
Бүгінгі аға буынның өнеге болар қасиеттері көп, соның ішінде олардың мінезіндегі төзімділік пен орнықтылық тәнті етеді. Өңіріміздегі іргелі өндіріс орындары мен шаруашылықтарға жолымыз жиі түсетіндіктен, ондағы жұмысшылардың басым бөлігі жастары ұлғайған еңбеккерлер екендігін аңғарып жүрміз. Ал бұл кәсіпорындар өткен ғасырдың соңғы жылдарында үлкен экономикалық күйзелісті бастан өткергендігі де мәлім. Заманның ауыртпалықтарын еңсеру жолында еңбеккерлердің еңбегі ерен. Олар, тіпті, айлап жалақыларын ала алмай жүрсе де, жағдайды бір адамдай түсініп, жұмыстарын жалғастыра берді. Сол еңбеккерлердің басым бөлігінің еңбек кітапшасында жұмысқа қабылдануы туралы бір ғана жазу бар екендігінің өзі оларға деген құрметті арттырады. Сондай жандардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның дәнекерлеушісі Шаукат Манаповты біз жұмыс басынан таптық.
Шаукат Хамзаұлы 1975 жылы облыс орталығындағы №112 кәсіптік білім беру училищесінде оқып жүрген кезде тәжірибе жинауға аталмыш зауыттың №1 механикалық цехына жіберіліпті. Жас та болса жұмысқа ыңғайы бар жігіттің жақсы қасиеттерін таныған зауыт әкімшілігі оны өздеріне жұмысқа шақырады. Екі-үш айдан кейін Отан алдындағы борышын өтеушілер қатарына аттанған жігіт екі жылдан кейін үйренген ұжымына қайтып оралған.
– Механикалық цех, жөндеу орталығы, яғни мен сонда дәнекерлеуші болып еңбек жолымды бастаған едім. Содан бері бұл мамандықтан қол үзген жоқпын. Бүгінде өткен күндерге үңілсем, осы зауытта болған әр оқиға менің тағдырыммен сабақтасып кеткендей екен. Осында жүріп жар таптым, отбасын құрып, қос құлыншағымды өсірдім. Зауыттың аты дүрілдеп тұрған кезде де, тапсырыс болмай, қаржылық жағдайы төмендеген заманда да бұл жер менің екінші үйім болып қалды. Қандай қиындық көрсем де, осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінген емеспін. Жұмыс ауыр, алайда темір-терсекті жөндегеннен жаным жай табады. Жас ұлғайса да, мамандықты үйренуге деген талпыныс еселене береді екен. Бұрын зілдей тетіктерді жөндесек, бүгінде көптеген құрылғылар шағын жасалған. Осындай кішкентай ғана затқа жан бітірген кезде жұмыстағы әр күнің қызықты өтеді, – дейді ол.
Өзінің зауыттағы жұмысқа таңдау жасауына ата-анасы түрткі болыпты. Олар талай жыл Петропавлдағы шағын литражды қозғалтқыштар зауытында еңбек етіп, әкесі үйлестіруші, анасы бақылау-өткерме қосынында тексеруші болып жұмыс атқарған. Шаукат Хамзаұлы бір уақыт жастық шағына оралып, ата-анасының кешкілік дастарқан басында өздерінің еңбек ортасын, сыйлы ұжымын әңгіме етіп, көңілдері көтеріліп отыратындарын бүгіннің өзінде сүйсіне еске алады. Осылайша олар баласының кәсіп таңдауына нақты кеңес бермесе де, өздерінің жақсы көңіл күйлерімен бағыт сілтеген. Оның ұлы да әке жолын құп көрген. Манаповтар отбасы – зауытта әулетімен еңбек ететіндердің бірі. Отағасының 36 жыл еңбек өтілі, отанасы Нурия Габдрашитқызының 9 жылы мен Ринаттың 4 жыл еңбек өтілдерін қосқан кезде Манаповтар әулеті бұл кәсіпорында жарты ғасыр маңдай терлерін төгіп жүр деп есептеледі. (Оның өзінде Нурия Габдрашитқызы зауыттың табалдырығын бойжеткен кезінде аттап, кейін бала тәрбиесіне байланысты жұмыстан он жыл қол үзгендіктен, алдыңғы 17 жыл еңбек өтілі есептелмей отыр).
– Зауытта жаңалық ашуға қашанда мүмкіндік бар. Әсіресе, бұрындары өнертапқыштыққа сеніп, жаңа тетіктер жасауға тура келетін. Өйткені, құрылғыны жөндеген кезде кейбір тетіктердің тапшылығы сезіліп жатады. Қазіргі компьютердің заманында да артта қалмау үшін ізденісте жүреміз. Кез келген тетік сынады. Оларды жөндеуге біз дайын болуымыз керек. Қазіргі жастардың техникаға ойлары жүйрік, сондықтан қарамағымызда жүрген жас кадрлардан аға буынның үйренері бар. Тәжірибелі мамандардың да жастарға айтар дәрісі болады. Осылайша ұжым болып жұмысқа ыңғайлы жағдай жасап аламыз, – дейді білікті маман.
Қадамын енді ғана бастаған жасқа дұрыс бағыт беруді ол өзінің ағалық парызы санайды. Жылына ол 2-3 маман баулиды. Бұл қосымша жұмыстың оған ұнайтын тұстары: біріншіден, оған талпынысы бар адамды тәрбиелеген ұнаса, екіншіден, оқушысы ертеңгі күні өз жұмысын абыройлы атқарып жатса, ол да бір бақыт.
Зауыт әкімшілігі Шаукат Манаповты 2010 жылы “Алтын қолды шебер” атаған. Бұл, әрине, өз ісіне білікті, зауыттың жұмысын жандандыруға елеулі үлес қосқан адамға көрсетілетін құрмет. Ал 2013 жылдың қыркүйек айында ол Астана қаласына барып, “Қазақстан инжиниринг” ҰК” акционерлік қоғамының құрылғанына 10 жыл толу салтанатына қатысып, төсіне медаль тағып келген. Зауыт әкімшілігі мен сала министрлігінен алған марапаттары да бар. Ал Шаукат Хамзаұлының ісіне берілгендігін, біліктілігін онымен 33 жыл отасқан зайыбы Нурия Габдрашитқызы: “Ол жұмыс басында болмаса да, әріптестері хабарласып, одан ақыл-кеңес сұрап жатады. Мінезі жұмсақ жұбайым телефон арқылы қай тетіктің қалай жөнделетінін айтып беріп, көзге көрінбей тұрған затты жөндеуге көмектесе береді. Біз оның мұндай қылықтарына үйреніп алсақ та, оның біліктілігін мойындай түсеміз”, – деп сипаттама береді.
– Жалпы адамның жұмысқа деген ынтасы мен үйренуге деген құлшынысы ішкі түйсіктен дамиды. Қазіргі жастар компьютермен жақсы жұмыс істейді. Бірақ еріншектікке жол беретіндері көп, сондай-ақ, белдері бесіктен шықпай жатып, олардың мол еңбекақы талап ететінін байқап жүрміз. Еңбекте біліктілік те, ортаға сыйлы болу – жылдар жемісі. Сондықтан кішкентай нәрседен бастап үйреніп, әр сағат, әр күн сайын жоғарылап жеткен шыңның басына берік бекінесің. Жастар осыны түсінсе деймін. Менің тәлімгерім Андрей Черепанов деген ағамыз болды. Оның бойыма сіңірген қасиеттерінің жемісін күн сайын көремін. Ол кездегі әріптестеріміздің жұмыстарының ауырлығын сөзбен жеткізу қиын. Олар соған төзіп, жұмыстарын жақсы атқарды. Жас адамның бойында қуат мол. Сондықтан сол күшті үйренуге, үлкеннің алдында өзін көрсетуге, жетілуге жұмсау керек, – деп ұрпаққа айтар ақылын жеткізді.
Әңгімеміздің соңында ол: “Мен өзімді басқа мамандықта елестете алмаймын. Менің қаныма сіңген де, санама ұялаған да осы темір-терсектерді жинау, жөндеу, оған жан бітіру шығар”, – деп сөзін түйіндеді..
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.