«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЫ АШЫҚТЫҢ — ЖОЛЫ АШЫҚ

 

Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Азаматтың шынайы келбеті қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Осыдан да болар, адам ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылған. Мың құбылған дүниеде жақсылардың шарапаты өмірді әрлендіре түседі. Сол себепті де, жүрегі жомарт жандар қолынан келгенше қайырымдылық жасауды қасиетті парызының бірі деп санайды. 

Жалпы елімізде қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылады. Сарапшы мамандар еліміздегі жергілікті халық қайырымдылық жасауға бейім екенін айтады. “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” дегендей, қазақ халқының қайырымдылық қасиеті елімізді мекен еткен өзге этнос өкілдеріне де ауғанын аңғарамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясына елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіруді тапсырған еді. Осылайша, еліміздегі 140-тан астам этностың басын біріктіріп, татулық пен ынтымақты сақтауды мақсат тұтқан ұйымның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында қайырымдылықты дамыту басты міндеттің біріне айналды. Бүгінгі таңда Ассамблея қайырымдылықпен белсене айналысатын ұйым ретінде танылуда.

Ассамблеяның қайырымдылықпен айналысуы – еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты азаматтық қағидат негізінде нығайтудың бір жолы. Соңғы жылдары еліміздегі этномәдени орталықтар қайырымдылық концерттер, акциялар өткізіп, игі істі кеңінен насихаттауда. Қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды арттыру, қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір жағдайы мен денсаулығына қамқорлықты күшейту мақсатында “Қайырымдылық керуені” ұйымдастырылуда. “Қамқор”, “Жақсылық жаса”, “Ақ гүл” акциялары арқасында мыңдаған көмекке мұқтаж балалар мейірімге бөленді. Түрлі этномәдени орталықтар жыл сайын “Асар” республикалық әлеуметтік тілектестік акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты – қарт адамдар мен ардагерлерге, көмекке мұқтаж жандарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету. Акция барысында азық-түлік қоржындары таратылады. “Асар” дәстүрі тек қазаққа ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанның барлық этностары арасында кең танымалдыққа ие болғанын көреміз. Жылу, сыбаға сияқты қазақ халқына тән әдет-ғұрыптар жаңа мәнге ие болды. Қазақстандағы барша этнос өкілдері асар, жылу секілді қайырымдылық жасау бағытында қолданылатын ұғымды жаппай қолданып, игі істерге жұмылуда. Осылайша, ұлттық ұғымдар еліміздегі барша этнос өкілін жақсылыққа жұмылдыруда. Біртұтас елге, “бір халық, бір ел, бір тағдырдың” басты көрінісі де осы емес пе еді?!
Қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкен-кіші деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ орнауына ерекше назар аударған. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды, “қолы ашықтың – жолы ашық”, деп бекер айтпаса керек. Үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында өңірімізде 600-ден астам қайырымдылық шарасы өткізіліп, 50 747 216 теңгеге көмек көрсетілді. Әсіресе, ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне қаржы жинау мақсатында облыс орталығы мен аудандарда қайырымдылық шараларын өткізу аса маңызды. Мәселен, Достық үйі мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де ауыр сырқатқа шалдыққан Николай Радченконы қолдау үшін концерт, жәрмеңке ұйымдастырылды. Достық үйiнiң алдындағы алаңда Балаларды қорғау күнi өткен “Ақ гүл” қайырымдылық акциясына қаламыздың тұрғындары белсене қатысты. Бірі өз қолдарымен жасалған бұйымдарын сатса, өзгелері оны сатып алып, жеткіншектің еміне қажетті қаржыны жинауға атсалысты.
Тағдырдың сынына ұшыраған Мария Истоминаның еміне қажетті қаржыны жинау үшін де қайырымдылық шарасы өткізілді. Көптің көмегімен жиналған қаржыны анасына тапсырдық.
Халық арасында “Кең болсаң – кем болмайсың” деген аталы сөз бар. Көбіміз күйбің тірлікпен жүріп, қайырымдылық жасауды ұмытып кетіп жатамыз. Қоғамда көптеген жандар тек қаржылай көмекке ғана емес, бәлкім мейірімге, жылы сөзге мұқтаж шығар. Егер бәріміз жақынға көмек көрсету, әлсізге қол ұшын беру, мұқтаждың қажетін өтеу сияқты ұстаныммен өмір сүрсек, онда елдегі береке-бірлікке, тату өмірге өзіндік үлес қосқан болар едік.

Айнұр ӘБІЛТАЕВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының баспасөз хатшысы.
СУРЕТТЕ: “Асар” акциясына орай өткен шарадан көрініс.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp