“Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысуға өтініш берген 156 солтүстікқазақстандық отбасының 91-і баспаналы болды.
Көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған бағдарлама үстіміздегі жылдың 15 шілдесінен бастап жүзеге асырылып жатыр. Өтініш берушілер құны 10 млн. теңгеге дейінгі пәтерді ипотекалық несие арқылы 2 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 50 млрд. теңге бөлінген. Біздің өңірімізде 1 млрд. 426 млн. теңгеге 156 өтініш қабылданса, солардың 153-і оң жауап алып, жартысынан көбі қоныс тойын тойлауда. Солардың бірі – көп балалы ана Айгүл Тұяқбаева – Аққайың ауданының бұрынғы тұрғыны.
– Қалада біраз уақыт бойы пәтер жалдап тұрып келдік. Бірде “Бақытты отбасы” бағдарламасы жайында естіп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлеріне жолықтым. Үйге өтініш жазуым үшін ауылдан жолдама әкелуім ғана қажет болды. Сөйтіп, ипотекалық несие рәсімдедік, – дейді қала тұрғыны.
Шілде айынан бері жергілікті әкімдік көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 200 отбасыға бағдарламаға қатысу үшін жолдама берген. “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, келесі жылы “Бақытты отбасы” бағдарламасына бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылмақ. Сондықтан қолжетімді баспанадан үмітті тұрғындардың құжат жинап, несиеге өтігіш жазу мүмкіндіктері бар.