«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ

Тәуелсіз елдің 20 жылдық шежіресінде тарихи сәттердің басы-қасында ел болашағын айқындайтын шешімдерді көрегендікпен қабылдап, қадамын тәй-тәй басқан жас мемлекетті тура жолға бастай білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан елінің бағына туған зор тұлға.

Азамат ШӘРІПОВ,

“Жас Отан” жастар қанатының

атқарушы хатшысы.

Бір қарағанда, жиырма жыл тым аз да, тым көп те мерзім емес. Бірақ тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқанымызбен, дер­бес елдің экономикасын өркендету, әлемдік бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер шығарып, жоғары дамыған елдерге бәсекелес болу оңай еместігін де білеміз. Халқының сеніміне ие болған Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруда тарихи ұлы істер атқарды. Елдің келешегі үшін ерен еңбек сіңірді. Мұны тек қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрт­шылығы мойындап отыр.

 

Өзінің сарабдал саясатының арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеп, Қазақстанның әлемдік саясат аренасында лайықты орын алуына қол жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда жастар мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда елімізде жастар мәселелерін шешу жолында көптеген бастамалар мен бағдарламалар қолға алынды. Бұл құжаттар жастар мен еліміздің жас жеткіншектеріне бағытталған. Жас қазақстандықтарға әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында тегін білім алуына мүмкіндік беретін “Болашақ” бағдарламасы, жазғы уақытта жастарға жұмыс беріп, елімізді жасыл желекке айналдырып, көгалдандыратын, жастарды еңбекке баулитын “Жасыл ел”, 2009 жылдан бастап жүзеге асырылып отырған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламаларының алар орны ерекше. Бүгінгі таңда облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдар медицина, білім беру, спорт, мәдениет салаларының мамандарын қажет етеді. Аталмыш бағдарламалардың арқасында ауылдарға жұмысқа орналасқан жастар мемлекеттің үлкен қолдауына ие болуда. Олар баспана алуға жеңілдетілген несиемен қатар еңбекақыға 25% қосымша төлемақыға қол жеткізуде.

“Жастар тәжірибесі” бағдарламасының арқасында жоғары және орта оқу орындарының түлектері мемлекеттік органдар мекемелерінде, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс тәжірибесінен өту және еңбекақы алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Мен қарашаның 16-сы күні “Арман! Еңбек! Сенім!” ұранымен өткен “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезіне Солтүстік Қазақстан облысынан делегат болу құрметіне ие болдым. Мыңдаған жастардың басын қосқан алқалы жиында республикамыздағы жастар саясатын дамытуға басты серпін беретін 2020 жылға дейінгі “Жастар – Отанға!” стратегиясы қабылданды. Көшбасшымыз атап өткендей, соңғы жеті жылда жастар саясатындағы жобаларды қаржыландыру 10 есеге өскен. Биылғы жылдың өзінде жас мамандарға қолдау көрсету мен оларды баспанамен қамтамасыз етуге бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінген.

Бұл күні Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған делегаттар 2020 жылға дейінгі жастар саясатының тактикасы мен стратегиясын талқылады. Тоғыз мыңнан аса адам, соның ішінде шетелдік қонақтар да еліміздегі жастар қозғалысының жаңа кезеңінің басталу сәтінің куәсі болды. Елбасымыз бүгінгі таңда жас қазақстандықтар ел өміріне белсенді араласуда, ал “Жас Отан” жастар қанаты болса еліміздегі ең бір ауқымды да абыройлы жастар ұйымы екенін атап өтті. Бұл ұйым республикамыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы арқылы ел дамуына атсалысып келеді. Біздің елімізде жастар саясатын дамытуда қол жеткізген жетістіктермен қатар, жастардың белсенді қатысуымен жасалар жұмыстар да біршама. Сондықтан Елбасы мақұлдаған “Жас Отан” жастар қанатының 2020 жылға дейінгі қабылданған жаңа стратегиясы жастар мәселелерін шешуде жаңа мүмкіндік туғызып отыр.

Біздің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жалынды жастарымыз тәуелсіз еліміздің дамуына өздерінің зор үлестерін қосады деген сенімдемін. Ел болашағы – жастар өз Президентін мақтан тұтады және оның салиқалы да сындарлы саясатына, біздерге, жастарға деген ықылас-ниетіне ризашылығымызды білдіреміз.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp