Азамат Мәуленов – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталық ауруханасының тәжірибелі оташыларының бірі. Ол көптеген науқастың өмірін ажалдан арашалап, алғысқа бөленуде. Қолы жеңіл оташының біліктілігін жоғары бағалайтын көпшілік дертке дауа іздеген сәтте шалғай ауылдардан келіп, көмек беруін өтінеді. Ондай жағдайда білікті маман әрдайым қол ұшын беруден тартынған емес. Жақында ел құрметіне бөленген тәжірибелі дәрігер-оташымен тілдесудің сәті түскен еді.
– “Оташының қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандікіндей айбатты болуы керек” деген сөз бар. Оташы болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Адам өміріне жауапкершілікпен қарау керек. Дәрі беріп, екпе салатын басқа дәрігерлерге қарағанда, хирургия саласының жауапкершілігі өте зор. 2014 жылы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан бері оны тіпті қатты сезіне бастадым.
– Бұл мамандық иесінің өн бойында қандай қасиет пен қабілет болуы керек?
– Оташы кез келген қиын уақытта тез шешім қабылдай біліп, сырқаттың өмірін сақтау жолында бар білімін пайдалануы тиіс. Әрі өз біліктілігін ұдайы жетілдіріп, тәжірибесін жаңа технологиямен ұштастырып отыруы да маңызды. Себебі, ғылым бір орында тұрмайды. Бүгінде арамызда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан білікті оташылар көп. Шеберлік пен біліктілікті әрдайым қатар алып жүрген маман ғана биік белестерді бағындыра алады.
– Өз тәжірибеңізде ота үстінде ғұмыры үзілген адамдар болды ма?
– Өкінішке қарай, ондай қайғылы жағдайлар болып тұрады. Дәрігер сырқатқа өз мүмкіндігі шегінде ғана көмек көрсете алады, ал ажалы келіп тұрса, оған араша түсу мүмкін емес. Әйтсе де, ауыр халде жеткізілген адамды құтқарып қалуға бар күш-жігерімді жұмсауға тырысамын.
– Білуімізше, сіздің бір балаңыз бар. Болашақта ұлыңыздың жолыңызды қуып, дәрігер болғанын қалайсыз ба?
– Иә, отбасын құрғанмын. Зайыбымның есімі – Раушан. Бір балам бар, есімі – Фараби. Болашақта баламның дәрігер-оташы болғанын қалаймын.
– Болашаққа жоспарыңыз қандай?
– Мақсаттар көп. Осы ауданның хирургия саласында жұмыс істеп келе жатқаныма алты жыл болды. Елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа технологиялар енгізіліп, дәрігерлердің біліктілігін жоғарылату мәселесіне баса назар аударылуда. Осыған орай, шетелдегі әріптестеріммен тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмын.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САТЫБАЛДИНА.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.