«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛ СОЗЫМ ЖЕРДЕГІ ҚУАНЫШҚА

Кез келген жоғары оқу орны өзіне менмұндалап шақыратын сұлу ғимараттарымен, кітапханаларымен, жатақханаларымен және спорт кешендерімен ерекшеленеді. Өйткені, мыңдаған түлектің талабын шыңдап, жігерін жанып, кәсіби арнасын кеңейтетін қасиетті қара шаңырақтар білімнің ғана емес, бірінші кезекте тәрбиенің талбесігі іспеттес. Жастарға жасалған түрлі жағдай, студенттерге жайлы қызмет көрсететін кабинеттермен қамтамасыз етілуі олардың жақсы тәрбиемен қатар, сапалы білім алуының негізгі кепілі болып табылады.

Елімізде 180 жоғары оқу орны болса, олардың біразы жүзу бассейнімен қамтамасыз етілген. Дені Алматы және Астана қалаларындағы беделді білім ошақтарында орналасқан. Өзім білім алған елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері өздері оқитын оқу ғимараты жанындағы “Қазақстан” спорт кешеніне барып, дене тәрбиесімен айналысатын. Білімді ұстаздар мен білікті бапкерлердің үйретуімен, бағыт-бағдар көрсетуімен суда жүзуді, су бетінде арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен жасайтын түрлі жаттығуларды бір кісідей үйрендік. Аталмыш университеттің студенттері, тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын бітіріп кеткен түлектері де ара-тұра кездескенде бассейндегі жастарға жасалған жан-жақты жағдайды әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып айтып қалады. Ал осы жағдай біздің өңірімізде қалай шешіліп отыр? Осы мақсатпен университетке арнайы барып, студенттермен жүздесіп, мән-жайды білген едік.  

Қаламыздағы М. Қозыбаев атындағы университет – бүгінде бес мыңға жуық жасты білім нәрімен сусындатып отырған оқу орны. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш білім ұясында 10 мыңнан астам студент дәріс алып, білімін жетілдірсе, қазір өрендердің санының екі есеге күрт кеміп кетуі жанымызға жара салып, қынжылтпай қоймайды. Кезінде білім беру сапасы жағынан елдегі университеттердің алдыңғы қатарлы үздік ондығына кірсе, бүгінде ол көрсеткіш төмендеп кеткені тағы бар. Мұны өңіріміздегі демографиялық жағдаймен қатар, өзге де себептермен түсіндіруге болады.

Жоғарыда атап кеткен Еуразия Ұлттық университетінде жасалған бірлі-жарым жақсы жағдай біздегі оқу орнында да қылаң береді. Оның бірі – университет жанындағы “Жүзу бассейні” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Ол 2008 жылдың желтоқсан айында құрылысы аяқталып, толық пайдаланылуға берілген. Алыстан қараған адамды сыртының көркемдігімен баурап алатын ғимараттың ішкі жағдайымен танысу үшін бассейннің меңгерушісі Қайырбек Мұқановпен сөйлестік. Оның айтуынша, бассейн барлық талаптарға сай көрінеді.

– Университетте оқитын 1-2-курс студенттеріне дене шынықтыру сабағы бекітілген оқу жоспары бойынша жүзу бассейнінде өткізіледі. Ғимаратта әрқайсысы 30 орынға шақталған екі оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, жүзу бассейнінен өзге құрғақ залмен, шайынатын кабиналармен, медициналық кабинеттермен және 28 орындық асханамен қамтамасыз етілген, – дей отыра, бір ауысымда, яғни бір жарым сағатта 120 адамды қабылдай алатындарын айтты. Сондай-ақ, ауысым сайын су сапасының қолданыстағы стандартқа сай келуін, су және бу шығаратын инжекторлардың санитарлық талаптарға сай болуын қатаң қадағалайтындарын жеткізді.

Құрамында 30-ға жуық қызметкер жұмыс істейтін жасанды су айдыны дене шынықтыру сабағы өтілетін аталмыш курстың студенттерінен өзге, 3-4-курстардың талапкерлеріне, сондай-ақ, қала тұрғындарына ақылы қызмет көрсетеді. Өңірдің қалтасы көтеретін кез келген тұрғыны арнайы медициналық тексерістерден өтіп, бассейн әкімшілігінен берілетін арнайы бланкты толтырып, жүзу бассейнін – 600, ал құрғақ залды 300 теңгеге бір жарым сағатқа өз қалауларынша пайдалана алады.

Қайырбек Жоламанұлының айтуынша, жаз айлары және мереке күндерінде келушілердің қарасы көбейіп, ал басқа күндері бассейн орта есеппен 200-250 адамға дейін қабылдайды екен. Сонда сонша адамнан түскен қаражаттың мөлшерін есептей беріңіз. Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес, діттеген ойымыз студенттердің жағдайы болатын. Қала орталығынан ойып тұрып орын алған аты дардай жүзу бассейнінің қалтасы бос студенттер үшін алыстан бұлдыраған сағымға айналып тұрғаны жасырын емес. Онсыз да алатын 17-18 мың теңге шәкіртақысы ішіп-жейтін тамағына жетпей, киім-кешегінен артылмай, бармағын сорып жүрген қара жаяу студенттің бассейнге ат басына теңелетіндей 600 теңге төлеп баратын жағдайын бағамдай беріңіз. Ал ақылы оқитындар ше? Жылына 350-500 мың теңге оқу ақысына төлесе, күнделікті шығынына ай сайын жалдап тұратын пәтерақысын қосыңыз. Осы тұста бассейнді ақылы ғана пайдалана алатын студенттерді әңгімеге тартып көрген едік. 3-курс студенті Әйгерім Сайрағанова ақылы бассейнде жүзбек түгіл, оның ішіне бас сұқпағалы 5-6 айдың жүзі болғанын айтады.

– Өзім ақылы бөлімде оқимын. Ата-анамның ай сайын жіберетін азын-аулақ ақшасы тамағыма әрең жетеді. Бассейнге барып, бос уақытымда саламатты өмір салтын ұстанғым-ақ келеді. Бірақ мен үшін тым қымбат. Студенттерге, біздерге арнап салынған соң тегін болса немесе пайыздық жеңілдіктер қарастырылса екен, – дейді.

Ал 4-курс студенті Назгүл Жанұзақова:

– Бассейнге бару менің ғана емес, мен сияқты өзге де студенттердің арманы десем, қателеспейтін шығармын. Өйткені, өзім қатарлас құрбыларым мен достарым кітап оқып, шаршаған уақытта бір жерге барып, сергіп, демалғың келеді. Алатын шәкіртақымызға бассейнге барамыз ба, әлде киім аламыз ба немесе ой-өрісімізді дамытатын кітап сатып аламыз ба? – дейді.

Саламатты өмір салтын ұстануды ұзақ әрі қалыпты өмір сүрудің негізі деп санайтын қаламыздың тұрғыны Уәлихан Данияров жұмыстан қолы қалт еткенде университет жанындағы жүзу бассейніне барып демалатынын, ондағы тұтынушыларға жасалған жағдайды айтты.

– Алғашында ауысымдық бағасы қымбаттау болса да, қаламыздағы “Нептун” аквапаркіне баратынмын. Кейін университет бассейнін пайдаланатын болдым, – дейді Уәлихан.

Түйін сөз: “Жастардың кейбірі теріс жолда жүр. Ішімдік пен есірткіге әуестеніп барады” деп дабыл қаққанымызбен, оларға іс жүзінде нендей жанашырлық жасап жүрміз?

Бос уақыттарын тиімді өткізу үшін қол созым жердегі қуанышқа қолдары жетпей жүрсе, қайтпек?

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp