«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫМЫЗДА БАРДЫ НЕГЕ ҚАДІРЛЕМЕЙМІЗ?

Кезінде облыс орталығында спорт алаңдарының ашылғанын, қызылжарлықтарға тамаша тарту жасалғанын жарыса жазған болатынбыз. Сондай-ақ, балғындардың спортпен алаңсыз шұғылдануына алақаны ашық жомарт жандар қол ұшын бергені жайында да сүйіншілегеніміз есте. Дегенмен, қыруар қаражат жұмсалып, жеткіншектер игілігіне берілген бұл нысандардың біразы қазір жарамсыз болып қалған.

Өткен жылы облыс аудандарында ондаған хоккей қорапшалары пайдалануға берілсе, оның басым бөлігі үстіміздегі жылы қайта жаңартылды. Сол сияқты жасанды жамылғысы бар 15 шағын футбол алаңы салынған еді. Ал бүгін ше? Бұл аумаққа аяқ бассаңыз, көңіліңіз бірден құлазып сала береді. Кешегі көздің жауын алатын алаңның сыйқы кеткен, жырым-жырым. Темір қоршауларға не күш түсті екен, олар да қисайып қалыпты. Мысал келтірейік. Қаладағы №№14,17, 8 және Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның ауласындағы жасанды алаңдарының қоршау-торлары тесіліп, жасанды жамылғысы да жыртылып қалыпты. Абай, 53 және Жұмабаев, 154 мекенжайындағы алаңдардың да жағдайы мәз емес. “Бұл қалай?” деген оймен қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне хабарластық.  

Аталмыш бөлім басшысы Вячеслав Евдокименко:

– Өткен жылы қалада оннан астам шағын футбол алаңы іске қосылды. Оның біразын демеушілер сыйға тартса, бір бөлігіне қазынадан қаржы бөлінген. Пайдалануға берілген алаңдар, негізінен, мектептердің және “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС-нің балансында. Қолданысқа берілген спорт нысандарының жай-жапсарына, оларды күтіп-күзетуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Бүлінгендерін қайта қалпына келтіретін болады, – деп жауап берді.

Иә, былтыр жоқтан бар жасап, ескіні жаңартқан билік пен ел азаматтары ауладағы тозығы жетіп, құруға айналған ойын алаңдарының тамырына қан жүгірткендей болып еді. Алайда, тұрғындар үшін тегін алаңның билікке қымбатқа түсетін түрі бар.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp