Соңғы жылдары облыс орталығында құрылыс жұмыстарының қарқыны артып, түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. “Нұрлы жер” бағдарламасының аясында жыл сайын мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Бұрнағы күні “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы журналистерге арнап баспасөз турын ұйымдастырып, жаңа нысандардың құрылысымен таныстырды.
Баспасөз турына қатысушылар алдымен, “Береке” шағынауданына барып, 75 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл жұмыстарды “Альфа-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс жұмыстары “Бәйтерек Девелопмент” акционерлік қоғамының қаржысы арқылы атқарылуда. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ауланы абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Құрылысшылардың айтуынша, жыл соңына дейін пәтерлерге газ, телефон тартылады, су құбырлары және кәріз жүйесі орнатылып, жылумен жабдықталады.
– Бұл нысандардың жанынан 75 және 80 пәтерлік екі тұрғын үй бой көтереді. Тағы 128 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысының жоспары әзірленуде. Қазбек Байболов көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлердің барлығы сүріліп, алты 100 пәтерлік жаңа баспана салынатын болады. Жоспарға сәйкес “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйлердің артында жасанды тоған салмақ. Ал Гастелло көшесі, 52-үй мекенжайының алдындағы жер үйлер сүріліп, орнына аурухана бой көтеретін болады. Гастелло көшесі, 50-үй мен жеке тұрғын үйлердің арасында және Малая көшесінің бойынан шағын бақ салынады, – деді Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрболат Мужикенов.
Журналистер барған келесі нысан – Жуков көшесінің бойындағы ірі панельді тұрғын үйдің құрылысы. Жауапты мердігер “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақында абаттандыру жұмыстарын аяқтайды. Енді инженерлік жүйелерді тартуға кіріспекші. Қыркүйек айының соңында баспана пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша “Жас өркен” шағынауданында да бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олар биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылдың күз мезгілінде пайдалануға берілмек.
“Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының бөлім басшысы Әмір Нұрмұқанов “Нұрлы жер” бағдарламасына қатысуға ниет танытқан солтүстікқазақстандықтардың банкте 20 пайыздық бастапқы жарна жиналған есепшоты болуы керек екенін айтты.
– Мәселен, бір бөлмелі пәтердің орташа құны 5,5 млн. теңгені құрайды. Сәйкесінше, бастапқы жарнаны төлеу үшін банктегі есепшотта 1,1 млн. теңге болуы тиіс. Бір айта кетерлігі, бағдарлама бойынша жаңа баспаналардың елу пайызы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілсе, қалғаны банк салымшыларының арасында өзара бөлінеді. Үстіміздегі жылы банктің алғашқы 153 салымшысы баспана алып, қоныстойын тойлайды. “Береке” шағынауданындағы 75 пәтерлік және Жуков көшесі, 34-үй мекенжайындағы 78 пәтерлік тұрғын үй бойынша өтініштер 18 қыркүйекке дейін қабылданады. Пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 140 мың теңгені құрайды, – деді Әмір Қизатұлы.
Қаржы институты өкілдерінің айтуынша, бұл нысандар туралы толық ақпаратты www.baspana.kz сайтынан алуға болады. Пәтерді таңдау ыңғайлы әрі баспаналарды бөлу үрдісі ашық болуы үшін арнайы әзірленген портал арқылы баспана алуға үміткер адам ұнаған пәтерін таңдап, сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады. Пулға жоғары ұпай жинаған адамдар енеді. Ал ұпай саны есепшоттың ашылу мерзімі мен толықтыру барысы бойынша есептелінеді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.