“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруіне байланысты салымшыларына өтемақы төлеу механизмін іске қосты. Республика бойынша 467 мыңнан аса салымшысы бар банктің өтемақысына бағытталып отырған қаржы – 171,9 миллиард теңге. Ол қаржы мемлекеттік бюджеттен және банктің өз қорынан бөлініп отыр.
Аталмыш мәселеге қатысты “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманова брифинг өткізді. Солтүстікқазақстандық 18 мың салымшының 17 мыңнан астамы өтемақы алуға құқылы. Ол үшін әр салымшы банкпен қосымша келісім жасауға тиіс. Қаңтардың 8-інен басталған науқан осы жылдың 1 маусымына дейін жүргізіледі. Осы мерзім ішінде банкпен қосымша келісім жасамағандар өтемақы ала алмайды. Тек салымшы мұрагерінің ғана банкпен қосымша келісімді тиянақтау уақыты 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін белгіленген.
– Өтемақы төлемі екі кезеңде жүргізіледі. Төлем 2015 жылдың 18 тамызына дейін депозиттік шотта жатқан жинаққа жасалады. Бірінші кезең 2016 жылдың ішінде деп белгіленіп, онда шоттағы ақшаға 19,2 пайыз өтемақы қосылады. Ал 2017 жылдың қазанында шоттарға екінші траншпен қалған 16,3 пайызы жіберіледі. Жалпы өтемақы көлемі 35,5 пайызды құрайды, – деді Райхан Тілекқызы.
Аталмыш банк салымшысының бірнеше депозиттік шоты болған жағдайда әр шоттағы қаржы мөлшеріне өтемақы төлейді. Сондай-ақ, өткен жылдың 18 тамызынан кейін тұрғын үй сатып алған салымшылар да өтемақыға өтініш білдіре ала алады. Депозиттік жинақ сомасына өтемақы алмайтындар: 2015 жылдың 18 тамызына дейін банктегі депозит шоты бойынша заем алып, тұрғын үй сатып алғандар, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғандар, сондай-ақ, банкпен қосымша келісім жасауға қол қоймағандар.
Өтемақы алу үшін салымшы бұған дейін аталмыш банкпен жасаған келісіміне www.egov.kz порталына немесе банктің www.hcsbk.kz ресми сайтында электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы керек. Ол үшін порталда авторланғаннан кейін “Азаматтар” бөлімінде “Жылжымайтын мүлік” санатын тауып, одан кейін “Тұрғын үй қатынастары” парағында “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ салымдары бойынша өтемақылық сыйақы” қызметіне өту қажет. “Онлайн қызметке тапсырыс” батырмасына басқаннан кейін пайдаланушы салымдарды алуға келісімге қол қояды, өтініш бергісі келетін салымды таңдап, міндетті жолдарды толтырады, бұдан кейін қосымша келісімнің шарттарымен танысып, ЭЦҚ көмегімен сұранысқа қол қояды. Электрондық қосымша келісім пайдаланушының жеке кабинетіне түседі. Ал электронды цифрлық қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталығына жеке басыңызды куәландыратын құжатпен барып, ала аласыз.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.