«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОНАҚ КЕЛСЕ — ҚҰТ

Қонақүй – туризмді дамытудың маңызды бір бөлігі. Тамырын тереңнен бастайтын бұл бизнес түрі соңғы жылдары біздің өңірімізде де қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда облысымызда 53 мейманхана бар. Үстіміздегі жылдың қараша айында өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында Петропавл қаласындағы қонақүйлерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Қонақүйлердің саны артқанымен, сапалы қызмет көрсете алатындары әлі де саусақпен санарлықтай. Осы орайда төрт жұлдызды “Green Which Hotel” қонақүй экокешенін атап айтуға болады. 2016 жылы ашылған демалыс орны осы талаптар үдесінен шыға алады.

Кешеннің бас менеджері Дәурен Қадыровтың айтуынша, қонақүйде тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мәселесіне басымдық берілген.

– Қонақүйдің басты табыс көзі – турист болғандықтан, мұндағы қызметтердің сапасы әлемдік деңгейге сай болуы қажет. Тек сонда ғана қонақүй саласы өркендеп, өз дамуын одан әрі жалғастырады. Тұтынушыларға тек жатар орын мен тамақтандыру қызметтерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар көлік, байланыс, ойын-сауық, экскурсиялық, медициналық, спорттық, сұлулық салондары мен, т.б. қызмет түрлерін көрсете білуі қажет. Біз бұл қызметтердің бірқатарын қолға алдық. Себебі, кез келген қонақүйдің тиімді жұмыс істеуі, оның көрсететін қызмет сапасына байланысты екенін жақсы түсінеміз, – дейді Дәурен Марданұлы.

Бас менеджердің айтуынша, бөлмелердегі фен, салқындатқыш, телефон, теледидар, сейф, шағын бар және тағы басқаларын былай қойғанда, мұнда талғамы жоғары тұтынушының көңілінен шығатын қызметтер бар. Атап айтқанда, еуропалық тағамдар әзірлейтін мейрамхана, бассейн, заманауи тіркеу залы, қызмет көрсету орталығы. Негізгі ас мәзіріне де талғамы жоғары тұтынушылар дән риза. Бұл жерде кез келген тағамдар мен сусындарға тәулік бойы тапсырыс беруге болатын “Room service” қызметі іске қосылған. Үш мәжіліс залы және екі “VIP” бөлмеде әртүрлі деңгейдегі жиындар, конференциялар, семинарлар, шеберлік сыныптары мен басқа да шаралар өткізуге болады.

Қонақүйдегі 43 қызметкердің басым бөлігі қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Келген шетелдік меймандармен емін-еркін тілдесе алады. Он төрт жылдан бері бұл салада жұмыс істеп келе жатқан Дәурен Қадыровтың сөзіне қарағанда, демалыс нысанында қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Көпшілігіміз бұған дейін тек Голливудтың киноларынан көретін швейцарды осы жерде кездестіруге болады. Біздің менталитетімізге жат болса да, әлемдік мейманханалардың айнымас бөлігіне айналған бұл маман қонақтарды қарсы алу, шығарып салу, олардың жүктерін бөлмеге жеткізу және туындайтын басқа да сұрақтарға жауап беру сияқты қызмет түрлерін көрсетеді.

– Қонақүй ашылғаннан бері қонақтарды қаланың кез келген жерінен, атап айтқанда, темір жол вокзалынан, әуежайдан қарсы алатын және шығарып салатын қызмет түрі жүзеге асырылуда. Бұл қызмет сұранысқа ие екендігі айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, мейманхана бөлмелеріне онлайн тапсырыс беру және тіркеу қызметі көрсетіледі. Бұл қызмет түрі қаладағы барлық қонақүйлерде бар деп айта алмаймын. Сондықтан да біздің кешеніміз қала қонақтары арасында танымалдыққа ие, – дейді қонақүй экокешеннің бас менеджері.

Айтса айтқандай, осындай сапалы қызметтердің қолға алынуының нәтижесінде өңірімізге іссапармен келіп жүрген Роза Рымбаева, Нұрлан Абдуллин, Валерий Леонтьев, Сергей Лазарев, бастаған Қазақстан мен Ресейдің өнер жұлдыздары қонақүй кешенінің тұрақты меймандарына айналған.

Заманауи қонақүй экокешенінің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2016 және 2017 жылдары мейманхана бөлмелеріне алдын ала тапсырыс беру және тіркелу қызметін көрсететін www. booking.com cайтының “Guest Review Awards” жүлдесінің иегері атанған. Мұның өзі аталмыш қонақүйдегі қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.

Өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Петропавл қаласына бір мыңнан астам мейман келеді деп күтілуде. “Green Which Hotel” қонақүй экокешені туризм саласының дамуына серпін беретін маңызды шараға келетін қонақтарды қабылдауға дайын.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp