Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер тәртіп сақшыларының жұмысына да қолғабыс тигізуде. Соңғы жылдары олардың көмегімен із-түзсіз жоғалған 13 адамның жүрген жері анықталып, үйлеріне қайтарылған. Бұл жайлы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен еріктілердің кездесуі барысында айтылды.

Оқушылар сарайында өткен шараны ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев өңіріміздегі еріктілердің белсенділігі артып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосып отырғандарын тілге тиек етті. Өткен жылы облыс мектептері мен колледждерінің 37 мыңнан аса білім алушысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты шараларға қатысқан.
Облыста 224 қоғамдық құрылым жасағы құқық қорғау бағытында жұмыс істейді. Оның бесеуі студенттерден құралған. Соңғы жылдары олардың қатысуымен 3 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Ерікті жастар нашақорлықтың алдын алу жұмыстарынан да тыс қалмай, 400-ден аса наркографиттиді бояп, есірткіге қарсы иммунитетті нығайтуға бағытталған түрлі акцияларды өткізуде полицейлерге қолдау көрсетті.

Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың тыныштығын қамтамасыз етуде, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту және оның салдарын жоюға қатысты маңызды ақпараттарды анықтауда және таратуда барынша көп еріктілерді тарту жоспарда бар екенін атап өтті. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдыру үшін еріктілерге арнап жилет, бейсболка және шарф үлгілері әзірленді. Кездесу соңында екі тарап “WhatsApp” желісінде топ құрып, бірлесіп әрекет ету жөнінде шешім қабылдады. Оның көмегімен жедел ақпарат алмаса алады.
