“Возрождение” әуесқой көгершін өсірушілер клубы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бейбітшілік символы болып табылатын құстың түр-түрін топтастырып, үлкен көрме ұйымдастырды.
Аймақтық көрме Қазақстанның он облысынан және Ресейдің үш өңірінен келген әуесқой көгершін өсірушілердің басын қосты. Аталмыш шараға атсалысқан 70-ке жуық әуесқой өздері өсіріп отырған көгершіндерді сипаттап, екінші жағынан, жұрттан қанаттылардың басқа түрлерін көріп, жақсы әсер, жаңа тұқым алудың мүмкіндігіне ие болды. Өйткені, шара өткен “Түркістан” мейрамханасының алдында сауда-саттық та қызу жүргізілді. Көрмені тамашалауға келген қонақтардың өзі қаншама?!
Көрмеге көгершіндердің 50-ге тарта түрі шоғырландырылыпты. Сәнді, сымбатты, етті деп бөлінетін тұқымдарының өзінің бірнеше түрі әкелінген. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат көгершіндердің өсімділігін арттыру, жастардың қанаттыларға деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын ояту болып табылады. Әлбетте заманның даму үдерісі көгершіндердің маңыздылығын төмендеткені рас. Адамдар өткен ғасырға дейін көгершіннің хабар тасығыш қасиетін жоғары бағалап келді. Бүгінде шетелдерде көгершін өсірушілер өздерінің әуесқойлық әрекеттерін одан әрі жандандырып, құстың алысқа қанат сермегіштігі мен ұшу техникасын қызықтап, арнайы сайыстар өткізіп тұрады. Ал біздегі көгершіндер сымбаттылар тобына жатады.
Бұл құсты әуесқойлық үшін бағудың өзі үлкен қаражатты талап етеді. Десек те, отбасылық бюджеттің бір бөлігіне құс қора салып, сонда көгершін ұстайтын әуесқойлар жетерлік. Петропавл қаласының өзінде-ақ ондай елу шақты адам бар екен. 2006 жылы “Возрождение” әуесқой көгершін өсірушілер клубы құрылып, оған 26 адамның мүшелікке енуінің өзі бұл құсқа қызығушылықтың бар екендігін аңғартады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.