
Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылында тұратын Дәуей Шатырбайұлы отбасымен ұлттық қолөнермен айналысады. Моңғолиядан өңірімізге қоныс аударған өнерлі отбасының отағасы көпшілікке он саусағынан өнер тамған шебер ретінде танылған.
– Әкем бір рудың шебері атанған сыйлы адам еді. Арғы аталарымыз да зергерлік өнермен шұғылданыпты. Бала күнімде әкемнің және ауыл ұсталарының бұйымды жасау технологиясына қызығып, қолөнермен айналысуға асықтым. Он жасқа келгенде әкеме етіктің қалыбын жасауға көмектесіп, қолымнан іс келетінін дәлелдедім. Ауылдастарыма оқтау сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасап беріп, маңайға өнеріммен таныла бастадым”, – деген, Дәуей Шатырбайұлы 45 жыл бойы балаларға еңбек пәнінен сабақ бергенін, ұстаздық жолда ұлттық қолөнерді ұлықтау басты мақсат болғанын айтты. “Ол кезде еңбек пәнінің бағдарламасы сан-салалы болды. Оны игеру оқушы түгіл мұғалімге қиындық тудыратын. Сондықтан бос уақытымда өзім үнемі талпынып, атақты зергерлермен, ағаш шеберлерімен кездесіп, олардан көп нәрсені үйрендім. Өзімнің білетінімді оқушыларыма үйреттім. Кейін еңбегім еленіп, озат ұстаздардың қатарынан көріндім”, – дейді шебер.
Ұстаздықтан бөлек отбасылық қолөнершілер тобын құрып, тері илеп, тон, тымақ тігіп, былғарыдан белбеу жасап, ата-бабадан қалған кәсіпке ұлдарын да баули бастайды. Зайыбы – Сейілхан Тоқырқызы мен қыздары, келіндері де жіп иіріп, терме тоқып, тұскиіз, төсекжапқыш, кимешек сияқты ұлттық киімдерді тігеді. Осылайша, өнерлі отбасы ауылдастарының құрметіне бөленген. Моңғолияда “Отбасылық үлгілі ұстаз – асыл іс иегері” деген төсбелгімен марапатталған.
– Ұстаздық еткен жылдары көптеген шәкірт тәрбиеледім. Олардан қолөнерші, дизайнер, суретші, архитектор шықты. Бұл – менің еңбегімнің жемісі. “Ісмер адам ой-саналы болады” дейді. Шынында да қолөнер адамның қиялын дамытады. Адам ептілікке, шыдамдылыққа, төзімділікке үйренеді. Ол үшін көп еңбектену қажет, – дейді ол.
Көптеген өнер фестивальдары мен көрмелерге қатысып, алтын-күміс медальдарға ие болған Дәуей Шатырбайұлы атамекенге қоныс аударғалы да аудандық, облыстық, республикалық байқауларға барып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Отбасылық музей ашып, ұлттық өнерді насихаттап, көрерменнің зор ықыласына бөленуде. “Мерейлі отбасы” облыстық байқауының жеңімпазы ретінде бұл отбасын көпке үлгі еткен жөн. Бұйым жасауда қашау, пышақтан басқа құралдарды пайдаланбайды. Ол киіз үй мен аң-құс бейнеленген кәдесыйлардың да түр-түрін жасайды. Ағаштан ойған табақ, саптыаяқ, ожау, шелек, тостағандары, теріден жасаған бұйымдары көздің жауын алады. Негізінен ағаш, сүйек, мүйіз, тұяқ, киіз, тері, мыс пен өзге материалдарды пайдаланады. Бұйымдарының бір бөлігін музейге, енді бірін жергілікті мектепке тарту еткен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.