Осы жылғы 27 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты қолдап қол қою парақтарын берудің және қолдардың растығын тексерудің мерзімдерін қысқарту туралы шешім қабылдаған болатын.
«2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатты қолдап қол қою парақтарын берудің және қолдардың растығын тексерудің мерзімдерін қысқарту туралы» ҚР ОСК 2015 жылғы 27 ақпандағы №6/266 қаулысына сәйкес қол қою парақтарын Ортсайлауком кандидаттың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін екі күнтізбелік күннің ішінде береді. Осыған дейін аталған рәсімге бес күн берілетін. Сондай-ақ, аумақтық сайлау комиссияларының кандидатты қолдайтын қолдардың растығын тексеру мерзімі он күннен бес күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Сайлау комиссияларының аталған сайлау рәсімдерін жүзеге асыру мерзімдерін қысқарту туралы шешімді Ортсайлауком тек кандидаттардың мүдделеріне сай қабылдады және бұл олар үшін ортақ уақыт ресурстарын ұлғайтады. * * * Қазірдің өзінде жүзге жуық шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Қазақстан Республикасының президенттік сайлауына байқау жүргізе алады. «Қазіргі кезде біз еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, халықаралық байқаушылар институтын аштық, – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев осы жөнінде. – Халықаралық байқаушылардың басым бөлігі бүгінде құжаттарын рәсімдеу үстінде». ОСК мүшесінің айтуынша, Сыртқы істер министрлігі деңгейінде аккредиттелген шамамен 100-ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері бар. Тиісті заңнамаға сәйкес, бұл журналистер елімізде аккредиттелгендіктен, олар қазірдің өзінде президенттік сайлау барысын халықаралық деңгейде байқауға кірісе алады. «Ал Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ, ТМД жүйесі арқылы келетін байқаушыларды тіркейді», – деді ол.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».