңгейіне кепілдік беретін нормалар бекітілмеген, мұның азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда кері әсері болатыны сөзсіз. Сонда да аталған салада олардың үлесі едәуір. Осыған байланысты заң жобасында жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің қызметіне заңнамалық шектеулер қою қажеттілігі қарастырылды.
Заң кеңесшілері деп аталатын коммерциялық, жеке тәжірибемен шұғылданушы заңгерлердің қызметіне өзін-өзі реттеу енгізіліп отыр. Оларға қойылар басты талап – сотта тұлғалардың мүдделерін қорғау түрінде заң көмегін көрсететін заң кеңесшілері палатасының мүшесі болуы тиіс.
Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі – pro bono (латын тілінен аударғанда “pro bono” – қоғамдық игілік үшін) бастамасы аясында заң көмегін көрсетуді бекіту. Заң жобасында аталған институт кешенді әлеуметтік заңгерлік көмек ретінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңғыртылатын болады.
Адвокат кәсібі қолжетімді болуы үшін кіру жарналары алынып тасталады. Яғни, адвокаттар санының өсуі бәсекелестікті күшейтеді, төлемақы көлемін төмендетеді, кәсіби деңгейлерін арттыруға ынталандырады. Мұның барлығы заң көмегінің сапасы мен оның қолжетімділігіне оң әсер етеді.
Адвокаттық қоғамдастықтың басқару органына сайлау мерзіміне шектеу қою ұсынылып отыр. Басқару органдары қызметінің алмасушылығы адвокаттарға адвокатураны дамытуға үлестерін қосуға мүмкіндік береді, басқару органдарының нақты таңдаулылығын, адвокаттық қызметті тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.
Адвокаттардың біліктіліктерін арттыру ең көкейкесті мәселе болып отыр. Франция, Ұлыбритания, АҚШ тәжірибесі бойынша міндетті жыл сайынғы адвокаттардың біліктіліктерін арттыру механизмі енгізіледі.
Бұл жобада “Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы” Заңның қағидалары сақталған. Сонымен бірге, мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген тұлғаның жағдайы бес жыл ішінде жақсарса, бюджеттік қаражаттардың орнын толтыру қарастырылған.
“Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заң қабылданған кезде заң көмегін көрсету саласына қатысты өзге заңнамалық актілерді сәйкестендіру басталады. Біздің ойымызша, бұл жобаны қабылдау елімізде заң қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттырады.
Ирина САҚТАНОВА,
облыстық әділет департаментінің
бөлім басшысы.