Бүгінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің біріне айналуда. Мамандар шаңырағы шайқалған отбасылардан шыққан, әлімжеттікті көріп өскен балалардың тәртіп бұзуға бейім тұратынын айтады.
Қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын отбасылық зорлық-зомбылық тыйылар емес. Бұған ер-азаматтардың отбасында былапыт сөйлеуі, туғандарын қорлау, кемсіту сияқты әрекеттердің белең алғаны айғақ. Өткен жылы мамандандырылған әкімшілік сотта отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы 200-ден астам әкімшілік іс қаралған, оның шамамен 80 пайызы отбасындағы әлімжеттік салдарынан орын алып отыр. Жұдырық ала жүгірген 50 еркекке қатысты әкімшілік жаза қолданылған.
Жұбайынан қорлық көргендердің бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласының тұрғыны Сәуле Иманбердиева. Ол 5 жыл бойы өз күйеуінен аяусыз соққы көріп келген. Үй иесінің балаларына таяқ ала жүгіргеніне шыдамаған келіншек жергілікті тәртіп сақшыларына шағымданып, көмек сұраған. Бүгінде соттың шешімі бойынша жұбайынан қауіпсіз жерге көшірілген келіншек балаларымен алаңсыз өмір сүруде. Ана мен баланың құқығын қорғау орталығының директоры Алина Орлованың айтуынша, өкінішке қарай, өңірімізде осындай зорлық-зомбылықтан жәбір көріп отырған отбасылардың қатары жыл санап көбейе түсуде. Бірақ белгілі себептермен әйелдер де, отбасында кәмелет жасқа толған балалар да бұл мәселе жөнінде сыртқа тіс жармайды. Өйткені, жәбір көргендер сөзге қалудан қаймығатын көрінеді. “Былтыр біздің орталыққа 15 әйел хабарласып, отбасында жұбайларынан қысым көретінін айтып, бізден жасырын түрде көмек сұрады. Бірінің алты баласы бар. Ауылда тұрады. Кенжесі 3 жаста. Араққа сылқия тойып келген әкесі: “Сендер маған масыл болдыңдар”, – деп аузына келгенін айтып, балаларына таяқ ала жүгіретін көрінеді. Біз шағымданған әйелге полиция органдарына хабарласу жөнінде кеңес бердік. Бірақ ол бұл ұсынысымыздан бас тартты”, – дейді Алина Геннадьевна.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде 308 ана мен сәби зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмған. Мамандардың айтуынша, бұл жалпы кісі өлтіру оқиғаларының үштен бірі көрінеді. Отбасында ойран салып, өз балаларына қоқан-лоқы көрсеткендердің шектен шығып бара жатқанын естігенде, төбе шашымыз тік тұрады. Нұр-Сұлтан қаласында бір жерлесіміздің бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жібергенін естігенде жүрегіміз сыздады. Одан бері де қаншама әйелдің өміріне балта шабылды. Күйеуінің қорлығына шыдап жүргендер қаншама?!
Әйелдер қашан да төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешірімшіл. Отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайларда әйелге тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. “Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде” қалады. Осыны кейбір пасық жандар пайдаланып отырғаны өкінішті-ақ. Зайыбы мен балаларына қоқан-лоқы көрсететін жандар “жабулы қазан жабулы күйінде қалсын” деген пікірді ұстанып, бұған ешкімді араластырмауға тырысады. “Жәбірленуші әлімжеттік көрсететін адаммен үнемі бірге, бір шаңырақтың астында өмір кешеді. Бұзақының қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізетін әйелдер күйзеліске түсіп, өз жарасын өзгелерден жасыруға мәжбүр”, – дейді психолог Рабиға Баймұхаметова.
Ал тәртіп сақшылары атап өткендей, былтыр күш көрсету салдарынан жәбір көрген 12 адамға құқықтық көмек көрсетілген. Соның ішінде жетеуі – кәмелетке толмағандар. Полицейлерді соңғы екі жыл ішінде әлімжеттік оқиғаларының жиілей түскені де алаңдатады. Әйелдерді қолдау орталығының қызметкері Татьяна Усманова алдын алу шараларымен ғана бұл мәселені түп-тамырымен жою мүмкін еместігін алға тартады. Оның пікірінше, жәбір көрген жандар зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінуі тиіс. “Әйелдер шаңырағында болып жатқан жағдай туралы тіс жармайды. Соның кесірінен өзі де, балалары да зардап шегеді. Бұл іспен айналысатын учаскелік полицейлер жәбірленушілердің өз атынан шағым түспесе, жабық есік артындағы жағдайға араласа алмайды”, – дейді маман.
Ерлі-зайыптылар арасындағы кез келген түсінбестік немесе ұрыс-керіс сәбидің психикасына зиян келтіріп, жан дүниесіне жазылмас жара салатынын психолог мамандар да растап отыр.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Коллажды жасаған Талғат ТӘНІБАЕВ.