
Облыстық әкімдіктің қолдауымен және өңірлік қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған “Қонақжай Петропавл – 2016” байқауы өз мәресіне жетіп, үздіктер марапатталды.
Жиырма бес аталым бойынша облыс орталығының 65 ұжымы сынға түскен шараның ерекшелігі – жеңімпаз дәмханалар мен мейрамханалар “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне жолдама алады.
Осыдан бір ай бұрын басталған байқау мейрамхана, қонақүй, банк, кинотеатр және туристік фирмалардың қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталды. Ең алдымен, арнайы комиссия құрылып, сайысқа қатысушылардың қызмет көрсетуіне және нысандардың ішкі безендірілуіне баға берілді. Ал екінші кезеңде интернет арқылы дауыс беру жүргізіліп, 20 мыңға жуық қызылжарлық өз таңдауларын жасады.
Байқау қорытындысы бойынша “CITY Travel” фирмасы, “Форте Банк” АҚ-ның филиалы, “Мираж” мейрамханасы, “Пиццоли” дәмханасы, “GREEN Wich Hotel” қонақүй кешені, “Плазма” түнгі клубы, “Green Park” демалыс аймағы, “Студия флористики Елены Романовой” флористика студиясы жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықтармен, бағалы заттармен, дипломдармен марапатталды.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.